ЖЫРТЫҚ ҮЙГЕ ТАМШЫ ЖАУ Избранное

Среда, 02 Октябрь 2024 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 154 раз

немесе тозығы жеткен үйлердің мәселесі қалай шешіледі?

Пәтер жалдап тұрып жүрген талай отбасы үшін Шымкент секілді алып шаһардан қандай болса да, әйтеуір бір баспана алу арман шығар. Бірақ, қазір қалада өткен ғасырдың отызыншы-елуінші жылдары аралығында салынған, әбден тозығы жеткен үйлер бар. Шатырынан су сорғалап, құбырлары күнара жарылып, жертөлесі зәктеніп, қабырғасы жарылып тұрған мұндай үйлерде тұру қолайсыз ғана емес, қауіпті де болуы мүмкін. Мұндай үйлерде лажсыздан тұрып жатқан жандар қазақтың «Арық атқа қамшы жау, жыртық үйге тамшы жау» деген мақалын жиі еске алып тұрса керек. Тозығы жеткен бұл үйлерді жөндеу де жылдан жылға тиімсіз болып барады. «Ескіні жамағанның есі кетеді» дегендей, бұл ғимараттардың бір жағын жамап-жасқап жатсаңыз, екінші жағынан ақау шығып тұрады.

restoV

 

Осының бәрін ескерген Шымкент қаласының әкімдігі тозығы жеткен тұрғын үйлерді түбегейлі жаңғыртуға назар аударып отыр. Осы бағытта қала әкімдігінің қаулысымен реновация бағдарламасы бекітілген болатын. Реновация – тозығы жеткен, апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу жобасы. Жөндеу жоспарына кіретін көптеген үйлер қала орталықтарында орналасқандықтан, инвесторлар бұл жобаға қызығушылық таныта бастады. Әзірге, төрт нысанда құрылыс жұмыстары басталған.

107 үй реновация тізіміне енгізілген

Шымкент қаласы құрылыс басқармасының мәліметінше, қалада техникалық тексеру нәтижелеріне сәйкес, реновация бағдарламасына тозығы жеткен 107 тұрғын үй енгізілген. Оның ішінде, Абай ауданында – 13, Әл-Фараби ауданында – 44, Еңбекші ауданында – 7, Тұран ауданында – 43 үй орналасқан. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары соғылған үйлер бүгінде апатты жағдай алдында. Шаһар бойынша 2452 көпқабатты тұрғын үй бар. Салынғанына 40-50 жылдан асқан көппәтерлі тұрғын үйлердің саны шамамен – 1500. Яғни, 2 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үйдің 70 %-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер.
2021 жылдан бастап көппәтерлі 233 тұрғын үйдің ғимаратының тірек конструкцияларының сенімділігі мен орнықтылығына техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілген-тін. Нәтижесінде, сейсмонығайтуды қажет ететін – 68 үй, апатты – 67 үй, тұрақты жағдайда – 98 үй анықталған.
Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ескірген үйлерді сүріп, қайта салу қажеттігі туындап отыр. Аталған бағдарлама аясында тұрғындардың ешбір шығынсыз өз үйлерін жаңарту мүмкіндігі бар. Олардың келісімдерімен тұрғын үйлері апатты жағдайға жетпей тұрып, жаңа баспанаға қоныстандыру уақыт күттірмейтін мәселе.
Тозығы жеткен апатты үйлердің орнына сәулетті кешен тұрғызу ең алдымен осындағы тұрғындар үшін қолайлы болмақ. Қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бойынша тұрғындарға бағдарлама шарттары, тиімділігі түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Жаңа пәтер алуда қандай артықшылықтар мен ерекшеліктер бар? Осы жөнінде айта кетсек.
Апатты жағдайда және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасасады. Акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізеді. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
Бағдарламаны іске асыру кезінде азаматтардың өмір сүруіне қолайлы орта құру, оның ішінде аумақты абаттандыру, аяқжолдар төсеу, көгалдандыру көзделеді. Құрылыс барысында тұрғындар уақытша баспанамен қамтылып, тұрғын үйлер толығымен пайдалануға берілген соң баспаналарына қайта қоныстана алады немесе тең пәтер қарастырылады.

Жердің құжаттарын рәсімдеуде кедергілер бар

Реновация бағдарламасы «Shymkent» ӘКК» АҚ сүйемелдеуімен жүргізіліп, толығымен инвестор тарапынан қаржыландырылады. Бүгінде тұрғындардың келісімі алынған үйлердің тізбесі анықталған. Қазіргі таңда жеке инвестор «Blike» ЖШС мекемесі тарапынан Шымкент қаласы Безделев көшесі 72 а, Безделев көшесі 111, Төле би көшесі 37 және Жылқышиев 28 мекенжайындағы көпқабатты үйді қайта жаңғыртуға келісім жасалып, құрылыс жұмыстары басталған.
Безделев көшесі 72 а мекенжайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты ескі тұрғын үйдің орнына 7 қабатты заманауи үлгідегі тұрғын үй құрылысы атқарылуда. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталған еді. Бұл – сапалы, күйген қыштан салынатын, биіктігі 7 қабатты, комфорт санатындағы зәулім үй. Қазіргі таңда төртінші қабаттың қаңқасы көтерілді. Безделев көшесі 111 үй мекенжайындағы құрылыста да іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Бұл үй де 7 қабатты, еңселі тұрғын үй кешені болмақ.
«B like» ЖШС-ның бас директоры Бауыржан Құлжанов инвестицияны және салықты да қаламыздың дамуына құймақ ниетте. Астанадан келген инвестордың Шымкентке қатысты жоспарлары көп-ақ. Қазірдің өзінде 4 жобаны іске асыруда. Төле би көшесі 37 мекенжайда да құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Ал,Жылқышиев көшесі 28 мекенжайындағы тозығы жеткен үйдің құжаттары рәсімделуде екен.
Инвесторлар кезігетін жалпы қандай мәселелер бар? Бауыржан Құлжановтың айтуынша, бұл бағдарлама бойынша жерді рәсімдеуде бірқатар кедергілер бар көрінеді. Жердің мемлекеттік актісін алуда бірқатар мәселелер туындап жатады екен. Одан кейін, шаһарда кейбір инвесторлар аумағы шағын жерге өте биік үйлерді соққысы келеді. Содан бірқатар мәселелерге тап болады. «Blike» ЖШС өкілдері ондай нысанда аз қабатты тұрғын үйлер соғып, мәселені шешуге болатынын айтады. Мәселен, 5-6 қабатты етіп жобалаудың тиімділігі зор.

11 үй күрделі жөндеуден өтеді

Таяуда Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев биыл 6 айда атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясын өткізді. Басқарма басшысы қалада сейсмонығайту, ескірген үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарының барысынан хабардар етті.
Өткізілген техникалық сараптама бойынша 6 үйге ЖСҚ-әзірленіп, 1 үйдің (Уәлиханов №231) сейсмонығайту жұмыстарын өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталған. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Мангельдин №33, №36 және Иляев №7 тұрғын үйлеріне сейсмонығайту жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеуге бюджетке өтінім әзірленіп жатыр.
Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл қала аумағындағы 11 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстарының бәрін де биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Жангельдин көшесі №12Б үйдің шатыры ауыстырылуда. Жылу, кәріз және су жүйелерінің құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Спорт шағын ауданы №12 көпқабатты тұрғын үй мен Иляев көшесі №22 үйдің шатыры ауыстырылып, кіреберістің жөндеу жұмыстарымен қатар электр жүйелері жаңартылуда.
Басқарма басшысы О.Тәжібаев және «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің директоры Е.Жиембай көпқабатты тұрғын үйлерде жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын ұдайы назарға алған.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің күрделі құрылысына мердігер атқарған құрылыс жұмыстарына 5 жыл кепілдік береді. Техникалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы негізінде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Тұрғындар басқару органын рәсімдеп, жалпы жиналыста мемлекеттік бағдарламамен үйді күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылдаса, үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеуден өткізуге болады.
Жалпы, көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша жұмыстардың ең аз түрі мен ең көп түрі нақтыланған. Жұмыстың ең аз түрі – бұл жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын орната отырып, тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеу, сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндігін ескере отырып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді орта құру.
Ал, жұмыстың ең көп түрі – бұл жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесін үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарын орната отырып, шатыр, кіреберіс, жертөле, қасбетті жөндеу, лифт жабдықтарын жөндеу (ауыстыру), сондай-ақ ғимараттың техникалық мүмкіндігін ескере отырып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді орта құру.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.