ҚАРАШАНЫҢ ҚАМЫ ҮШІН немесе Қаратау ауданындағы жұмыс қарқынды Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2024 05:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 55 раз

Бүгінде Шымкент қаласында халықтың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүруге жайлы, қауіпсіз әрі таза ортаны қалыптастыру, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамыту үшін қыруар жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының Қаратау ауданы аумағында биыл 9 айда 45 көшеге (33,1 шақырым) асфальт төселген. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі шығып, қазір тағы 25 көшеде құрылыс жүріп жатыр. Сондай-ақ, 2024 жылы 28 көшеге шағал тас төселеді. 2021-2025 жылдары аралығында ұзындығы 441,2 шақырым 466 көше асфальттанады деп жоспарланған екен. Нәтижесінде 2025 жылдың соңында аудан аумағындағы асфальттанған көшелердің үлесі 90 пайызға жетеді.
Бүгін біз ресми деректерге сүйене отырып, Қаратау ауданында қарашаның қамы үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндамаққа бел буып отырмыз.

 karashanun damyi

Ауыз су, электр қуатымен қамту 100 пайызға жетпек

Қаратау ауданының 2024 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баспасөз брифингі өткен еді. Аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті. Ауданда халық саны – 220 мыңға жуық. 18 елді мекен бар, көшелердің жалпы саны – 595, әлеуметтік нысандар саны – 123. Ауданда инфрақұрылыммен қамту, әлеуметтік саланы дамыту, көлік инфрақұрылымы, абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Рақымберді Жанысбекұлының айтуынша, бүгінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %. Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы ауыз сумен қамтуды қажет етеді.
2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Аталған жұмыстар биыл жыл соңында аяқталмақ. Оның нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 %-ды құрайды.
Электр жарығымен қамту үлесі – 98 %. Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аумақтарын электр жарығымен қамту жоспарға енгізілген. Өткен жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағында электр жарығының құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аталған аумақта абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аумағын электр жарығымен қамту жұмыстары қарқын алған. Жұмыстардың аяқталуына орай қамту көрсеткіші 100 %-ға жетпек.
Бүгінде аудан аумағы табиғи газбен 96 % қамтылған. Қамтуды қажет ететін елді мекендер – Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе, Мирас елді мекендерінің жаңақұрылыс аумақтары. Қазіргі уақытта Тассай тұрғын алабы, Бозарық саяжайы жаңақұрылыс аумағын табиғи газбен қамту жұмыстары жүргзілуде. Аталған жұмыстарды 2024 жылдың IV тоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қорытындысында табиғи газбен қамту көрсеткіші 98 %-ға ұлғаймақ. Қалған елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарын табиғи газбен қамту 2025 жылдың жоспарына енгізілген.
Есептік кезеңде 45 көшеге (33,1 шақырым) асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Екінші кезең бойынша конкурс нәтижесі шығып, қазіргі уақытта 25 көшеде құрылыс жұмыстары атқарылуда. 2023 жылы 70 нысан (50 шақырым) асфальттанған еді. Сондай-ақ, 2024 жылы 28 көшеге шағал тас төселеді. 2021-2025 жылға дейін ұзындығы 441,2 шақырым 466 көше асфальттанады деп күтілуде. 2025 жылдың соңында асфальттанған көшелерді 90 %-ға жеткізу назарда тұр.
Аудан әкімі ирригация жүйелері бойынша биылға 11 нысан құрылысы жоспарланғанын айтады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының көмегімен тағы да су басатын орындар анықталған. Нәтижесінде, биыл 19 нысанда ирригация жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Өткен жылы 17 нысанда (15,1 шақырым) құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімінің мәліметінше, биыл 266 көшені (Өтеміс, Шапырашты, Мирас, Достық, Нұртас, Қайтпас, Мәртөбе, Тассай, Таскен, Шапағат, Тұран) жарықтандыру жоспарына енгізілсе, қосымша 50 көшеге тағы ұсыныс берілген. Жалпы 320 көше жыл соңына дейін жарықтандырылады. Бүгінде 100-ден аса көшеде жұмыстар толық орындалды. Ауданда 595 көшенің 125-і жарықтандырылған. 2025 жылы көшелерді жарықтандыруды 90 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Тұрғындар тарапынан да 2023 жылы 18 көше жарықтандырылған болатын. Жалпы күтіп ұстау жұмыстары энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан атқарылады.
– Қазір 200-ден аса көшені жарықтандыру жұмыстары аяқталды. «ОңтүстікЖарық» мекемесімен бірлесіп, қосу жұмыстары жүріп жатыр. 100-ден аса көшеде жарық жанып тұр. Тиісті мердігер мекеме, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері Бозарық елді мекенінде де жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Көшелердегі жарықтандырудың сапасы жақсы. Бәрі де заманауи талапқа сәйкестендірілген, – дейді Рақымберді Мүлкеманов.

Жыл соңында екі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі

Аудан аумағында 2024-2025 жылыту маусымында 400-ден аса көпқабатты үйге жылу беріледі. 422 көп қабатты үйге сығымдау жұмыстары атқарылып, тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жылуға қосылды. Жылу беруді тұрақты қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұрсәт, Тұран шағынауданында жылу құбырлары ауыстырылды.
Жалпы ауданда 603 көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл көпқабатты 13 үйдің аулалары жарықтандырылмақ. 52 көпқабатты үйдің (Назарбаев даңғылы, Арғынбеков, Назарбеков, Бәйтереков көшелері) сыртқы қасбеттері реттеледі.
Шаһарда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аудан аумақтарын абаттандыру, жайлы орта қалыптастыруға өз септігін тигізуде. Қаратау ауданында да бұл бағытта оң нәтижелер бар. 2024 жылы 21 нысанда (Нұрсәт, Мирас, Тұран, Нұртас, Достық, Бозарық саяжайы, Таскен, Сайрам) балалар ойын алаңшасы, 9 нысанда ашық спорт алаңшасы салынады. Қазіргі уақытта 5 нысанда жұмыстар аяқталған. Қалғандарының құрылысы да аяқталуға таяу.
Былтыр 8 нысанда демалыс орны пайдалануға берілсе, биыл да 8 нысан абаттандырылады. Атап айтқанда, Нұрсат шағынауданы, Бозарық саяжайы, Тұран-2 шағынауданы, Таскен тұрғын алабы, Өтеміс, Шапырашты тұрғын алабында) гүлзар салынып, тұрғындар игілігіне тапсырылады. Ауданда аяқжолы бар көше саны – 131. Биыл 7000 шаршы метр ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына тротуар салынады. Ал санитарлық тазалық, көгалдандыру жұмыстары тұрақты атқарылуда.
Әлеуметтік саланы дамытуда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Қаратау ауданында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңында екі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі.

P.S.

Бұрынғылар «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деп, игі істің қадірін біліп, көптің әжетіне жараған азаматтарды қолдап, қолпаштап отырушы еді. Қазір біздің қоғам «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, істелген жұмысты, ел ішіндегі ірілі-ұсақты жақсы жаңалықтарды елемейтін, көріп тұрса да оған қуанбайтын болып алғанға ұқсайды.
Біз үшін көшеге асфальт төселгені немесе жарық шамдардың қойылғаны, ауыз су құбырының жаңаруы мен интернет желісінің тартылуы секілді жұмыстар жаңалық емес, қалыпты жағдайға айналып кетті. Бірақ, осы игіліктердің артында қаншама еңбек, қыруар қаражат жатқанын, мұның барлығы мемлекеттің адамға деген, өз азаматына деген қамқорлығының көрінісі екенін бір сәт ойлап қойсақ артықтық етпес еді.