МЕРИТОКРАТИЯ ҮРДІСІМЕН ҚЫЗМЕТШІГЕ ҮЛКЕН СЕНІМ АРТУ ҚАЖЕТ

Пятница, 01 Ноябрь 2024 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 56 раз

Кез келген ұйымда жұмыс беруші қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді, озық ойлы азаматқа басымдық береді. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет саласына үміткер азаматтарды қабылдау барысында конкурстық іріктеу жүйесі арқылы ең үздік үміткер таңдалады.

Мемлекеттік қызметтің өзіне тән ауыр тұстары және қызығы болады, мемлекеттік қызметшінің әрбір күні өзіне үлкен тәжірибе жинақтау десем артық болмас. Сондықтан да, өз ісінің маманы болу үшін жұмыс барысында өзін-өзі дамытуға ұмтылып, құзыреттілігін арттырып, өзінің міндеттерін адалдықпен, бастамашылдықпен атқарып, ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды жоғары нәтиже көрсетіп орындауы қажет. Әрине, оның нәтижесі де өз жемісін береді деп білемін, себебі мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби жетістігімен және адал еңбегімен ерекшеленетін азаматтарды қызмет барысында ілгерілеу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңында «меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету» деп танылады.
Бүгінде Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері арасында өзінің жеке қабілеттерін жоғары деңгейде екендігін көрсетіп, жинақтаған тәжірибесімен оң нәтижеге жетіп, ерекшеленген азаматтарды меритократия тәсілімен бір саты лауазымын жоғарылатуға басымдылық берілген. Атап айтқанда, аппараттағы бар болғаны 28 мемлекеттік қызметшінің 2021 жылы 4 мемлекеттік қызметші, 2022 жылы 3 мемлекеттік қызметші, 2023 жылы 4 мемлекеттік қызметші және 2024 жылы 6 мемлекеттік қызметші бас маманнан – бас инспектор, бас инспектордан – бөлім басшысы, бөлім басшысынан – аппарат басшысы және аудан әкімінің орынбасары лауазымдарына бір саты қызметтері ілгерілеген.
Аудан әкімі Рашид Мамытұлы әрдайым әр жоғарылаған мемлекеттік қызметшіге үлген үміт артып, үлкен жауапкершілік жүктелгенін және өзінің жинаған тәжірибесімен қызметін сапалы орындауды талап ете отырып, жаңа қызметіне сәттілік тілеп, ұжым алдында құттықтап мәртебесін көтеріп отырады.
Басшылық тарапынан тұрақты дәстүрге айналған меритократия үрдісі әрбір аппараттың қызметшілердің жүрегіне үлкен сенім ұялатып, өз ісін сапалы, адал атқаратын қызметкер болуға ынталандыру – басқару тәсілінің тиімді көрсеткіші болып табылады деп білемін.
Мемлекеттік қызмет – бұл үміткерлерден тек кәсіби дағдылар мен білімді ғана емес, сонымен қатар өз еліне деген жауапкершілік пен адалдықтың жоғары деңгейін талап ететін жауапты және мағыналы жол.
Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратындағы мемлекеттік қызметке келген кез-келген жас маман жұмыс барысында тез дағдыланып, бейімделу және тәжірибе жинақтау үшін тәжірибелі тәлімгерлер бекітіледі. Практикада, тәлімгер болып көбінесе меритократия қағидатымен жоғарылаған тәжірибелі қызметкер бекітіліп, өздерінің өмірлік жинаған дағдыларымен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп білікті маман болуына бірден-бір себебін тигізеді. Сонымен қатар, әрбір мемлекеттік қызмет саласына келген жас маманға үш ай көлемінде сынақ мерзімі беріледі, сынақ мерзімі-білікті және адал қызметкерлерді іріктеуді қамтамасыз ететін маңызды кезеңде қызметші өзінің қабілетін көрсетуге және ұжымға кіруге мүмкіндік алатын уақыт.
Жалпы, мемлекеттік қызмет саласында еңбек жолын бастаған мемлекеттік қызметшіге тәлімгер бекіту және сынақ мерзім тағайындау қызметшінің өз міндеттерін тиімді орындай алатын және елдің дамуына үлес қоса алатын ең қолайлы және дайындалған мамандардың қалыптасуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да, басшылық тарапынан әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысын жүйелендіру үшін мотивациялық тәсілдерді тиімді пайдаланып, қызметшілер арасында талантты, ынталы, белсенді және білікті мамандардың санын арттырып, жетілдіру жұмыстары жүргізу керек. Себебі, біздің қызметіміздің нәтижелілігі және басты міндеттеріміздің бірі – мемлекеттік қызметшілер өз құзыреті, білімі, іскерлігі мен дағдылары шеңберінде барлық реформалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру.

Жәнібек ОСПАНОВ,
Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.