Мейіржан – университет мақтанышы

Пятница, 24 Февраль 2023 05:59 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5509 раз

bitimi-bolek-baluan

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-ші курс студенті Мейіржан Әбдімәліков өткен жылы қазақ күресінен әлем чемпионатында үшінші орынға иелік етті. Жастар арасында, аса ауыр салмақта белдескен жас дарын әлемдік сайысқа алғаш қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. М.Әбдімәліковтің бүгінде салмағы 145 келі тартады. Болашақта «Қазақстан барысы» турнирінде Шымкент қаласының намысын жыртар талапты жастың бірі. ОҚУ-дің Аграрлық факультетінде оқитын жас қайрат оқу орнының 7-ші корпусындағы күрес залында шеберлігін шыңдауда.

Аталған күрес залының жеңісті дәстүрі бар. Білікті маман, Шымкент қаласының дзюдодан ересектер құрамасының аға бапкері Еркебай Тілешбековтің дарынды шәкірттері бір шоғыр. Өткен жылы осы осы залда тер төккен шәкірттер әлемдік және халықаралық турнирлер, ел чемпионаттарында үздік шықты.

Атап айтқанда, Ұлдана Үсейінова дзюдодан жастар арасында ҚР чемпионатында 3-ші орын, Мейіржан Әбдімәліков дзюдодан жастар арасында ҚР чемпионатында және қазақ күресінен жастар арасында ҚР чемпионатында 3-ші орын жеңіп алды. Санжар Нұрсейіт самбодан жастар арасында ҚР чемпионы және әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, грепплингтен бойжеткендер арасында Аружан Елікбаева, Бақдәулет Абызов ересектер арасында әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды.

Іргелі оқу ордасының студенттері дәстүрлі Универсиада ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Тарихтан сыр тартсақ, Базарбек Дөңбай, Александра Подрядова сынды Олимпиада ойындарына қатысқан дзюдошылар да осы күрес залында шеберліктерін шыңдаған.

Сондай-ақ, ОҚУ түлегі Нұрсат Темірхан былтыр XI «Қазақстан барысы» турнирінде 4-ші орын алды. 2018 жылы «Оңтүстік барысы» Ерсұлтан Мұзаппаров осы межеден көрінген. Араға төрт жыл салып, 1999 жылғы жас өрен Нұрсат Темірхан жартылай финалға шықты. «Тілеу» лақап атты, салмағы 120 келі тартатын жерлесіміз ширек финалда «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевтен (Ақтөбе облысы) басым түсті. Әттеген-айы, жартылай финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповпен белдесуде қолын жарақаттап, үшінші орын үшін белдесуге шыға алмады.

Иә, шаһарда қазақ күресінен ауыр салмақтағы дарынды жастардың қатары артып келеді. Нұрсат Темірхан, Марат Байқамұров, Нұрсұлтан Қожагелді... Міне, енді олардың қатарына Мейіржан Әбдімәліков те қосылды. Ендігі үміт – жастарда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.