Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар Избранное

Среда, 22 Ноябрь 2023 10:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1173 раз

Ел арасындағы «біздің елде ештеңе өндірілмейді, бәрі сырттан келеді» деген стереотип өткеннің еншісінде қалды. Өйткені қазір халық тұтынатын азық-түліктер толықтай отандық кәсіпорындарда өндіріліп жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін, халықты азық-түлік өнімдерімен қамтып отырған 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл өндіріс орындарының дені Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеп, шаһар халқына жоғары сападағы азық-түлікті ұсынып отыр. Біз бұған қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.

604

 

Отандық нарық: шымкенттік өнімнің үлесі артты

Қаламыздағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың басым бөлігінде ұн, макарон, шұжық, көкөніс және балық консервілері, сүт өнімдерінен ірімшік, айран, сары май бар. Осы кәсіпорындардың 8-і сүтті қайта өңдеп, дайын өнімдерді шығарумен айналысады екен. Тарқатып айтар болсақ, «Intermilk Kazakhstan» ЖШС, «Оңтүстік Agro LTD» ЖШС, «Golden Cheese» ЖШС, «Bio food kz» ЖШС, «Izmir trade» ЖШС, «Бәйтерек Агро» СПК, «Дони LTD» ЖШС және Нұрсұлтан ЖК жыл басынан бері 50 мың тонна сүттен 500 тонна сары май, 3000 тонна ірімшік өндірген. Бүгінде жоғарыда аты аталған өндіріс орындарына «Өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өнім өндіру қуаттылығы артып келеді.
Бұл дәйектерді текке келтірмедік. Өйткені баспасөз турының алғашқы нысаны оңтүстік өңірін отандық қатты ірімшікпен қамтып отырған «Intermilk Kazakhstan» кәсіпорны болды. Аталған мекемеде қатты ірімшік өндірісіне жұмсалған шикізатқа кеткен шығынның әр келісі үшін 28 теңге, ал сары майға 18 теңге мемелекет тарапынан субсидия төленіп жатыр. Қаратау ауданындағы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан өндіріс орны сол аумақтағы 25 адамды жұмыспен қамтыған. Цехта қазір күніне 15 тонна сүт қайта өңделіп, одан 1,5 тонна құрт, ірімшік, сарымай, қаймақ, сүзбе секілді өнімдер алынады.
Негізінен бұл кәсіпорынның іргетасы «Эм-Нур» ЖШС атауымен 2001 жылы қаланып, жылына 2000 мың тонна сүтті қайта өңдеп, ішкі нарықты қатты ірімшікпен қамтамасыз етіп отырған еді. Ал, 2022 жылы өндіріс орнын «Intermilk Kazakhstan» компаниясы сатып алып, заманауи жабдықтармен жарақтап, жаңа технология негізіндегі өнімдер шығарыла бастаған.
–Бүгінгі күні цехты Түркияның жаңа жабдықтарымен толықтырып жатырмыз. Толық қуатына енсе, күніне 25 тонна сүтті қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Шикізатты, яғни сүтті осы маңдағы шаруа қожалықтар мен тұрғындардан сатып аламыз. Әкелінген сүт алдымен ветеринар-мамандар мен технологтар тарапынан зертханалық тексеруден өтеді. Өнімдеріміз қазір ішкі нарыққа шығарылып жатыр. Өзбекстандық әріптестермен жүргізілген келісімдердің нәтижесінде 2024 жылдан бастап өнімдерімізді көрші елге экспорттаймыз, – деді компания директоры Бақтияр Қалмұратов.

605


Кәсіпорында қатты ірімшік өндіру ісіне Түркиядан арнайы маман шақырылған. Сүт өнімдерін өндіруде 35 жылдық тәжірибесі бар Кемал Култар мырза екі жылдан бері өндіріс орында еңбек етіп келеді.
–Бұған дейін Түркияда 25 жыл ірімшік өндірісінде технолог болдым. Соңғы 10 жылда Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда құрылған сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындарға арнайы шақырумен келіп, өз тәжірибеммен бөлістім. Міне, 2022 жылдан бастап Шымкент қаласында жинаған барлық тәжірибемді сапалы өнім шығаруға қолданып жатырмын. Бұл жердегі өнімдердің сапасы өте жоғары. Түркия, Европада өндірілген ірімшік пен Шымкенттің ірімшігінің сапасы бірдей деп айтуға болады. Алдағы уақытта өндіріс жаңа технологиялар санын арттырып, өнімнің көлемін өсіруді көздеп отырмыз, – дейді маман.
Кәсіпорын қалада апта сайын бағаны тұрақтандыру мақсатында өткізілетін жәрмеңкелерге қатысып, азық-түліктің бағасын қолжетімді етуге өз үлесін қосып жатыр.

«Субсидияның көмегі көп»

Шымкент – көкөніс, жеміс-жидегімен елімізге ғана емес, шетелдерге танымал қала. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестік қабілеттілігіне ілгеріде күмәнмен қарайтындар көп болатын. Алайда, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар көптің күмәнін сейілткен. Соңғы жылдары әсіресе жылыжай саласына қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия қаралған. Соның нәтижесінде қала аумағында өнеркәсіптік және өндірістік жылыжай кешендерінің қатары көбейді. Қазірдің өзінде қалада көкөніс өсіріп отырған 139 гектар жылыжай бар. Өнімділікті арттыру мақсатында биыл минералды тыңайтқыштар, тұқым шаруашылығын дамыту, пестицидтер мен биоагенттерді субсидиялау бағдарламасы аясында кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеліпті. Бұдан бөлек, қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, жылыжайларды жылыту мақсатында қолданылған электр қуаты, көмір мен газ шығындарының 20 пайызын субсидиялауды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қолдауға ие болып отырған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешенінде жылына 500 тонна өнім жиналады. Аумағы 2 гектар жылыжайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек.
–Жылына екі рет көкөніс көшетін өсіреміз. Ерте көктемде қияр өнімін жетілдірсек, күзгі диқаншылыққа қызанақ ыңғайлы. Жылыжай Голландия технологиясымен жабдықталған. Осы маусымда қызынақтың «Торетто» сортын өсірдік. Әр түп көше 5-6 келі қызанақ береді. Өнімді қаладағы базарларға мен солтүстік өңірлерге тасымалдаймыз. Диқаншылығымыз үшін жылыжайдың әр гектарына, тұқымға және өсімдікке қажетті минералды тыңайтқыштар үшін мемлекеттің қолдау субсидиясын алдық,– дейді шаруа қожалық жетекшісі Фаррух Ифтихари.

«Мемлекет қолдауы шаруашылықты кеңейтуде көмек болды»

Шымкентте 3 400-ден аса шаруа қожалығы мен фермерлер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығы, 6-ы балық шаруашылығы, 4-і құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту үлесін арттыру. Жыл басынан бері шаруалар 8,8 мың тонна ет бордақылап, қала халқына қажетті 18,1 мың тонна еттің 34 пайызын қамтыған екен. Шымкенттіктердің жылыны сүтті тұтыну қажеттілігі 101,4 мың тонна болса, оның 51,4 мың тоннасын жергілікті шаруа қожалықтар өндіреді. Ал, құс фермаларында өндіріліп жатқан 141 млн дана жұмыртқа шаһарлықтарға қажетті азықтың 83 пайызын қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізі міндеті де осы – қаладағы азық-түлікті өз қаламызда өндіру. Мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен ірі қара, қой, жылқылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату үшін 234,1 млн теңге қаржы қаралыпты. Жалпы қала аумағында 62 965 ірі қара, 72 336 қой, ешкі – 5 324 бас, жылқы 10 580 бас, шошқа – 1305 бас, құс – 930 010 құс бар. Сайрам тұрғын алабындағы «Алтынсай» шаруа қожалығы осы мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруасын дөңгелетіп, фермада бүгінде мал басы 1000-ға жетіп, жылқы мен бөдене шарушылығын да дамытып отыр.

603


–Етті бағыттағы ірі қараларды өсіруді 2016 жылы 500 ірі қарадан бастадық. Бұқаларды солтүстік өңірден, ал жылқыларды Ресейден әкелеміз. Өйткені Ресей жылқылары қазақы жылқыға қарағанда ірі, әрі етті келеді. Жылқыны 4-6 ай аралығында бағамыз. Жас тайлар 300 келі, ірі жылқы 500 келіге дейін ет береді. Мемлекеттен аналық жылқы үшін субсидия аламыз. Мұндай қолдау шаруашылықты кеңейтуге біршама көмек болды. Ай сайын 250-300 жылқыны бордақылап 75 тонна ет аламыз. Ірі қараны бағу мерзімі көп уақытты алады. Сондықтан айына 150-200 басты бордақылаймыз. Жалпы жылына 750 тонна жылқы, 650 тонна ірі қараның етін Шымкент қаласынан бөлек, Астана мен Қарағанды қалаларына тасымалдаймыз, – дейді қожалық жетекшісі Сардар Қожаахметов.
Бұған қоса қожалықта еті мен жұмыртқасы адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруларға шипа болатын бөдене құсын да асырауда. Қазіргі таңда 40 мың бөдене өсіріп отыр. Оның жұмыртқасы мен етін қала аумағымен қатар, көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізіп жатыр.