- Әкем, ХХ ғасыр басындағы алғашқы білім алғандар қатарынан болатын. Екі жылдық мұғалімдікті оқып, Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Қасық селосында мұғалім болып еңбек еткен. Ақындығы бар еді. Анам байдың қызы болды. Нағашы атамның көзі ашықтығының арқасында қызыл әскер келгенде байлығын қоластындағыларға бөліп беріп жаны қалыпты. Әкем мен шешем екеуі қосылып той-томалақ, дастарқан басында ән салатын. Бастауыш мектепте оқып жүргенімде «Ермекбаймен айтысамыз» деп жеңгелері іздеп келді. Қайсысы жеңгені есімде жоқ, әкем мен шешемнің қосыла ән шырқауымен аяқталғаны есімде қалыпты.
Колхоздастыру кезінде екі жылдық курсты бітірген әкем алуан қызметтер атқарады. Әнге деген махаббатыма әкем мен шешемнің қосыла шырқайтын кездері ықпал етті. Әсіресе, биді жаныммен сүйдім. Алматыдағы эстрада студиясын вокал класымен аяқтап, Қордай ауданында өнер жолымды бастадым. Алғашқы көтерген шаңырағым сәтсіз болып, уақытынан бұрын шайқалды. Ұлыммен қалып, біржолата өнерге бет бұрдым. Бір күні Жамбыл қаласында облыстық деңгейдегі байқау өтті. Сарысу ауданына келген квартеттің бір әншісі ауырып қалып, құрбыларым «бізбен бірге айтып берші» деп қолқа салды. Көңілдерін қимай бірге ән айттым. «Тағдыр» дегеніміз осы болса керек, нәтижесінде Жамбыл облыстық «Алатау» ансамблінің әншісі болып шыға келдім.
Алматыда жүргенде Опера-балет театрына жиі баратынмын. Шынымды айтсам, «театрдың драма актрисасы боламын» деп ойлаған жоқпын. Күйеуім Ахмет Өтебаевты Арқалық қаласында ашылған драма театрына басшылыққа шақырды. Отбасымызбен көшіп бардық. Қоржын үйде тұрдық. Кейін үй берді. Торғай облыстық музыкалық-драма театры болғандықтан, мен әнші-актриса болып жұмысқа тұрдым. Көркемдік жетекшіміз Ерсайын Тәпенов алғашқылардың қатарында Б.Майлиннің «Шұғаның белгісін» музыкалы етіп сахналады. Маған бір-екі ғана сөзі бар, қалған жерінде ән салатын Әнші келіншекті берді.
Алғаш рет драмалық рөлге түскеніме домбыра тартпайтыным қосылып, өте қиналдым. Сөйлейтін жерім жақындағанда жүрегім алқымыма тығылып, кәдімгідей қорықтым. Жеке ән салу бар да, серіктестермен бірге роль ойнау бар. Екеуі – екі әлем. Алғашқы сөзі бар рөлім болған соң, жанталастым. Өзімді жеңдім десем болады. Айтыскер баланың рөліндегі Молдашев деген Торғайлық актер әншілігімен қоса домбырада өте шебер ойнайтын. Сол серіктесім мені сүйреп алып шықты десем болады. «Мадмуазель Нитушта» билейтінбіз. Авансценаға шығып канкан тастаймыз. Арқалық – жас қала. Тұрғындары да, көрермені де жас. Қойылымға таныстар келеді. Арасында бір таныс келіншек «Басқа-басқа, Гүлшаттың дәл алдымызға келіп, аяғын аспанға көтергеніне жерге кірдім» деп бетін басыпты. Кейін У.Гаджибековтің «Аршын Мал-аланда» Гүлчаһра мен Әсияны кезек-кезек ойнадым. Сахнаға төселіп қалған кезім еді, ойнап жүріп ән салғанда, шомылып ойнайтынмын. Жаным рақаттанатын. Гастрольге шықтық. Гастрольде үш айлап жүретіндіктен, бала-шағаны күйеуім екеуіміз ата-анамызға кезегімен әкеп тастаймыз. Оркестрді жазып алып, минусовкамен шықтық. С.Қарабалин – Веллиді, Қ.Жәкетаева – Теллиді ойнайтын. Жәкетаеваның күйеуі Елубай – Сүлейменді ойнайтын. Үш ай жаз гастрольде жанды дауыспен айтамыз. Елубай марқұм «Өй, бәрің далбасасыңдар, сендер ән салғанда Гүлшаттан үйренсеңдерші. Қалай дөп түседі?!» деп, Қарлығашқа айтып отырады екен. Гастроль біткен соң бала-шағаны жинап әкетеміз. Алғаш рет тастап кеткен жылы алып кетуге келсем, қызым мені танымай, шақырғаныма келмей қойғаны бар. Күйеуім басшы болғаны кейде кедергі келтірді. Торғайда жүргенімде «Басшының әйелі алды деп айтады» деп көп рольге қостырмайтын. Еркіндікке күйеуім филармонияға директор болып ауысқаннан соң қол жеткіздім. Ж.Хаджиев «Тастама отты, Прометей» деген қойылымда маған Афродитаны берді. Торғай облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы бізде көркемдік кеңес мүшесі болатын. Көркемдік кеңеске тапсырыс кезінде сол кісі ойыныма риза боп, «Жеңеше, көкемнің арқасында көрінбей жүр екенсіз ғой?» деп таңырқаған еді.
Торғайдың облыс орталығы ретінде жабылып, театрдың Жезқазғанға көшкені өте үлкен соққы болды. Араға уақыт салып Шымкентке көштік.
Шығармашылық жолда ең қиыны үміттенген рөліңе қол жеткізбеу ғой. Н.Жұманиязов біздің театрда «Қыз Жібекті» сахналады. «Жасы ересектермен бір құрам, жастармен бір құрам қоямын» деп, ересек құрамда маған «Қыз Жібекті беремін» деп уәде берді. Жезқазғанда қойылған «Қыз Жібектен» барлық әндерді білетінмін. Жас актрисаға бәрін үйреттім. Н.Жұманиязов сөзінде тұрмай, бізді қоспады. Маған Дүрияны берді. Сол маған үлкен арман боп жүрегімде қалып қойды. Е.Оразымбетов ағамыз «Құдашаны» қойып, маған Жеңгетайдың рөлін берді. Әндерін оркестрмен айтатынмын. Премьераға екі күн қалғанда Кемпірдің рөліне лақтырып жіберді. Серіктесім А.Қалмұрзаев ағам болатын. Екі күнде үлгеруім керек. Ерғали аға: «Екі саусағыңды көзіңе тіреп қарап ал. Сол кезде көздерің атысады. Сол күйінде шалға жетіп барып көзін шұқитындай тарпа бассал» деп үйретті. Премьера күні Ақсақал аға екеуміздің сахнамыз «ең қызық сахна» ретінде көрермен ықыласына бөленді.
Сахнада Мәжит Ілиясқаров пен А.Қалмырзаев ағаларым өте керемет қолдау көрсететін. Үндестікпен ойнайтынбыз.
Шанин театрына алғаш келген жылдары «Айша Бибі» драмасы қойылды. Мен Бәбәжі қатынды ойнадым. Рөлден қарайып қалған да болармын, бөтен ұжымға келген соң ба екен, бойымда сенімсіздік болып, ойымдағыдай шықпады. Қазір ойнасам ғой, басқаша ойнар едім. Мені актерлік шеберлікке, театр әлеміне баулыған Ерсайын Тәпенов. Ол кісінің актермен жұмыс істеу процесі ерекше болды. Ерінбей-жалықпай басты мақсатты бойыңа құйып беретін. Жетелейді. Бойыңнан жарып шығуына көмектеседі. Мінезім жұмсақ болған соң ба екен, драма жағына көбірек лайықпын деп ойлайтынмын. Т.Минулиннің «Бақ іздеген бейбақтар» трагаикомедиясында тоқсаннан асқан кемпірді ойнағанда, комедиялық қырым барын көрдім. Премьера күні режиссер Иманалі Сапаров көрермен болып келіпті. «Спектакль көріп отырып жатқан адамды «Кім екен?» деумен болдым. Соңына қарай орныңыздан тұрғанда таң қалдым. Осы кішігірім роліңіз үшін Сізге атақ беру керек» дегенде, көңілім марқайып қалды».
Майталман артистің сахнадағы актерлік ғұмырды толық жеткізу үшін том-том кітап жазған артықтық етпес. Аз ғана сұхбатта актриса Гүлшат ханымның алдағы уақытта армандаған рөліне қолы жетсе деп тіледім. Өмірге құштар, сахнада «бір жанын алып – мың жанын салатын», әдептен озбай сөйлейтін Гүлшат ханымға мерейлі жасыңыз жалғасын таба берсін деп шынайы тілек білдіреміз.
Сая ҚАСЫМБЕК Ж.Шанин атындағы
Шымкент қалалық академиялық қазақ драма
театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург