БЕКІРЕ КАСПИДЕ ҒАНА ЕМЕС, ШЫМКЕНТТЕ ДЕ ӨСЕДІ Избранное

Среда, 02 Октябрь 2024 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 237 раз

Маңғыстау жақтан шыққан пойызда екі кісі бір купеде келе жатыпты. Күн түске тырмысқанда жолаушының бірі дастархан жайыпты. Қазы-қарта, жал-жая дегендей... Жолдасына «кел дастарханға жақында» дейді.

balik

 

Анау «рахмет, мен ет жемеуші едім» деп қағазбен қапталған балығын шығарады. Шұқылап жеп отыр. Мұның әуесі кетеді. Сұрайды. Не пайдасы бар? Жолаушы түсіндіреді. Балық адам ағзасы үшін өте пайдалы. Фосфорға бай. Оны үнемі жесең ақыл-ойың жетіледі. Денсаулығың қуатты болады. Бұл қызығады.
- Кішкене бөліп берші?
- Бере алмаймын. Сатып ал.
Бағасын айтады. Ақыл-ойын дамытқысы келіп құлшынып отырған кісі қымбат бағаға сатып алып жейді.

Пойыз ыңыранып Арал қаласына тоқтайды. Балықты қымбатқа сатып алған кісі далаға шығады. Перронда балықтың тоқсан тоғыз атасы шикілей, пісілі толып тұр. Ішінде өзі әлгінде сатып алған балығы тіптен арзан екен. Екі қалтасын толтырып салып алып, вагонға кіреді де екінші жолаушының алдына тастайды.
– Тамыр, қатты алдадың. Сенің маған сатқан балығың тым арзан екен ғой?
– Міне, міне... Балық жеп едің ақылың кіре бастады, – дейді қулығын асырған жолаушы.
Сол айтпақшы, енді бекіренің бал татыған етін жейін деп, құнарлы сорпасын ішейін деп, ақыл-есімді бүтіндейін деп Атырауға барудың шымкенттіктерге түк те керегі жоқ. Бекіре іргесінде жүзіп жүр. Шымкент қаласында орналасқан Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің бассейінде.
Дерек үшін айтайық. Колледждің іргетасы 1972 жылы Қазақ ССР-і министрлер кеңесі қаулысына сәйкес, ауыл шаруашылық министрлігі бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік ауылшарушылық тәжірибе станциясы негізінде құрылған, бұл колледж – «Шымкент совхоз-техникумы» деп аталды. 1996 жылдан 2003 жылға дейін «Шымкент агротехникалық колледжі» деп аталды. Ал, 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің қаулысы негізінде «Шымкент аграрлық колледжі» болып қайта аталды. 2019 жылы ақпан айында колледжге жоғары статус беріліп, Түркістан жоғары аграрлық колледжі деп аталды.
Колледждің оқу орны арнаулы салынған төрт қабатты оқу ғимаратынан, спорт және мәжіліс залдарынан, жатақханадан, жазғы спорт алаңынан, оқу шеберханасынан, автодромнан, тәжірибелік танаптан, асханадан және техниканы сақтауға арналған құрылыстардан тұрады.
Колледждің тарихында оның дамуына, биікке көтерілуіне тынымсыз еңбек етіп, өз үлестерін қосқан, қызметтегі мақсат пен міндеттерін халық игілігіне бағыттаған басшылар, ұстаздар әрбір игі істері үшін колледж тарихында өшпес із қалдырған.
Аталған колледждің атқарушы президенті Қайрат Айтбаев – ертеден сыралғы дос. Заң ғылымдарының докторы, прокуратура, құқық қорғау саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. «Фемида» колледжі, Бауыржан Момышұлы атындағы полицейлерді дайындайтын колледждің директоры болды. Облыстық ішкі істер департаментінде бір буынның жетекшісі болды. Сол іскер, ұятты қазақ бүгінде сенімгерлікке алынған Шымкенттегі Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі мен Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің директоры.
Демалыс күні екі колледжді де араладық. Қатты дамып кетіпті. Көз қуанып, көңіл сүйсінді. Ол туралы кейін жазармыз. Әзірге, балық...
Форель деген балық бар. Тек таза суда өседі. Еті тәтті. Сонысына қарай «патша балық» деген өзі білмейтін атауы бар. Іскер Қайрат Айтбаев колледжге басшы болып келген соң осындағы мамандықтардың өрісін кеңейткен. Жаңа үш факультет ашқан.
Әуелде патша балықтың Польшадан 70 мың уылдырығын сатып алып, өздеріндегі инкубаторға салған. Кейін тағы 1000 уылдырық сатып алынған екен. Арнайы жасалған бассейндерде жүзіп жүрген форельдердің уылдырықтан шығымы 80 пайызға жетер екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Форельдің қазақша атауы бақтақ. Таза суда өсетін патша балыққа жиырма төрт сағатта таза су ағыны болуы керек. Сондықтан сегіз бассейндегі су үнемі жаңарып тұруы үшін мұнда 120 метр тереңдіктен артезиан құдығы қазылған. Бассейндегі температура 18 градустан аспауы керек. Асып кеткен жағдайда форель тамақ жемей, су түбіне шөгіп қалады екен. Өспейді, өнбейді, тірліктің бәрі зая кетеді. Сондықтан термометр арқылы жылу температурасы қадағаланады. Бассейндегі судың деңгейі 1 метр 300 см. Ортада өлшегіш деңгейі көрсетілген. Артық көтерілген су сол арқылы сырттағы ұзындығы 65 метр тоғанға құйылады. Польшадан алдырылған уылдырықтардың осындағы аппарат арқылы шабақтарға айналып жатқанын айттық. Бүгінде балық өсіретін ағайын көп. Соларға 40 мың дана шабақ сатылған. Сенімгерлікке өткеннен кейін үкімет қашан ақша береді дейтіндей емес, түскен табыс кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады. Артезиан құдығы сияқты керектер осы қаржы арқылы пайдаға асып жатыр.
Бекіре деген шіркініңіз тамақты шалқасынан аударылып жейді екен. Аузы астында орналасқан. Колледжге пайдасы сол, балық шаруашылығы деген бөлім ашылған. Мұндағы студенттер кейбір оқу орындарындай балық өсіретін шаруашылықтарды іздеп босып кетпейді. Практикалық сабақтар осында өтеді. Бақтақтың түрлері мен бекіре, сазан, тұқы, америка жайыны осында өсіп жатқандықтан, жан-жақты білім алып, айтулы маман болып шығады. Енді министрлік тарапынан лицензия алынса, тұтас факультет ашылмақ.
Сыртқа шықтық. Директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Асекең, Асылбек Асқар мырза тоғанға бастап барды. Бауыры жылтыраған сары сазандар жүзіп жүр. Бұларға берілетін жем жармасынан бөлек сазандар форель-бақтақ, бекіре бассейнінен ағып жатқан минералдармен де коректенер екен. Былай айтқанда балықтардың тезегі де пайдалы көрінеді. Бұл тоғанмен іргелес тоспада америкалық жайын ет жинап жатыр.
Бұл - жыртқыш балық Шымкентте көп өсіріледі. Ет жейді. Көбіне есек сияқты жануарларды сойып, бөлшектеп беретінін естігенбіз. Мұнда бұлардың тамағы тоқ көрінеді. 100 мыңнан аса шабақ өсіріп, бөденеден бастап қоян, үндік бағып отырған колледжде балық та, үндік те сойылады. Ішек-қарны, қан-жыны осы жыртқыш жайындардың жемі.
Былай айтқанда, экологиялық таза өнім. Бүгінде республикалық байқауларда өзімен деңгейлес оқу орындары арасынан шаппай бәйге алып жүрген колледжде тағы не көрдік?!
Бәрін көрдік. Практикаға керекті, күніне 2-3 литр сүт беретін занен ешкілері өсіріліп жатыр. Қоян өсіріліп жатыр. Арнаулы лаборатория бар. Студенттер мұғалімдерінің бақылауымен ота жасайды, түрлі мал ауруларынан емдейді.
Ұтып тұрғаны осы. Білікті маман болудың барлық алғы шарты жасалған.
Мұнда құрама жем мәселесі де шешілген. Әуелде сырттан тасымалдап жүріпті. Өздері дайындайын десе құрама жем дайындайтындар құрамын айта қоймайды. Мұнда ауылшаруашылығының ғалымдары көп. Ойласқан. Тәжірибе жасаған. Ақыры құрамын тапқан. Енді жемді қымбатқа алмайды.
Шымкентте не көп, тойхана көп. Тойы тарқамайтын қалада тамақ қалдығы, ақ май ақтарылып жатады. Колледж мамандары қоқыс жәшігіне кететін сол майларды сатып алар екен. Түрлі ферменттерді қосып, шаруашылық сабынын, қазақша айтқанда кір сабын шығарып отыр. Колледждің қажетін өтеп отыр. Көп шығаруға мүмкіндігі мол, бірақ, мемлекеттік тапсырыс болмағандығы қолбайлау. Бұл енді жалпыға ортақ мәселе. Мемлекеттік сатып алу процесінде отандық өнімдерге басымдылық берілмейді. Тендерді ұтып алған кәсіпкер сонау Қытайдан бері арбалап тасиды. Қай жерде арзан, сол жерге желімдей жабысады. Бұл – ғылымға, оқу-ағартуға жауапты министрліктерден бастап, ауыл шаруашылығы министрлігі, қала берді қала, облыс басшыларына сын. Әуелгі кезекте, отандық өндірістің өркендеуіне күш салынуы керек қой.
Біз көрген, шағын болса да бір совхоз, колхоздың жүгін көтеріп отырған, өз қотырын өзі қасыған, сәл демеп жіберсе бар керегіңді тауып беретін осындай оқу орындары көп. Мемлекеттік бағдарламаға қоссаң екі жаққа да аса тиімді. Түпкі мақсат солай болу керек.
Тап осы колледжде жердің құрамын анықтап беретін лаборатория бар. Ертеде Мақтаарал ауданында әкім болған Серік Тұрбековтен, үлкен ғалымнан естіген гәбіміз еді. Америка сияқты елдердің шаруалары жеріне қандай тыңайтқыш берем деп бас қатырмайды екен. Шағын бір қалтаға жерінен бір күрек салып алып, зертханаға өткізеді. Ғалымдар жердің қандай тыңайтқышқа зәру екендігін зерттеп, қолына анықтама ұстатады. Сондықтан да олар ауыспалы егістік дегенді білмейді, жер керегін береді. Сол зертхана Оңтүстік өңірінде осы колледжде бар. Біздің көзімізше бір кәсіпкер жер құрамын зерттеп беруге тапсырыс берді. Қуанып қалдық. Елге болсын дейтін азаматпыз ғой. Қазақ байыса, ауылшаруалығы көтерілсе, қазақтың өнімдері өз керегінен асып, сыртқа экспортталса деген тілектің үстіндегі адамбыз.
Сенімгерлікке берілген колледж бен техникумда жақсы жаңалықтар көп. Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әліпбеков Наржан басқаратын бір колледждің өзінде оқытушылар ізденісімен 570-ке жуық кітапша дайындалыпты. Тап осында республикалық семинар өткізілген. Яғни, мүмкіндік мол. Мұндайда өз күніңді өзің көр демей, тар жерде қолтықтап демеп жіберсе республикадағы ең мықты оқу орындарының санатына қосылар еді. Біздегі үлкен кемшілік, өзіміздегі барды көрмейміз. Шетелге қарап емінеміз де тұрамыз. Экономикамыздың да өкпесі қабынып тұратындығы осындай салғырттығымыздан ғой. Ал, өз басымыз қанаттанып қайттық. Ауылшаруашылығын қолдаудың ұсақ-түйегі жоқ екен. Мұнда аграрлық саланы кәтепті қара нардай көтеріп кететін мықты мамандар дайындалып жатыр.