Shymkent marathon жарыс бар жерде, жеңіс бар Избранное

Среда, 20 Сентябрь 2023 06:40 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 720 раз

Шымкент қаласында «Shymkent Marathon» ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-шы рет өтті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, биылғы бәсекеге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Молдова, Моңғолия және еліміздің басқа өңірлерінен, жалпы 60-тан астам қаладан қатысушылар тіркелген. 2018 жылы басталған бұқаралық сайыс осылайша жалғасын тауып отыр.

400

 

Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетті. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері бақтарын сынады. Биыл 7 қашықтық бойынша, атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және ерекше балалалар арасында сайыстар өтті.
Жарыстың алдында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов барша қатысушыларға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді.
– Іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

401


Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен. Марафонның басты қашықтығы – 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі «Эврика» сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді. 42 шақырымдық марафон жеңімпазы 350 мың теңге, 21 шақырым жеңімпазы 250 мың теңге, 10 шақырым жеңімпазы 200 мың теңге, 5 шақырымдық марафон жеңімпазы 100 мың теңге қаржылай сыйақылармен марапатталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 14 млн теңге.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған сайыста жалпы 700-ге жуық волонтер қызмет етті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.