МАРАПАТ АДАЛ МҰҒАЛІМДІ ӨЗІ ІЗДЕП ТАБАДЫ Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2024 05:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 58 раз

Елімізде Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған үш педагог болса, соның бірі – Алина Соловьева. Ол қазір Шымкенттегі Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында биология пәнінен сабақ береді. Отыз үш жылдық еңбек тәжірибесінде ұстаз 20 республикалық, 5 халықаралық пәндік олимпиада жүлдегерлерін дайындады. 2004 жылы «Атамұра» баспасының өтінішімен биология пәнінің оқулығына редакторлық жасады. Содан бері авторлармен бірігіп оқулықтар жазады. Бүгінде А.Соловьева авторлармен қосылып 14 жаңа оқулықтар шығарып үлгерді. Осы кітаптар бойынша қазір еліміздің барлық мектептерінде оқушылар биология пәнінен білімін шыңдап жатыр.
Ұстаздың өзі бала оқытуды кәсіп емес, өнер деп қарау керектігін айтады. Оқушылардың алдында әртіс болып ойнасаң да бала сол пәнді түсініп шығуы қажет. Бұл – мұғалімнің өмірлік қағидасы. Ең жоғары награданы алған оған талай қызметтер ұсыныпты. Бірақ, кәсібіне адал жан оның барлығынан бас тартып, қарапайым мұғалім болып қала бергенді жөн санаған. Өйткені, ұлағатты ұстаз үшін шәкірт тәрбиелеу, олардың әрбір жетістігіне қуану, оқулық жазып, артынан үлкен мұра қалдырудан артық бақыт жоқ. Ендеше, мектеп-гимназияның қарапайым мұғалімі, әрі биология пәні оқулығын құрастырушы авторлардың бірі А.Соловьевамен педагогика саласы, кітап шығару ісі төңірегінде сұхбаттасқан едік.

 mygalim marapatu

-Алина Робертқызы, бүгінгі таңда биология пәні бізде қалай оқытылып жатыр? Шетелмен салыстырғанда еліміздің методикасында қандай өзгешеліктер бар?

-Шетелмен салыстырғанда бізде биология пәні жақсы өтіледі. Әрине, кейбір жерде кемшін тартқан тұстар да жетерлік. Бәрінен де кеңестік оқыту жүйесі жақсырақ еді деп ойлаймын. Бірақ оның методологиясы жаңа заманға бейімделіп үлгермеді. Кейін ескі кеңестік оқыту тәсіліне жаңаша білім беру әдістері қосылды. Алайда одан бұрынғы тұрақты жүйе өзін жоғалтып алды. Кеңестік білім беру методикасы ескі волга көлігі сияқты. Өте сенімді, міз бақпай, қанша жүк болса да көтере береді. Тек онда жайлылық жоқ. Бұрынғы оқыту тәсілі де сондай еді. Сол үшін ескі тәртіпті қалдырып, бүгінгі заманның методикасынан тиімді тұстарын алып, оқыту әдістемесін қатты өзгертпей-ақ қою керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай істелмеді. Мен биология пәнін оқытудың финдік, ағылшындық, америкалық, Балтық теңізі жағалауы елдерінің методикаларын жақсы білемін. Бірақ олармен салыстырғанда Қазақстанның сабақ беру үлгісі әлдеқайда жақсырақ. Мәселен АҚШ-та бірыңғай оқыту жүйесі жоқ. Әрбір штаттың, тіпті, әрбір мектептің өзіндік жеке методикасы бар. Соған қарай бір мектептер үш жыл қатарынан құстарды немесе көбелектерді үйретуі мүмкін. Есесіне, балалар адамның анатомиясы, балықтар, басқа да жануарлар туралы түк білмей шығады. Қазақстанда пәнді оқытудың мемлекеттік ортақ жүйесі бар. Бала сол арқылы биология саласы бойынша біраз нәрсе біліп шығады. Осы жағынан келгенде біздің ұтарымыз көп. Әрине, мектеп ол ғылыми зерттеу институты емес. Онда күрделі зерттеулер жүргізе алмайсыз. Өйткені бала қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрады. Назарбаев зияткерлік мектебінде жағдай сәл басқаша. Ол жерде тиісті зертханалар болғандықтан, оқушылар ДНҚ дәрежесіне дейін зертханалық тәжірибелер жасай алады. Жалпымала орта білім беру мектептерінде балалар биология пәні бойынша тәп-тәуір базалық білім алып шығады.

-Осыдан үш жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда егер жаңартылған оқу бағдарламасы жақсарса, жаңадан сапалы оқулық басып шығарар едік депсіз. Содан бергі аралықта жағдай қалай өзгерді, жаңартылған оқу бағдарламасы сонымен түзелді ме?
-Әзірге жаңа оқу бағдарламасы жасалмады. Алайда, бұл мәселе талайдан көтеріліп келеді. бұрынғы Оқу-ағарту министрі тұсында да, қазіргі ведомство басшысы кезінде де аталған мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Оқу бағдарламасы өзгермей, биология пәнінің жаңа оқулығы жазылмайды. Ал, оқу бағдарламасының не үшін жаңармай жатқаны маған белгісіз. Әрбір 4 жылда оқулықтар жаңадан басылып тұруы керек. Қазақстанда 30 жылдың ішінде оқулықтар үш рет жаңартылды. Соңғы басылған биология пәнінің оқулығы сегіз жылдан бері әлі жаңартылған жоқ. Дегенмен бұл соншалықты маңызды мәселе емес. Одан оқушылардың білімі кеміп қалмайды. Бірақ жалпы жағдайдың өзгерісіне қарап оқулықтарды да жаңартып отырған абзал. Оқу бағдарламасын жаңарту – күрделі шаруа. Бұл іске еліміздегі ең білікті педагогтардың кемі 20 пайызы атсалысуы керек. Бірінші кезекте солардың көзқарасы, ұсыныстары ескеріледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына мектептер 2015-2016 жылдан бастап көше бастады. Бағдарламаны өзгерту Конституцияны ауыстырумен бірдей. Сол себепті елдің оған әлі саяси пәрмені жетпей жатыр жеп ойлаймын. 2022 жылы Астанада осы мәселе төңірегінде үлкен жиынға қатысқанмын. Одан кейін талқылауларға білікті сарапшылар, методистер, тиісті академия мамандары қосылды. Алайда, бұл жұмыс қыруар еңбек пен күшті талап ететін болғандықтан, бағдарламаны өзгерту мәселесі кейінге қалып қойды. Егер жаңа бағдарлама қабылданса, соның негізінде сапалы оқулық басып шығаруға дайынбыз. Сегіз жылдан бері талай нәрсе өзгерді. Сол үшін оқу бағдарламасын жаңалаудың мезгілі келіп жетті ғой деп ойлаймын.

-Біздің оқушылар биология пәнінен қаншалықты мықты? Сосын Сіз балаларға сабақ беруде қандай да бір өзіңіздің жеке методикаңызды қолданасыз ба?
-Балалардың бәрі биологиядан күшті дей алмаймын. Бұл жерде оқушының ерекшеліктерін ескеру керек. Әр бала табиғатынан әртүрлі ғой. Біреу алғыр талапты болады. Екіншісі жалқау, оқығысы келмейді. Сондай білімді баланы тауып талантын аша білсең сол ертең сенің үмітіңді ақтап, республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарда бәйгеден оза шауып келеді. Ал сабақ беру тәсіліне келсем, менде кереметтей бір методика жоқ. Бірақ балалрды оқытуда Марал Жанпейісова, Темір Ғалиев сынды мықты педагогтардың тәжірибесіне, методологиясына сүйенемін. Олар мен үшін педагогика саласында тура жолдан тайдырмас темірқазықтарым. Бұл ұстаздардың тәлім-тәрбиесі өте ерекше. Сол үшін соларға еліктеп, өзім де балаларды олардың әдіс-тәсілімен оқытуға тырысамын. Дегенмен мұғалім ол да бір өнердің иесі. Балаларға сабақ беру үшін де адамға кішкене талант керек сияқты. Әрі қарай мықты педагог болып кету ол өзінің ынта-жігері мен еңбегіне байланысты. Менің бар құпиям осы болса керек.
Актерден барып Сіз сияқты қалай мықты актер болсам болады деп сұрақ қойсаңыз ол сізге нақты жауап бере алмауы мүмкін. Өйткені, адам іштей бір кәсіпке икемі бар, талантты болып туылады. Әрі қарай ол сол кәсіпті қуып, шыңына жете ме, жоқ па оны алдағы тағдыры мен таңдаған жолы шешеді. Мен өзім де біреулерге еліктеймін, сонымен бірге солардың еңбегіне қарап жеке өзімнің тәсілімді әзірлеймін. Бірақ ол соншалықты жасыратындай құпия методика емес. Бар болғаны баланы оқытуға бар жаныңды салып, өз ісіңді жүрекпен адал атқару. Пәнді қызықтыру үшін мұғалім кейде образға кіріп актер болып та ойнап көру керек. Қазір мектепте интерактивті тақтамен жұмыс істейміз. Заманауи электронды микроскоп бар. Дегенмен табиғат аясына шығып, балаларға өсімдіктер әлемін таныстыра алмаймыз. Себебі оқушыларды қалада алып жүру, олардың қауіпсіздігін қадағалау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сол үшін қазір сабақтың бәрі тек кабинеттерде өтеді. Өз әріптестеріме тілерім, бала үшін жұмыс істеу керек. Біреуден мақтау есту үшін бала оқытпай-ақ қойған жақсы. Педагогтың жүрегінде «менің шәкіртім» деген сөз тұрса ондай ұстаздың орны әрқашан да биік болады. Абырой да марапат та адал мұғалімді өзі іздеп табады.

-Бір қызық сұрақ бар. Қазір кейбір елдерде Дарвиннің эволюция теориясын қайта қарап жатқан сыңайлы. Адам маймылдан жаратылмаған дейтінді жақтайтындар биология пәнінен оны алып тастауды қалайды. Жалпы сіз эволюция жөніндегі теорияға сенесіз бе?
-Мен өз басым Дарвиннің бүкіл тіршілік эволюциялық жолмен дамыды деген теориясына сенемін. Оны мынамен-ақ байқауға болады. Мәселен, қазіргі адамзатты осыдан бес жүз немесе бес мың жыл бұрын өмір сүрген адамдармен салыстыра алмайсыз. Адамның санасы, ойлау жүйесі, ақыл-ойы, қазір әлдеқайда дамып кеткен. Прогресс үздіксіз жүріп жатыр және ол құбылысты ешкім тоқтата алмайды. Ал, Дарвиннің эволюциялық теориясын мектепте оқыту керек пе, жоқ па деген сауалды көтерудің өзі дұрыс емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында католик дінінің көсемі Рим папасы Дарвин теориясын мойындайды. Бірақ адамның рухын жарату мәселесін Дарвин білмейді, сондықтан ол діннің саласында қалады деген екен. Католиктер үшін Рим папасының сөзі Құдайдың сөзімен тең. Олар сол үшін де осы тұжырыммен толық келісті. Сіз бен біз католик емеспіз. Бірақ дегенмен адамның физикалық дүниесі мен рухани жағын бөлек қарастыруымыз керек деп есептеймін. Тіршіліктің материалдық бөлігі ғылымның еншісінде қала берсін, ал рухани, ішкі жан-дүние мәселесі діннің қарастыратын ғылымы болған жөн. Адам әртүрлі сенім догмаларымен ғылыми прогрестің дамуына кедергі келтірмеу керек. Егер Дарвин теориясын жоққа шығарсақ, онда медицинадағы біраз ғылыми теориялардан да бас тартуымызға тура келеді. Ал, қазіргі заманғы адам ғылым үшін ондай жолға бара алмайды. Бүгінгі таңда Қазақстанның мектептерінде Дарвиннің эволюция жөнінде теориясы оқытылады. Бірақ, бұрынғыдай оған көп сағат арналмаған. Негізінен бүгінде биология пәнінде молекулярлы-генетикалық технология тақырыптарында көбірек сабақтар өтіледі. Өйткені, бүгінгі заманда ғылым алға озып тұр. Шымкенттің көптеген медициналық талдау жүргізетін клиникаларында осы күнде ДНҚ сынағының кез келген түрін жасатуға болады. Міне, осыған байланысты биология пәнінде қазір ғылымның дамыған бағытына қарай балаларды оқыту жүріп жатыр. Дарвин теориясы бірінші кезекте балаларға тіршіліктің даму тізбегін түсіну, сол арқылы экологияны таза, тұнық күйінде сақтап қалу үшін керек. Ал, адам маймылдан жаратылды деген гепотеза ол Дарвиннің теориясының азғантай ғана бөлігін құрайды.

-Оқулықты әзірлеу барысында неге көбірек сүйенесіздер, отандық ғалымдардың зерттеулеріне ме әлде халықаралық, шетелдік авторлардың еңбектеріне ме?
-Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан екі жақтың да таразы басын тең ұстауға тырысамыз. Отандық мықты ғалымдарымыз да жеткілікті. Шетелдік үздік тәжірибелерін алуға да тура келеді. Мәселен менің аты-жөнім жазылған оқулықтарда мен еліміздегі атақты биофизик М.Гелманов, бүкіл дүние жүзіне танымал орнетолог А.Ковшарь, ауыл шаруашылығы ғылымдарының академигі М.Асанов сынды ғалымдармен бірге автор болып сол оқулықтарды құрастыруға атсалыстым. Бұл оқулықтар негізінен сол ғалымдардың ғылыми зерттеулері бойынша жазылған. Дегенмен биология пәні оқулығына қазіргі қоғамның өзекті мәселелері де кірістірілген. Мәселен «аборт дегеніміз не», «әртүрлі контроцепциялардың тиімділігі» секілді тақырыптар да кездеседі. Көпшілігі мені сол үшін жазғырады. Бірақ менің бұл жерде еш кінәм жоқ деп айтқым келеді. Әңгіменің бәрі оқу бағдарламасында. Бағдарламада не талап етіледі біз соны жазамыз. Одан бір қадам да артық кете алмаймыз. Себебі оқулық жазылып болған соң ол бір жыл бойы мемлекеттік сараптаудан өтеді. Егер сараптамада қате табылса түзету үшін бізге қайта жіберіледі. Біз жай ғана орындаушымыз, не тапсырыс берсе соны жазып береміз. «Жүктілікке қарсы препараттардың тиімділігі» деген тақырыпты жазуға келгенде төрт күн ойланғам. Сондағысы бар-жоғы 1.5 ғана бет. Бірақ балалар оқығанда үстіне су құйып жібергендей әсерде болмасын деп барынша жұмсартуға, алыстан орағытуға тырыстым. Жоғары жақтың талабы сол. Мен енді қайтемін. Жеке өзіме салса, мұндай тақырыптарды оқулыққа мүлде кірістірмес едім. Егер жеке тақырыптарды қозғау керек болса, дәрігер-мамандар жасырын түрде ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек мектепке келіп дәрістер оқып кетсін. Жалпы менің түсінігім осындай.

-Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан
Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.