Жұмыс берушілерді тікелей қатыстыра отырып, бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы түлектердің қолайлы жұмыс орнын табуына мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған жиынға келген студенттердің қатары қалың болды.
– Университетімізде дәстүрлі шараға айналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі студенттерге кең мүмкіндік береді. Өйткені әрбір компания жайында толық ақпарат алып, бос жұмыс орны туралы мәліметтермен таныса алады. Біздің мақсатымыз – кадр даярлау ғана емес, жас мамандардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету. Өйткені жастар жұмыссыз қалмауы керек. М.Әуезов университетінің 80 жылдық тарихында 240 мыңнан аса түлекке диплом табысталды. Қазіргі кезде түлектеріміз алыс-жақын 25 шет мемлекетте қызмет етуде. Биыл бітірген студенттердің де көрсеткіші жаман емес. 5043 түлек бакалавр, 893 түлек магистр дәрежесіне ие болмақ. Бүгінгі жиын жастарға тағлымдамадан өтуге әрі жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай туғызады, – дейді оқу орны ректорының м.а. Қайрат Құманбетов.
Бұл күні заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтағалы отырған Темірхан Әбжанов бірнеше мекемелерге құжат тапсырған. Атап айтқанда, адвокаттар алқасы, құқықтық қолдау, мемлекеттік қызмет істер агенттігі және прокуратура саласы.
– Жұмыс берушілердің басым көпшілігі осы университетті бітірген азаматтар екен. Бүгінде ірі компаниялар мен өндіріс орындарын басқаруда. Заң саласының үздіктері де дәл осы білім ордасынан шыққан. Сондықтан, оқу орнын өте сәтті таңдағаныма қуанамын. Осы жәрмеңкеде белгілі бір жұмыс орнын тауып кетпесек те, сол мекемелердің жұмыс жүйесімен танысып, қандай мүмкіндігіміздің бар екенін білдік. Әртүрлі мекемелерден келген өкілдер барлық студенттерге бағыт-бағдар беруде. Бұның өзі үлкен қолдау деп білемін, – дейді Темірхан Әбжанов.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ