ТАРИФТЕР ЕСЕБІНЕН КОММУНАЛДЫҚ ЖЕЛІЛЕР ЖӨНДЕЛЕДІ Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 146 раз

Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті 5 базалық табиғи монополия субьектісінің қызметін реттейді. Қазіргі таңда 5 ірі табиғи монополия субъектісінің («Су құбыры және канализация» МКК, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС, «3-Энергоорталық» АҚ, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ) заң талабына сәйкес, 5 жылдық тарифтері бекітілген. Биыл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында желілердің тозу деңгейін төмендету бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда.

tarif-31

 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу қажеттілігін және желілер мен қуаттардың тозу деңгейін кем дегенде 15 пайызға төмендетуді тапсырған болатын. Бұл шаралар табиғи монополиялар субектілерінің қосымша инвестициялар тартуын көздейді.
Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаевтың айтуынша, бүгінде қалада инженерлік-инфрақұрылымның тозу деңгейі үш тәуекел тобына бөлінген. «Қызыл» аймақ (65 пайыздан жоғары тозу), «сары» аймақ (тозу көрсеткіші 55-65 пайыз) және «жасыл» аймақтағы (тозуы 55 пайыздан төмен) кәсіпорындар тарапынан желілердің тозуын төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Желілердің тозу деңгейі жоғары «қызыл» аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тарту басым тәртіппен жүзеге асырылады. «Сары» және «жасыл» аймақтардағы кәсіпорындар үшін 2023 жылы жөндеу жұмыстары бекітілген инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жоспарлы режимде атқарылды.
– Жылумен жабдықтау саласында тозу деңгейі «3-Энергоорталық» АҚ-да – 57,7 пайыз, «Қуатжылуорталық-3» МКК-да 40,09 пайызды құрайды. 2024 жылы жылу өндіру кәсіпорнының («3-Энергоорталық» АҚ) тозу деңгейі 57,7 пайыздан 55,2 пайызға дейін төмендеуі күтілуде. Сумен жабдықтау саласында («Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС) тозу деңгейі – 60,0 пайыз. Бұл салаға 2024 жылы 1,35 млрд теңге инвестицияланады. Ал су бұру саласында тозу деңгейі – 76,15 пайыз. Су бұру саласына «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы 3,3 млрд теңге көлемінде қосымша инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Биыл 11,93 шақырым желіні жөндеу есебінен су бұру желілерінің тозуы 76,15 пайыздан 75,13 пайызға дейін төмендеуі көзделуде, – дейді департамент басшысы.

tarif-30


«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында табиғи монополияларды реттеу департаментіне және қала әкімдігіне желілер мен құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама соммасын ұлғайтуға өтініш берген. Яғни, сумен жабдықтау қызметі және су бұру қызметі бойынша 2024 және 2025 жылдарға негізгі құралдардың тозуын азайту бағытында қосымша инвестиция жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған мекеменің инвестициялық бағдарламаны бекітуге ұсынған өтініші департаментте қаралып жатыр.
Жалпы айтқанда, 5 негізгі ірі табиғи монополия субьектісі қазіргі уақытта инвестициялық бағдарламаларын жоспарға сай орындауда.
2024 жылы аймақтағы экономикалық қызмет түрлері бойынша бір жұмысшының орташа номиналды жалақысының өзгеруі жағдайында статистика мәліметтеріне сәйкес, табиғи монополия субъектілері қолданыстағы тарифті өзгертуге өтінішпен шыға алатынын атап өткен жөн.
Бұл ретте тарифтерді белгілеу процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін департамент қоғамдық тыңдау және аймақтық комиссияның отырыстарын өткізеді. Атап айтқанда, тарифтік және тарифтік сметаларды бекіту кезінде жоба тұтынушылармен талқыланып, инвестициялық бағдарламалардың жобалары және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларға енгізілген өзгерістер зерделенеді, бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептері тыңдалады.

tarif-32


Сонымен қатар, департамент бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысын визуалды (көзбен шолып шығу) тексеру үшін қоғамдық ұйымдар және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен пресс-турлар өткізеді. Қалада тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жария тыңдау, өңірлік комиссия отырысы жоспарға сай ұйымдастырылып келеді.
Айта кетсек, «3-Энергоорталық» АҚ-да 2023 жылы өндірістік персоналдың жалақы деңгейі 25 пайызға (113,6-дан 142,03 мың теңгеге дейін), «Қуатжылуорталық-3» МКК-да өндірістік персоналдың жалақы денгейі 22,46 пайызға (97,07-ден 118,87 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.
Ал «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС өткен жылы өндірістік персоналдың жалақы деңгейін 20,18 пайызға (114-тен 137,5 мың теңгеге дейін), «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ өндірістік персоналдың жалақы деңгейін 52,6 пайызға (133,6-дан 204 мың теңгеге дейін) көтерді.
Қазіргі уақытта коммуналдық салада жалақының төмен болуына байланысты білікті жұмысшылардың тапшылығы (слесарь, электромеханик, инженер және т.б.,) байқалады. Сол себептен табиғи монополия субьектісінің жұмысшылардың жалақыларын жоғарылату есебінен тарифті өзгерту бойынша өтінімдері де зерделенуде.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.