ПЕРІШТЕ ҚАҚҚАН МҰНДАЙ СӘТ КҮНДЕ БОЛА БЕРМЕЙДІ Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2024 05:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 45 раз

сондықтан, газ қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау керек

14 қазан 2024 жылы. Шымкент қаласы. Күндізгі 11-лер шамасы. Бұл – Cарыбаевтар отбасы үшін ең бақытты күн деуге болады. Себебі газдан уланған жанұя ажалдан құтқарылды. «Мұндай «періште қаққан» сәттер жиі бола бермейді» дейді бір отбасын аман алып қалуға барын салған «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Шымкент қалалық өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің cлесарі Ермахан Маңқараев.

 periste kakkan«Мен әдеттегідей таңертеңгісін газ жабдығын тексеру үшін Шымкент қаласындағы пәтерлерді аралап жүрген болатынмын. Алдымнан шыққан пәтер иесі өзінің жалға берген үйіндегі газ жабдығын тексеріп беруді өтінді. Алайда, тез арада есікті ешкім аша қоймады, қосымша кілтпен кірдік. Үйге енген сәтте сұлап жатқан адамдарды көрдім, мен олардың улы газбен – көміртегі тотығымен уланғанын бірден түсіндім. 19 жыл осы салада еңбек еткендіктен, мұндай оқиғаларды талай көргем, сондықтан  жанымдағы үй иесіне сабыр етуге және дереу жедел жәрдем шақыруға кеңес бердім. Есік-терезені ашып, газ бұрандаларын жаптым. Алдымен ең қатты уланған кішкене балаға алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Жасанды дем беріп, тілін тарттым, өйткені оның денесі жартылай жансыз еді. Арада 7 минут өткенде дәрігерлер де келіп үлгерді. Ең бастысы – Алла сақтап, отбасын ажал тырнағынан алып қалдық».

Жедел жәрдем мамандары жанұяға шұғыл көмек көрсеткен соң оларды ауруханаға алып кетті. Дәрігерлер, уланған 4 адамды құтқару барысында қауіпсіздік шараларының барлығы дұрыс әрі шұғыл жасалғандығының арқасында ғана оқиға өлім-жітімсіз аяқталды деп есептейді. Болған оқиғаның әр секунды – адам тағдыры екенін үлкен жауапкершілікпен түсінген Ермахан Алайдарұлы, тұрмыста газ тұтынудағы қауіпсіздікке немқұрайлылық танытудың қаншама адам өмірін жалмап жатқанын тағы да қинала жеткізді. Ол – мұны ерлік жасадым деп емес, өз жұмысын адалдықпен атқардым, адами әрі кәсіби парызым деп санайды.
Елімізде кейіпкеріміз іспетті өз ісіне адал, жауапты мамандар әрине, аз емес. Пәтерін жалға берген үй иесі – Бағдат та оқиғаны өз көзімен көріп, куә болған жайттан өмірлік сабақ алғанын, көгілдір отынға жауапкершілікпен қарамаған жағдайда, оның тілсіз жау екенін айтып ақталды. Себебі үйіндегі газ жабдығы/ су газ жылытқышы шкафқа орнатылғаны, яғни арнайы орынға қойылмағаны, қауіпсіздік шаралары сақталмағаны анықталды. Соның салдарынан ауа дұрыс тартпай, адам өліміне алып келе жаздады. Газ маманының айтуынша, 1 текше метр газға пайдаланылған кезде, 10 текше метр ауа кетуі тиіс. Ал, ол үйде ауа алмасу балансы мүлде бұзылған. Мұны – соңы қайғылы оқиғасыз аяқталған төтенше жағдай деп бағалаймыз. Алайда, осы сияқты адамдар немқұрайлылығы ғана себеп болатын қайғылы фактілер қаншама?..
«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ы Шымкент қалалық өндірістік филиалының директоры Ермек Қалдығұловтың айтуынша, елімізде жылыту кезеңінің басталуына байланысты халықты тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану қағидаларымен таныстыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Десек те, улану мен жарылыстардың едәуір бөлігінің басты себебі тұтынушылардың жылыту құрылғыларын пайдаланған кезде өз өмірі мен денсаулықтарына немқұрайлы қарауы екен. Тұрғындар кейде жылыту құралдарын өз бетімен қосады немесе тасымалдайтын, сондай-ақ, күмәнді немесе қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдаланатын көрінеді.
Мамандар 2022-2024 жылдардағы жылыту кезеңіндегі жазатайым оқиғаларға талдау жүргізген. Талдау нәтижелері алаңдатарлық статистиканы көрсетіп отыр. Атап айтар болсақ, 2022-2024 жылдар аралығында тіркелген ауадағы газ қоспасының жарылыс оқиғасы 65 рет болған (2022 ж. – 19; 2023 ж. – 21; 2024 ж. – 10). Осы кезеңдегі көміртегі тотығымен улану жағдайларының саны 232-ні құрады (2022 – 34; 2023 – 62; 2024 – 28). Аталған кезеңде зардап шеккендердің жалпы саны 634 адам болса, соның 233-і өліммен аяқталды.
Мамандардың айтуынша, ТҰРМЫСТЫҚ ГАЗДЫҢ ИІСІ ДЕ, ТҮСІ ДЕ ЖОҚ! Сондықтан әрқашан газ жабдығын мамандарға тексертіп, қауіпсіздік шараларын уақытылы орындап тұру қажет. Көгілдір отынның игілігін көрумен қатар, оның қауіпсіздігіне де аса абай болу керек. Ендеше, әр отбасының өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі – өз қолында!
Филиал директорының айтуына қарағанда, айлық акциялар барысында, әсіресе, жылыту маусымында газ тұтыну қауіпсіздігі шараларына қатысты жұмыстар тұрақты түрде әрі қатаң режимде өткізіледі. Мамандар түптеп келгенде бар мәселе қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға келіп тірелетінін тағы да еске салады.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.