Солтүстік бағытқа шығуға ыңғайлы жағдай жасалды
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев М.Х.Дулати, Қазыбек би көшелеріндегі өзгерістер, Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші, 5-ші кезеңі және «Оңтүстік» айналма жолы құрылысында жүзеге асқан жұмыстарды таныстырды.
Қалада жол құрылысы, қайта құру, орташа жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылыа жатыр. Биыл 245 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланса, бүгінде жұмыстардың 95 пайызы аяқталды. Қалған 5 пайызы қараша айында толық орындалады. Басқарманың мәліметінше, негізгі басымдық шалғай елді мекендерге беріліп отыр. Орталық көшелерден Дулати, Қазыбек би, Орынбаев, Алпысбаев көшелері орташа жөндеуден өтті.
Қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес, магистральді көшелердің бірі Қазыбек би мен Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Яғни, асфальт жабындысы жаңартылып, жол және жаяу жүргіншілер жолақтары сызылды. Қазіргі таңда Дулати көшесінде аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр. БАҚ өкілдері аталған көшелерде жүзеге асқан жұмыстармен танысты.
Таяуда Дулати мен Қазыбек би көшелерінде көлік құралдарының қозғалыс бағыттары өзгерді. Басқарма басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев бұл өзгерістер қаланың орталығына, солтүстігіне шығатын көліктерге ыңғайлы жағдай жасау, кептелістердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Қазыбек би мен Дулати көшелерінде көліктердің қозғалысы екі бағытқа ауыстырылды. Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелері қиылысында жолайрық салынғанын білесіздер. Ендігі ретте қаланың орталығына, солтүстігіне шығатын көліктерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында осындай өзгерістер жасалды. Көлік ағыны Дулати көшесінен Бәйдібек би даңғылына жалғасып кетеді. Рысқұлов көшесінің Қазыбек би мен Дулати көшесі аралығында арақашықтық өте қысқа болғандықтан, сол аралықта кептелістер болатын. Осы кептелістердің алдын-алу және болдырмау мақсатында көліктердің бағытын ауыстырдық. Бұл жұмыстар қалалық Полиция департаменті және қала әкімдігімен бірлесе жасалды, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы 2024 жылы аяқталады
Сондай-ақ, қазіргі таңда Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2-ші кезеңінде жұмыстар жалғасы атқарылып жатыр. Құрылыс 2021 жылдың тамыз айында басталған еді. Бұл нысан – бұрынғы ескі қала аумағы болғандықтан мұндағы құрылыс белдеуіне түскен бизнес нысандары, жеке секторлар мемлекет мұқтажына толық алынған. БАҚ өкілдері 2-ші және 5-ші кезеңнің құрылыс барысын аралап көрді.
– Қонаев даңғылы жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынуда. 1-ші, 3-ші, 4-ші кезеңде жұмыстар аяқталды. 2-ші, 5-ші және 6-шы кезеңде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы нысанды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда. Бесінші кезеңнің жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Осы айда аталған жол Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысына ашылады. Көліктер Саттарханов көшесінен Республика даңғылына қосылып кету мүмкіндігі бар. Жалпы Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы «Оңтүстік» айналма жолына қосылады, – дейді Өмір Сәметұлы.
Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол
БАҚ өкілдері танысқан үшінші нысан – «Оңтүстік» айналма жолы. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 16 шақырым «Оңтүстік» айналма жолының да құрылысы қарқын алған. Бұл нысан — Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы қала ішіндегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды.
Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы айтқанда, бұл – кептелісті азайту бағытында жасалып жатқан нысан.
Басқарма басшысының орынбасары нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру жоспарда екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалы мамандары жол құрылыстарының сапасына бақылау жұмыстарын жүргізеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс екенін атап өткен еді.
– Қазір Қонаев даңғылы жалғасы құрылысына іріктеме сараптама жүргізіп жатырмыз. Біздің мамандар құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарына сараптама жасауға айына 2 рет шығады. Мұнда жұмыс барысында реттелетін ақаулар бар. Ондай ақаулар дер кезінде жойылып отырады. Жалпы күрделі жөндеуде, құрылыста ақаулар онша көп емес. Негізгі мәселелер ол орташа жөндеуге қатысты, – дейді мекеме басшысы Мұхтар Дүйсембеков.
Осыдан 4 жыл бұрын қаладағы жол құрылысында жылына мыңнан астам ақау анықталса, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 4 есеге кеміген.