Қалаға жанашырлықты нақты іспен көрсетті Избранное

Среда, 29 Май 2024 05:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 218 раз

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Акцияның мақсаты – қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындардың бойында қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. Бұл жолы да акцияға қатысушылар арық-атыздарды тазалау, шөп шабу, ағаш бұтау секілді дала жұмыстарын атқарды. Тазалық шарасы Шымкенттің барлық аудандарында өтті.

TazaKK

 

Абай ауданында «Агропром» гүлзарының аумағын тазалауға әкімдік қызметкерлерінен бастап ардагерлер, кәсіпкерлер, зиялық қауым, белсенді жастар мен еріктілір, қала тұрғындары – барлығы 100-ге жуық адам қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Акция қатысушылары гүлзардың аумағын қоқыстан тазартып, ағаштарды бұтап, әктеп, арам шөптерді жұлып, орып, гүл егетін жер әзірледі.
Ал, Әл-Фараби ауданында Жангелдин көшесіндегі №28,30,32 үйлердің аулалары мен орталық көшелерде тазалық, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аулалардағы ойын алаңшалары ретке келтіріліп, бұзылған әткеншектер жөнделді. Экологиялық акцияға 13 арнайы техника, 500-ден астам адам жұмылдырылды.
Еңбекші ауданында Сайрам және Безделев көшелерінің бойында «Группа Интеко» ЖШС коммуналдық мекемесінің 60 жұмысшысы көше бойындағы ағаштарды бұтап, аяқжолдарды тазалап, сыпырды.
Қаратау ауданында акция екі аумақта – «Астана» аллеясы мен «Қасірет» мемориалында өтті. «Эталон» ЖШС коммуналдық мекемесінің жұмысшылары «Астана» аллеясы аумағының шөбін орып, ағаштарды бұтады, ал аудандық ардагерлер кеңесі мен жастар ұйымының өкілдері, қала тұрғындары қоқысты, орылған шөптерді жинап, сыпырып, арық-атыздарды тазалады. Коммуналдық мекеме қоқыс шығаруға 15 техникасын шығарды.
«Қасірет» мемориалында өткен тазалық акциясына Қаратау аудандық әкімдігі мен қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қызметкерлері қатысты, «Эталон» ЖШС-ның жұмысшылары – жалпы 50-ге жуық адам қатысты.
Қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Мария Асқарова саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осындай тазалық іс-шарасының ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. Өйткені 31 мамыр күні мұнда қала тұрғындары, қонақтары, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары тағзым жасап, Құран бағыштауға жиналады, сондықтан кешен аумағының таза тұрғаны абзал.
Экологиялық акция Бадам өзенінің жағалауын тазалау жұмыстарымен жалғасты. Тұран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала тұрғындары, ардагерлер мен белсенді жастар қатысқан шара жоғары деңгейде өтті. Жастар өзен бойын жағалай шашылған қоқыстарды жинауға ерекше атсалысты. Ал, игі істің басы-қасында жүрген ардагерлер жастарға үлгі-өнеге көрсетті.
Орталық саябақ – қала тұрғындары үшін ерекше демалыс орындарының бірі. Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам қатысты.
– Қаладағы аумағы жағынан үлкен саябақтардың бірі болғандықтан, біз тазалықты мұқият қадағалаймыз. Бұл жерден күндіздің өзінде адам үзілмейді. Ал, кешкі уақытта тіпті көбейеді. Серуендейді, спортпен айналысады. Жалпы отбасылық демалыстың көңілді өтуіне ең қолайлы мекен. Сондықтан саябақты таза ұстауға шақырамын,– дейді Орталық саябақтың қызметкері Марал Намазова.
Тазалық жұмыстарына «Эталон» ЖШС коммуналдық мекемесінің жұмысшылары және Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының көгалдандыру бөлімінің қызметкерлері де қатысты.

Г. БАЖАҚАЙ
Т. ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.