Жұмысшы мамандар жерде қалмайды

Пятница, 24 Май 2024 06:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 333 раз

WorldSkills Kazakhstan-2023 кәсіби шеберлік ұлттық чемпионатының алтын медалі Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледжінің студенті Алексей МИРАХИМОВҚА бұйырып, әлем чемпионатына жолдама алды. Биылғы қыркүйек айында Алексей Францияның Лион қаласында ел намысын қорғайды.

 

Мақсат – алғашқы ондыққа кіру

Қазақстан WorldSkills қозғалысына 2014 жылы қосылды. Содан бері еліміз осы қозғалыс аясында өткізілетін түрлі деңгейдегі чемпионаттарға белсенді түрде қатысып келеді. WorldSkills чемпионаттары екі жылда бір рет әр мемлекетте өтеді. Оған 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, сонымен қатар танымал мамандар, кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретіндегі нұсқаушылар қатысады.

Бұл үлкен жаһандық қозғалыстың басты мақсаты – дүние жүзінде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту.

tilek

– 2023 жылдың қараша айында Астанада еліміздің барлық он жеті облысынан колледж студенттерінің басын қосқан WorldSkills Kazakhstan-2023 республикалық чемпионаты өтіп, біздің колледж студенттері токарьлық өңдеу және дәнекерлеу жұмыстарына байланысты екі құзыреттілік бойынша сайысқа қатысты. Чемпионат олар үшін жемісті болды. Студентіміз Алексей Мирахимов «ЧПУ станоктарында токарьлық жұмыс» тақырыбы бойынша алтын медальға ие болды, ал «Дәнекерлеу технологиясы» мамандығы бойынша Жақсылық Байшериев бірінші болды. Бәсекелестік рухы кәсіби дағдыларды дамытуға тамаша серпін береді. Сондықтан сәуір айында Алексей Мирахимов БАӘ астанасы Абу-Даби қаласында өткен EmiratesSkills-2024 жолдастық халықаралық чемпионатқа еліміздің атынан қатысты. Бұл жарыста Алексей Австрия мен Франция өкілдерін басып озып, жүлделі үшінші орынды иеленді, – дейді ақжарма жаңалығымен бөліскен колледж директоры Тілек Исахметов.

Ал, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрболат Абдуллаевтың мәлімдеуінше, бүкіл әлем бойынша тек жұмысшы мамандықтарын даярлайтын колледждер арасында өтетін чемпионатқа қатысу үшін студенттер кезеңден бойынша іріктеледі. Қалалық кезеңнен өткендер республикалық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезеңге бұл колледжден үш студент қатысқан.

Қазақстанның атынан барған шымкенттік жас өрен «Сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардағы токарьлық жұмыстар» тақырыбын сарапшысы– колледждің токарьлық іс мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Нұрболат Асылбекұлымен қорғап шықты.

nurbolat

– Бұл чемпионатты әлемдік WorldSkills Lyon – 2024 чемпионатына дайындық ретінде қабылдадық. Алексей дің ерекше дайындықтан өтіп жатқанына біз қуаныштымыз. Әлемнің үздіктері бақ сынасатын дүбірлі доданың алдында дәл осындай мүмкіндікті тудырып, жарысқа арнайы шақырған Біріккен Араб Әмірлігі елінің ұйымдастырушыларына айтар алғысымыз мол, – дейді Нұрболат Абдуллаев.

Халықаралық деңгейге шығу – уақыт талабы. Жақында колледж аккредиттеу аудитінен өтті. Оны Франция Білім министрлігі жанындағы Париж академиясының сарапшысы Реда Фара басқаратын аккредиттеу комиссиясы жүргізді. Егер аккредиттеу сәтті аяқталса, оқу орны түлектерінің дипломдары Еуропада және бүкіл әлемде жұмысқа орналасуға жарамды болып танылады.

Сондай-ақ, оқу орнының өкілдері маусым айында Францияға баруды жоспарлап отыр. Парижде олар дәнекерлеуші және токарьлық өңдеу мамандарын даярлайтын жергілікті колледжбен ынтымақтастық туралы меморандум жасамақ.

Нұрболат Абдуллаевтың өзі «ЧПУ станоктарын қосу» құзыреттілігі бойынша республикалық чемпионаттың бас сарапшысы екен. ЧПУ станоктары – компьютер арқылы басқарылатын станок. Өткенді еске алсақ, бұрынғы токарьлық станоктар қол еңбегін қажет ететін. Қазір модернизацияланған және технологиялық тұрғыдан дамығаны сонша, адамдар қолмен жұмыс істемейді: олар жай ғана бағдарламаны машинаға орнатады, ал смарт технология барлығын дерлік өзі жасайды.

2021 жылы «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқу орнының материалдық базасы жоғары технологиялық машиналармен және жаңа соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толыққан.

Нұрболат Асылбекұлы – 2018 жылдан бері WorldSkills қозғалысының мүшесі. Сарапшылықтан бастап, бірте-бірте бас сарапшыға дейін көтеріліп, республикалық чемпионатты ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұл қызметте ол «ЧПУ станоктарын қосу» құзыреттілігі бойынша барлық конкурстық процесті басқарады, тапсырмаларды әзірлейді және жарыстың техникалық жабдықталуын бақылайды.

– Бас сарапшы ретінде төрелік етуге қатыспаймын. Сондықтан біздің колледждің екі студенті – Алексей Мирахимов пен Жақсылық Байшериев жеңіске өздері таза жетті. Алексей сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен EmiratesSkills- 2024 жолдастық чемпионатында өз деңгейін растай алды, – дейді директордың орынбасары.

Абу-Дабиде өткен жолдастық жарысқа бес елдің – Оңтүстік Корея, Франция, Австрия, Қазақстан және БАӘ – өкілдері қатысқан. Әрбір қатысушыға сызба беріліп, соған сәйкес олар алдын-ала бағдарлама құрастырып, төрт сағат ішінде ЧПУ машинасында бөлшекті жасау керек болған. Алексей үшінші орынға ие болды Алғашқы екі орын Оңтүстік Корея мен БАӘ қатысушыларына бұйырыпты. Бұл Алексей Мирахимов баратын Францияда өтетін әлем чемпионатына тамаша дайындық болды. WorldSkills -2024 әлем чемпионатына 25 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Алексей мен ұстазы чемпионатқа қызу дайындық үстінде. «Талап Холдинг» КЕАҚ ұйымы колледж шеберханасындағы оқу-жаттығу жиынына демеушілік жасайды. Өйткені, станоктарда жұмыс істеу үшін көп материал, қымбат жабдықтарға арналған құралдар қажет.

– Менің жаттықтырушы әрі сарапшы ретінде әлем чемпионатына қатысуда тәжірибем бар. 2022 жылы Қазақстан өкілі ретінде павлодарлық студентпен Германияға бардық. Павлодарлық студент сол жылы республикада бірінші орынды иеленген болатын. Германияда 24 елден келген қатысушылар арасында 15-орынға ие болды. Қазір, әрине, біз көбірек дайындық үстіндеміз. Колледж директоры Тілек Исахметұлы WorldSkills қозғалысына қатысты кез келген бастаманы қолдап отыр. Шет елде оқу және тәжәрибе жинау, еліміздің басқа қалаларындағы студенттермен тығыз байланыс орнату – бәріне қолдау көрсетеді. Осының барлығы оқушылардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Айта кету керек, әлем чемпионатында әр елдің дайындық схемалары әртүрлі. Қатысушылар өздерінің дағдыларын шыңдауға жылдап дайындалатын елдер бар. Мысалы, Қытай. Біз қыркүйек айындағы чемпионатқа дайындалуға шамамен бір жыл жұмсаймыз. Лиондағы әлем чемпионатына 25 мемлекет қатысады. Біздің мақсатымыз – ең болмағанда үздік ондыққа кіріп, ерекшелік медалін алу, – дейді Нұрболат Абдуллаев.

 

Алексейдің мақсаты айқын

Алексей Мирахимов – Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледждің 2-курс студенті. Жасы – 17-де. Оқу орнына тоғызыншы сыныптан кейін келген. Мамандығына деген қызығушылық ол оқыған мектепке колледж өкілдері келіп, парақшалар таратып, жоғары сынып оқушыларын экскурсияға шақырғаннан басталған екен.

aleksei

– Біз колледж базасын араладық. Жаңа токарь станоктары бар өндірістік шеберхана маған қатты ұнады. Осында оқимын деп шештім. Токарь мамандығын таңдадым. Әкемнің дәнекерлеуші болып жұмыс істеуі рөл атқарды. Ал, дәнекерлеуші мен токарь – қатар жүретін мамандықтар. Токарьлық станокта көп нәрсені: әртүрлі бекіткіштер, тісті доңғалақтар, муфталар, гайкалар, шахмат фигуралары, медальдар, автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер, машина жасау және кез келген басқа салаға арналған барлық бөлшектер жасауға болады, – дейді Алексей.

Ол өткен жылдың ақпан айынан бастап әлемге әйгілі DMG MORI компаниясының соңғы үлгідегі ЧПУ станогында жұмыс істеп жүр.

– Қазір WorldSkills әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Мен машинаның «миындағы» – компьютердегі сызбалар негізінде бағдарламалар құрастырамын, содан кейін бөлшектерді ұнтақтаймын. Маған бұл машинада жұмыс істеу өте ұнайды. Оқу кезеңінде бұл қиын сияқты, бірақ тәжірибе кезінде бұл жай ғана қызықты болды. Егер кәдімгі станокта олар тек 2D сызбаларымен жұмыс істесе, ЧПУ машинасында цифрлық 3D үлгілерін жасайды. Мен кейде нақты өндіріс орындарынан түсетін тапсырыстармен жұмыс істеймін. Бұл практикалық тәжірибе береді. Мысалы, бұл шағын плиткаларға дәнекерлеу тігістерін сынайтын зертхана тапсырыс берген. Зерттеушілер тігістің ортасына қысым жасап, аралықты зерттейді. Әрине, оны біз түсінбедік. Дегенмен оның тапсырыс берушіге аса қажет зат екені даусыз, – дейді студент.

Ол бізге басқа да жасаған өнімдерін көрсетті. Әсіресе, жезден, болаттан жасалған шахмат фигуралары өзінің әсемдігімен көз тартады. Алексейдің алдына қойған мақсаты айқын. Болашақта токарь және фрезерлік, жаңа буын станоктары бар жеке цех ашуды армандайды. Бұл Шымкентте үлкен сұранысқа ие.

Алексейге Францияда өтетін WorldSkills әлем чемпионатында сәттілік тілеп, арманына жетуіне тілектеспіз.

С. ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.