Қоқыстан қуат өндіретін күнге жетейік! Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 315 раз

Күл-қоқыс қаланың репетін қашырады. Бұл екінші жағынан – антисанитария. Әлемде қоқысы жиналмайтын, лас мемлекеттердің бірі ретінде Үндістан аталады. Ганга өзенінің жағалауында тұратын қалаларда қалдықтар тасымалданбайды екен. Үй ішінен шыққан қоқыс көше бойында тау болып үйіліп тұрады. Ганганың жылда толып таситын уақыты болады. Көшеге толқып ағып, бар қоқысты сыпырып-сиырып теңізге алып кетеді екен. Бұл теңізшілерге өте қолайсыздық тудырады әрі экологиялық кесел.

musor

 

Шымкентте Ганга өзені жоқ. Біздегі қоқыстардың жағдайы қалай. Сараптап көрдік.
Өткен жылы қаладағы қоқыс полигонына 250 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар қабылданған екен. Орта есеппен қалада жылына 250-300 мың тонна қоқыс шығарылады. Қала аумағы ұлғайып, тұрғындар саны артқан сайын бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Оған қоса, «Ғарыш Сапары Ұлттық компаниясы» АҚ мекемесінің мониторингі нәтижесінде қоқыстар бей-берекет тасталған 26 орын анықталып, қоқыс үйінділері жойылған. Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, сұрыптау, қоқысты жою – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілқайыр Оңғар баспасөз брифингінде өткен жылы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлардан хабардар етті. Оның айтуынша, 2023 жылы қоқыс полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Аталған жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарды сақтай отырып жалпы көлемі 300 мың текше метр топырақ төселген.
Жалғыз қоқыс полигоны Тұран ауданының Ақтас-1 елді мекенінде орналасқан. Полигонның аумағы – 29 га. Қазіргі таңда күз, қыс, көктем мезгілінде бір күнде полигонға 700-800 тонна қоқыс қабылданады. Ал жаз айларында 1000-1200 тоннаға дейін жетеді екен.
Қоқыс полигонына былтыр қаңтар айынан бастап 240 745,82 тонна тұрмыстық қалдық қабылданып, 81 904,005 тоннасы сұрыптауға жіберілді (сұрыптау үлесі 34,02 %). Басқарманың мәліметінше, қалада жылына 250-300 мың тонна қалдық шығарылады.

2022 жылы полигонда 12 рет үлкен көлемде өрт болған еді. Былтыр бірде-бір рет мұндай төтенше жағдай тіркелмеген. 2023 жылы ақпан айында қалалық қоқыс полигоны мемлекеттік меншікке өтті.
– ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан жүргізілген космомониторинг бойынша қоқыстар бей-берекет тасталған 26 орын анықталып отыр. Олар негізінен, Бадам өзені жағалауы, шатқалдар, ескі қала аумағындағы бос жатқан жерлерге тиесілі. Бей-берекет қоқысты сол елді мекенге жақын орналасқан тұрғындар тастайды екен. Ал басқарма және аудан әкімдіктері тарапынан аталған орындар тазаланып, ретке келтірілді, – дейді Әбілқайыр Бақытқалиұлы.
Шымкентте 2020 жылы 209,1 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналса, былтыр бұл көрсеткіш 250 мыңға жуықтаған. Қалдықты қайта өңдеу үлесін 2025 жылға дейін 35 пайызға жеткізу назарда тұр. Шаһарда былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 26,25 %-ға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштен (24%) шамалы болса да жоғары..
Осы проблемалық мәселелерді шешу үшін Үкімет барлық өңірлердің әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге нақты тапсырмалар берді.
Таяуда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан
Нысанбаев коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту туралы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізген-тін. Брифингте министр жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілетінін, олардың басым бөлігі барлық жерде бөлек жинаудың болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі қуаттардың жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көмілетінін атап өткен еді.

musor-1


Сонымен қатар, Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдамаға сәйкес, тұрғындарды 2030 жылға дейін қалдықтарды шығару қызметімен қазіргі қамтылған 81%-дан 100% дейін қамтамасыз етіп, қайта өңдеуді қазіргі 24%-дан 40 %-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикада 3016 қоқыс полигоны бар екен, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкесі – 624 (20,6 %).
Осыған байланысты қазіргі уақытта министрлікте шағын және шалғай елді мекендерде қоқыс тастайтын қолданыстағы орындарды (тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары) ресімдеу тетігі пысықталуда. Атап айтқанда, оларға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыс талаптары (қоршау, салмақ өлшеу жабдықтары, су мен санитарлық қорғау аймақтары, дозиметриялық бақылау және т.б.) талқыланып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда қоқыстарды жою бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда, Абай облыстары және Шымкент, Алматы қалаларында байқалады.
Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындап отыр. Ол үшін шетелдік инвесторлармен нақты келісімге келу қажет. Әбілқайыр Бақытқалиұлының айтуынша, осы бағытта шетелдік инвесторлардан бірқатар ұсыныстар түскен.
– Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы ретте Түркия, Испания, Германия, Қытайдан бірнеше инвестордан ұсыныстар келіп түсті. Қазіргі уақытта қала әкімдігі министрлікпен бірлесіп, олардың ұсыныстарын зерделеп, талқылауда. Ұсыныс бергенімен жұмысты жүргізу алгоритмін, уақытын әлі нақты анықтаған жоқ. Жалпы оларға қажетті қоқыстың көлемі, морфологиялық құрамы, тағы басқа барлық мәліметтерден хабардар. Қазіргі таңда қызығушылық танытып отырған бірнеше инвестор бар. Осы келісімдер биыл шешімін тапқан жағдайда сіздерге қосымша хабарлаймыз, – деді Ә.Оңғар баспасөз брифингінде.
Бізге белгілі болғандай, Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынған. Қала әкімдігінің мәліметінше, әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытқан. Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Дегенмен, бұлардың бәрі әзірге ұсыныс қана.
Сонымен қатар, 2023 жылы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тариф қайтадан бекітілді. 2023 жылдың сәуірінде мәслихаттың шешімімен тұрғын үйлерге 378 теңге, көпқабатты үйлерге 413 теңге, заңды тұлғаларға 2389 теңге боп бекітілген. Қолданыстағы тариф 10 жылға жуық уақыт көтерілмегенін айта кеткен жөн. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Ә.Оңғар қазіргі таңда көтерілген тарифтің өзі басқа қалалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін айтады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне ақы төлеуге міндеттелген. Алайда, тазалық шараларына жұмылдырылған компанияларға кей тұрғындардың абоненттік төлемдер жасауға келгенде жалтаратыны байқалады. Жылдар бойына қордаланған қарыз тазалық шараларын тиісті ережелерге сай атқаруда кедергісін келтіруде. Бұл мәселе де газетімізде бірнеше рет көтерілді.
Қала ортақ үйіміз екенін ескерсек, оның көркі, қоршаған ортаның тазалығы үшін әрбір тұрғында жауапкершілік бар екенін ұмытпаған жөн. Тазалық өз үйіміздің ауласын тазалаудан, тазалықты жүргізетін қызметкерлердің еңбегіне құрметпен қарап, тиісті ақысын төлеуден басталмақ. Сондай-ақ, белгіленбеген орындарға бей-берекет қоқыс тастау да өзімізге, өз тұратын мекенімізге құрметсіздік екенін ұғынайық.
Қалдықты өңдеудің тиімді жақтары табылса, қала экологиясымен қатар пайдасы да зор болмақ. Жапония сияқты елдер үшін бұл түк те проблема емес. Қалдықтарды престеп, мұхит шайған жағалауға тастап, жер жыртығын жамап отыр.
Шымкентте қалдықтан электр қуатын өндіретін кәсіпорындар салынса, энергиядан тапшылық көріп отырған қала маңындағы ауылдарға үлкен қолдау болар еді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.