Бұл жөнінде қала әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Ғабит Әбдімәжитұлы төтенше жағдайлар саласына жауапты басшылармен бірге жүргізген тексеру жұмыстары барысында Шымкент қаласының аумағында орналасқан су тасқыны, сел және көшкін қаупі төнуі мүмкін деген барлық учаскелерді қарап шықты. Атап айтқанда, шаһар басшысы тұрғын аймақ, су қоймалары, Бадам су реттегішінің жоғарғы бөлігі, Бадам өзені мен Сайрам су өзенінің бойындағы жағдайды бақылаған.
Бұдан бөлек Ғ.Сыздықбеков бастаған топ карьерлер, гидротехникалық және кәріз тазарту нысандарының ағымдағы жағдайын тексерді. Қала әкімі әлеуметтік желідегі жазбасында «Қазіргі таңда жағдай тұрақты, өзендердің ағысы орташа» деп жазды.
Қала әкімі тексерудің нәтижесінде жауапты мамандарға су тасқыны қаупі бар аймақтарда бақылауды күшейту және қажет болған жағдайда су қоймаларынан алдын ала әрі қауіпсіз түрде су жіберу жөнінде тапсырма берді.
Айта кетейік, Бадам – Арыс алабындағы өзен. Ол Қаржантау жотасының батыс бөлігінен бастау алып, Арыс өзеніне құяды. Ұзындығы 141 шақырымдық өзен Шымкент қаласының аумағынан да ағып өтеді.
А.САЙЛАУҰЛЫ