ТЕМІРДЕН БОЛСА КӨЛІГІҢ... немесе жарты жылда 30 адам жазым болды Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2024 05:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 48 раз

Жол қателікті кешірмейді. Жасыратыны жоқ, жыл санап елімізде жол-көлік оқиғаларынан қаза тауып жатқандардың саны көбейіп барады. Күре жолдардағы апаттарды айтпағанда, қала ішіндегі көліктер соқтығысынан қаншама тұрғын зардап шегіп жатыр.

kolik

Шымкент қаласында биылғы жылдың алғашқы 6 айында 800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 6 есе көп. Жол жүру ережесін сақтамаудың салдарынан 1 мыңнан аса адам жарақат алып, 30 адам қаза тапты.
Жол-көлік оқиғаларына қатысты деректерге шолу жасағанда төбе шашың тік тұрады. Халықтың өлім-жітімі туралы қаралы статистика бойынша ең біріші кезекте жүрек-қан тамыр аурулары тұрса, одан кейінгісі жол-көлік апаты салдарынан көз жұмғандар екен. Осы орайда, Майқы бидің «Темірден болса көлігің – темірден болар өлімің» дегені еріксіз ойға оралады.
Жазым дерміз, жазмыш дерміз. Дегенмен, автокөлікті асығыс айдап, ажал апанына әдейілеп түскен өкінішті оқиғалар да жоқ емес. Айтпағымыз, қала көшелерінде ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктердің арасында оң бүйірден бір кіріп, сол бүйірден бір шығып жүретін мопедшілер жүргізушілердің мазасын алып болды. Тіпті, мезі етті десек те болады.
Ережені сақтап, жол тәртібін бұзбаса, былайғы жұртқа тиімді. Алайда, бір ғана үшінші мегаполистің өзінде жыл басынан бері 20 оқиға тікелей мопедшілер мен электросамокат тізгендегендердің қатысуымен орын алған. Жәй күндегідей «сырып кету» немесе «тиіп кету» емес. Дәл осы 20-ның 14-і түрлі жарақат алса, 6-уы қайтыс болған.
Естеріңізде болса, көктем айларының бірінде таңғы уақытта Желтоқсан көшесінің бойымен келе жатып қоршауға соғылған мопед жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Курьерлік қызмет атқаратын жігіт діттеген жеріне жете алмай, жол бойында жан тапсырды.
Қазір интернет ресурстарын пайдалану аясы кеңейіп, жұрттың көбі онлайн саудаға көшкелі курьерлік қызметке сұраныс артты. Ал, «жеткізу» қызметіне келетіндердің дені жастар. Оларға клиенттің тапсырысын тез арада орындау үшін қоғамдық көлікпен жүру тиімсіз, такси – қалтаға ауыр, амал жоқ, қос дөңгелекті көлік тізгіндеуге мәжбүр. Ал, мопед, мотороллер немесе электросамокаттарда не мемлекеттік нөмірі болмағандықтан олардың ереже бұзғандарын қадағалауға камералар қауқарсыз. Сондықтан бүгінде еліміздің заңнамасына траспорттың осы түрлеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, талап күшейтіліп жатыр. Желіккен жастар рульге ие боп, кең көшеге түскен соң ережені елесін бе? Тіпті, қала көшелерінде мопед үстінде түрлі трюк көрсетіп, жарыса озған жастарды жиі кездестіреміз.
Наурыз айында болса керек, Темірлан тасжолы мен Алпысбаев көшесінің қиылысында скутерге мінгескен екеу жолдағы қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып, бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп, кетіп бара жатқан көлікке соқтығысқан. 16, 17 жастағы екі жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Жол-көлік оқиғаларының көрсеткішін төмендету, оның алдын алу, көліктік тәртіпті арттыру мақсатында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеміз. Кәмелетке толмағандардың жол ережесін сақтауы үшін түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Әсіресе, кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі бәрімізді алаңдатады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылдың алғашқы 6 айында жасөспірімдердің қатысуымен 55 оқиға тіркелсе, биыл сол кезеңде оның саны 286-ға жетті. Биыл жолда 5 жасөспірім қаза тапса, былтыр оның саны 10 болған. Есесіне, жарақат алғандардың саны артқан. Өткен жылы бұл кезеңде 54 жасөспірімнің жарақат алғаны тіркелсе, биыл 328-ге жетіп отыр.
Жасөспірімдердің жол қауіпсіздігін сақтауына ата-аналар немқұрайдылық танытпаса екен. Балаларға жолды кесіп өтпей, арнайы жаяу жүргіншілер өткелінен өтуді үйрету, кәмелетке толмағандардың мопед, скутерлерді тізгіндеуіне тиым салу, жалпы жол ережесіне мұқият болуына әуелі ата-анасы жауапты екенін ескертеміз.
Иә, жол қателікті кешірмейді. Бір сәттік көліктер соқтығысы қаншама отбасының басына қайғы әкелді, қаншама көкөрім қыршын кетіп жатыр. Жарақаттың өзі жазылмайтын дертке душар етуі әбден мүмкін. Соның ішінде жасөспірімдердің жағдайы көпшілікті алаңдатады. Ендеше, жолға шыққанда, көлік тізгіндегенде қауіп-қатердің барын қаперге алып, бақылауды күшейткеніміз абзал.

Бақытғали КЕНЖЕБАЕВ,
Шымкент қаласы
Полиция департаменті жергілікті полиция
қызметі басқармасының
бастығы,
полиция полковнигі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ПЕРІШТЕ ҚАҚҚАН МҰНДАЙ СӘТ КҮНДЕ БОЛА БЕРМЕЙДІ