ОТАНЫМЫЗ – БІР, ТАҒДЫРЫМЫЗ – ОРТАҚ Избранное

Пятница, 01 Март 2024 10:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 499 раз

Елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні болып 2016 жылдан бастап аталып келеді. Кеңес өкіметінің уақытында жауынгерлік борышымызды Сахалиннің Анива қаласында өткіздік. Кейін білсек, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқов ағамыздың да солдат етігі Аниваның мұхитпен жалғасқан жағалауын екі жыл таптаған екен. Бізді таң қалдырғаны, қалада кәріс ұлты көп еді. Машиналарының нөмерлері сары түсті болатын. Кеңестік азамат еместігі содан байқалатын. Кеңес солдаттарына жақтырмай қарайтын, бейсауыт жүрмейтіні, қауіптенетіні көрініп тұратын еді.

algiz

 

Кезінде КСРО мен Жапон мемлекеті арасында қырғи қабақ соғыс тұтанғанда тап осы Анивадағы кәрістер Қазақстанға жер аударылған екен. Сәбет өкіметі оларға сенбеген. Тар жерде қолтықтан пышақ ұрады деп қауіптенген ғой.
– Біздің ата-бабаларымызды бүкіл Сібірдің үстімен тозығы жеткен эшелонға тиеп Қазақстанға жеткізіпті,-дейді Оңтүстіктегі корей этномәдени орталығының төрайымы Светлана Пак. – Беймарал, дайындықсыз жүрген жерінен ұстап, қарумен қорқытып, эшелонға қамаған ағайындарымыздың жартысы жолда аштық пен суықтан қырылып, сүйектері шашылып қалды. Қазақ жеріне осылай келдік.
Ата-аналарымыз «сендердің өмірлерің үшін қазақ халқына қарыздармыз» дегенді жиі айтатын. Жас болдық, мәнін көп түсінбеппіз. Біз ғана емес Қазақстанға айдаумен келген барлық этнос өкілдері осы азапты бастан кешірді. Бауырмал қазақ халқының арқасында аман қалдық. Қазақстан – біздің ортақ отанымыз. Сондықтан да жүрек қалауымызбен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнаттық. Бұл аш-жалаңаш, азып-тозып келген түрлі этносқа құшағын ашқан, қолындағы жарты нанын бөліп беріп, үйінің төрінен орын берген қазақ ұлтына құрметіміз.
Тап осыған мағыналас пікірлерді Қап тауынан жер аударылған ағайындарда жүректері жылап тұрып айтады.


Қайтқан неміс кейуана екен. Жас кезінде ата-анасы саяси қуғын-сүргін көріп Қазақстанға келген. Арып-ашып қорлық көріп келген жұрт қазақтың кең құшағына сыйған, қамқорлығын көрген. Сыйластықтың соңы ағайын, бауырға ұласқан.
Ес біліп, етегін жапқаннан кейін, заман тыншығаннан кейін немістер тарихи Отанына қайтты. Сол кездегі өрімдей қыз, кейінгі кейуана балаларына өсиет қалдырыпты. «Қазақтан туыстан артық қамқорлық көрдік. Алда-жалда көз жұмар болсам, сүйегімді қазақтың әнімен шығарыңдар».
Сонау Германия, бүгінде бүкіл дүние жүзіне мәлім мықты мемлекеттің ханымы біздің молдалар аузынан тастамайтын бақи дүниеге қазақ әуенімен аттанды.
Туысқандай болып кеткен неміс халқына қазақтың да алғысы шексіз. Қазақтың шын жанашыры, «қазақтың қазағымын» дейтін Герольд Бельгерді қалай ұмытуға болады?!
Оның да ата-анасы жерлестерімен зұлмат жылдары Павольжеден Қазақстанға жер аударылыпты. Шұрқ тесік вагон. Қыс қаһарлы, аяз көкпеттеніп, сәл ашық қалсаң аяусыз тістейді. Бұларды алып келе жатқан, тұлып киген, ауыздарынан тоқшылық пен самогон иісі мүңкіген айдаушы солдаттар одан сайын зәре-құттарын алады.
– Сендерді қазақтарға әкеле жатыр. Олар жабайы халық. Кісі етін жейді, – дейді де тұлыптарының жағасын көтеріп, қарқ-қарқ күледі. Аш, жалаңаш, біразы жолда үсіп өлген немістерде үн де, әл де жоқ.
Топырлатып айдалаға түсіріп кетеді. Күтіп тұрған түйелі, атты қазақтар жақындайды. «Ал, енді тірідей жейді». Жемепті. Ешқайсысын. Жалмауызға ұқсамайды екен. Көздері мейірімге тұнып тұр. Қолдарындағы киіз жамылғы, тондарын үстеріне жабады. Ымдап жүріп әр отбасыны өз үйлеріне бөліп алады. Ауызғыны қоспағанда екі бөлмелі қоржын там. Бір бөлмесін босатып қойған. Ыстық қауметін жік-жаппар болып ұсынып жатыр. Араға ай түспей бұрын бірін-бірі көрмеген, ұлты да, діні де, дәстүрі де бөлек екі халықтың адамдары тонның ішкі бауындай дос болып кетті.
Бұл – мәңгілік достық. Негізгі, неміс ұлты – ерекше халық. Тарихи отандарына қайтты. Қазақстаннан көшкендердің ұрпағы Германияда дүниеге келді. Сөйте тұра барлығы қазақтан көрген жақсылығын ұмытпайды. Әлі күнге дейін қазақ Туын жайнатып, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тамағын пісіріп, қазақша ән айтып, қазақ әуеніне билейді. Осындай бауырмал ұлттың баласы болғандығың үшін жүрегіңді мақтаныш кернейді.
Ал, осыдан кейін қазақты тасбауыр, нашар халық деп көр. «Қазақтың жауы – қазақ» деп әлдебіреулер шығарып алған нақылды айтып ұлтымызды жерге ұратын, соры қайнаған ұлт ретінде көретін желбуаздар өз ішімізде көп қой.
– Ағай, бүгін Алғыс айту күні ғой. Бар арманыңыз орындалсын!
Қаршадай қыз тілек жазылған жүрек пішіндес қағазды қолға ұстатты.
Олар «Қазақ халқына мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қоюға бара жатыр. Риясыз күлкі, ашық аспан, бақытты балалық шақ көшені толтырып барады.
Бұл – бүгін.
Ал, кеше ше?
1937 жылдан бастап талай ұлт пен ұлыстың басына нәубет түсті.
Сталиндік репрессия Қазақстанның кең байтақ даласын түрмеге айналдырғанымен қоймай, жүздеген ұлтты үркіншілікке ұшыратты. Поволжьеден немісті көшірді, Қап тауының өршіл азаматтарын ажал вагонына салып Қазақстанға әкеліп төкті. Қиыр Шығыстан кәрістер жетті көздері жаутаңдап. Елінде бүлкіншілік болған соң Иран жастары қалды мемлекетіне өте алмай. Жолай өлгені өліп, қалғаны аш-жалаңаш жеткен сол жұртқа қамқор болған – қайырымды қазақ жұрты.
Бұған дейін де Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Бұлардың бәрі бақытын қазақ жерінен тапты.
Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн.
Бүгінде көгінде көк туы желбіреген егемен елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеді.
Оңтүстікте тағдыр талайымен келген жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бар. Олар қиын күндерде өздеріне таяныш болған, өз бауырындай алқалаған қазақ жұртына алғысын осылайша білдіріп жатыр.