«ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІ ҚОЛДАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕМІЗ» Избранное

Среда, 03 Апрель 2024 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 267 раз

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Министр іссапар аясында индустриалды аймақтардағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады.

Minis

 

Қ.Шарлапаев «Тассай» индустриалды аймағындағы «Asia Trafo» ЖШС-нің жұмысымен танысты. «Asia Trafo» – отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 12 мың МВА-дан жоғары және 120 трансформатор шығаруға қауқарлы.
2019 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпорын басшылары алда жұмысшылар санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар. Өндіріс Швейцария мен Германияның жетекші еуропалық өндірушілерінің заманауи жабдықтарымен жабдықталған және өнімдер барлық еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Сонымен қатар, зауыт Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ сынақ зертханасын пайдалануға берді.
«Asia Trafo» кәсіпорны трансформатор өндірісін 500 кВ-қа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Аталған зауыт елімізде бірінші болып трансформаторлардың осы желісін шығарып, оның инновациялық әлеуетін көрсетуде.
Министр өндіріс орнының сынақ зертханасын, дәнекерлеу-дайындау цехын аралап көрді. Кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, осындай кәсіпорындардың көбеюі мегаполис экономикасының дамуына жол ашатынын атап өтті. Қ.Шарлапаев кәсіпорынның алда кеңею бойынша бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді.
– Біздің басты мақсатымыз – отандық кәсіпорындардың жағдайын зерделеп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Шымкент қаласының индустриалдық үлкен әлеуеті бар. Ендігі ретте осы үлесті арттыру үшін отандық өндірушілерді қолдауымыз керек. Қазіргі таңда квазимемлекеттік компаниялар тарапынан кәсіпорынмен ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасауды қолға аламыз. «Asia Trafo» ЖШС – заманауи, жоғары технологиялармен жабдықталған еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар осы жерден өнім алу керек. Алда квазимемлекеттік компанияларға осындай отандық өнім өндірушілермен жұмыс істеу үшін тапсырма беріледі. Яғни, өзіміздің кәсіпорындарды қолдау үшін министрліктің бұйрығы және Үкіметтің шешімі де қабылданады, – деді
Қ.Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, елімізде импорттық трансформаторлар да бар. Дегенмен олардың сапасы төмен. Біздегі климатқа сәйкес келмейтіндері ішкі нарықта жүр. Ендігі ретте сапасы жоғары, технологиялық құжаттары біздің ауа-райына сәйкестендірілген, эксплуатацияға арналған трансформаторлар алу қажет. Қазіргі таңда осы мәселені шешу бойынша Сауда және интеграция министрлігімен бірлесе жұмыс атқарылмақ. Атап айтқанда, сапасы төмен трансформаторларға мемлекет тарапынан сертификациялау, зертхана талдаулары жасалуы тиіс. Бүгінде еліміз бойынша әкелінген сапасы төмен трансформаторларды осы зауытта жөндеп жатыр.
Сонымен қатар, министр «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Wan Sheng Ceramics» ЖШС зауытының құрылысымен танысты. «Wan Sheng Ceramics» ЖШС — Орталық Азиядағы фарфор бұйымдар шығаратын ірі зауыт. Министрліктің көмегімен инвесторға құрылыс үшін 32 гектар жер учаскесін бөлуге қолдау көрсетілген. Министр зауыттың Орталық Азиядағы фарфор бұйымдар өндіруші ең ірі кәсіпорындардың бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Зауыт өнімдері елдегі қажеттіліктің 34% -н жабады деп күтілуде.
Ведомство басшысы «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан «AZALA Textile» тоқыма фабрикасына барды. Мұнда шикізатты өңдеуден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар жоба жүзеге асырылуда. Жобаның құны 4 992 млн. теңгені құрайды, бұл кәсіпорында 494 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Министр өндірістік желілерді аралап, технологиялық үдеріспен танысып,кәсіпорын басшылығы мен жұмысшыларымен әңгімелесті. Сапар қорытындысы бойынша Өнеркәсіп комитетіне ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін маталарды жеткізу бойынша кәсіпорынмен ұзақ мерзімді офтейк келісімшарттарын жасасу мәселесін пысықтап, жүктемені арттыруды тапсырды.
Жұмыс сапары аясында Қанат Бисимбайұлы қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары мен құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, азаматтардың сауалдарына жауап берді.
Жиында, негізінен, тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үй нысандары құрылысының көлемі мен сапасы, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар, өнеркәсіп кәсіпорындарының проблемалары сөз болды. Кәсіпкерлер министрден жеңіл өнеркәсіп, қосалқы бөлшектер, электр жабдықтарын және т.б. шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсетуді сұрады.
Қанат Шарлапаев Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпті қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында министрліктің «Индустриялық саясат туралы» ҚР Заңына өндіруші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету туралы шарттар жасасу міндеттемесі бойынша түзетулер әзірлегенін айтты.
Министр құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жаңадан әзірленіп жатқан тұрғын үй бағдарламасына жұмысшы жастардың қатысу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік тұрғын үйдің сапасына қатысты шағым көп. Бұл бағытта сапаны арттыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Қ.Шарлапаев жыл соңына дейін елімізде 18 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын мәлімдеді.
Министр іссапарда сала басшыларымен бірге жүргенін, жергілікті азаматтардың мәселелерін мұқият тыңдаудың маңызы зор екенін, мәселелер кешенді түрде шешілетінін айтты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.