Шымкент – инвестиция салуға тартымды қала

Среда, 31 Январь 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 300 раз

Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін, экономика саласында көптеген өзгерістер болды. Соңғы жылдары инвестиция тарту бойынша қала республикада көш басында келеді. Шаһарға өткен жылы 724,3 млрд теңгеге инвестиция тартылып, 2022 жылмен салыстырғанда 126 пайызға артты. Бұл сүйсінерлік жайт. Осы мәселе жөнінде Шымкенттің бүгінгі инвестиция тартудағы әлеуеті туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Біржан ӘЗІМБЕРДИЕВ толығырақ айтып өтті.

industria

 

– Өткен жылы басқармаға 7 нысаналы кәсіпкерлікті дамыту бағыты белгіленген болатын. Әр бағыттағы даму индикаторы жоспардан артық орындалды. Мысалы, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2023 жылы 919,0 млрд теңгені құрады. Индикатор 19,8%-ға артығымен орындалды. Биыл салада 800 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, Яғни 2023 жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. (Жылдық жоспар – 767 млрд. теңге). Ол үшін 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,6 трлн теңгеге 224 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Онда жаңа 33 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Бес жылға арналған жоспар бойынша өткен жылы құны 102 млрд теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 357 жаңа жұмыс орны ашылғанын атап өткізіміз келеді. Биыл 52 инвестициялық жоба іске қосылса, 5 432 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады деген жоспарымыз бар.

industria-1


Өңдеу өнеркәсібі саласында да ілгерілеушілік байқалады. 2023-2027 жылдары 320,4 млрд теңгеге 9,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 103 инвестициялық жоба пулы жасалды. Оның ішінде, 2023 жылы іске қосылған 14 инвестициялық жоба бойынша 633 жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы межеде 1 772 жаңа жұмыс орнын құрумен 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қала аумағында жалпы аумағы 869 га құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда аталған аймақтарда 330,9 млрд. теңгеге 344 жоба іске асырылуда, – деді басқарма басшысы Біржан Қанатұлы.

Индустриалды аймақтар – өнеркәсіп тірегі

Бүгінде шаһарда өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 869 өнеркәсіптік кәсіпорын болса, оның 22-і ірі, 45-і орта және 802-і – шағын өндірістер. 2023 жылы өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің көлемі 1 051,0 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 2,7%-ға артқан. Атап айтқанда:
«ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында 101,4 млрд теңгеге 3 мың жаңа жұмыс орнымен 96 жоба іске асырылуда. Осы уақытқа дейін онда 78 жоба іске қосылып, 2,7 мың жұмыс орны ашылған. Тың жобалардың арасындағы «Shymkent Temir» - болат блюм өндірісі зауытын айтуға болады. Мұнан бөлек, «ФерросплавСталь» түсті металл бұйымдарын құюға арналған кішігірім зауыт іске қосылды. Биыл 547 млрд теңгеге 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, олар – «Easy Pack» полиэтилен өнімдерін өндіру, «Бумпром» – ПКС маркалы картон өндірісі жобасы.
Ал «ТАССАЙ» индустриялық аймағында 50,7 млрд теңгеге 2,6 мың жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Өткен жылы жалпы құны 43,4 млрд теңгені құрайтын 30 жоба іске қосылып, онда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Олар «HYDROGEN ENERGY» – сутегі тотығын өндіру, «Balabi textile» – шұлық бұйымдары өндірісін кеңейту, «Marvik Partners» – тоқыма емес материалдар өндірісі, «Cleans Fabric» – ылғалды майлықтар өндіру, «Nappa.kz» ЖШС – аяқ киім өндірісі зауыттары іске қосылған.
«ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағында инвестициялық құны 167 млрд теңгені құрайтын, 4762 жаңа жұмыс орнымен қамтитын 51 жоба жұмыс істеп тұр. Индустриалды аумақ 306 гектар жерді алып жатыр. Аталған аймақта жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайтын 16 жоба құрылыс жұмыстарын бастаған. Өткен жылы инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын, 125 жаңа жұмыс орнымен 2 жоба іске қосылған. Олар – «Юг PLASTIC KZ» ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарлары жүйесін өндіру, «Юг Oil Pro» мұнай жол битумын қабылдау, сақтау және асфальт өндіру жөніндегі база. Биыл бұл аумақта 44,3 млрд теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Басқарма басшысының айтуынша, индустриалды аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 70 пайызға аяқталған.
«БОЗАРЫҚ» индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 га құрайды. Аймақта 49,6 млрд теңгеге 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 25 жобалар пулы әзірленді. Қазіргі таңда, жалпы құны 23,8 млрд теңгені құрайтын 4 жоба орналастырылды. Индустриялық аймақтың негізгі мақсаты тамақ өнеркәсібін өңдейтін, импорт алмастыратын жобаларды қолдау. Бүгінде, аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 80 пайызға аяқталды.
«STANDARD» жеке индустриалды аймағының жалпы аумағы 118 га жерді алып жатыр. Бүгінгі таңда аталған аймақтың 1-кезеңінің құрылыс жұмыстарының 20 пайызы аяқталған. Онда шағын және орта бизнес өкілдері үшін жалға берілетін 25 өндірістік парк орналастырылмақ.
Инвестиция әлеуетін арттыру мен дамыту бір күндік жұмыс емес. Бұл –мемлекет пен ірі кәсіпкерлердің жоспарлы және стратегиялық қызметі болуы тиіс екенін жете түсіну қажет. Осы орайда еліміздің ұстанып отырған саясаты мен инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайлар – инвестициялық тартымдылықты сақтауға, дамытуға барлық мүмкіндікті ашады. Шымкенттің орналасу орнының инвестиция тартуға стратегиялық тұрғыдан оңтайлы болып қана қоймай бай шикізат базасы негізінде өзінің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін көрсетіп келе жатқандығын сеніммен айта аламыз.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.