Әдептілік – мемлекеттік қызметтің негізі

Пятница, 04 Октябрь 2024 05:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 40 раз

Адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның мүшесі ретінде бір әлеуметтік топтың өкілі болып табылады. Сол сияқты, мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің өкілі. Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатыны анық. Мемлекеттік биліктің беделі, абыройы, кәсібилігі, оған деген қоғам тарапынан сенім мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты. Өйткені, мемлекеттік қызметші өзінің іс-қимылымен әдептіліктің, адалдықтың және сенімділіктің үлгісін қалыптастырып, ерекшеленеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қойылады.

 

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалылығының, қоғамда өзін-өзі ұстау нақышының негізгі қағидаттарын айқындайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларын бұзуының алдын алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде» мемлекеттік қызметшілерге қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау; мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру; азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау; іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу; қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау; қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну, т.б. нақты талаптар қойылған.
Әдептіліктің маңыздылығы Қазақ халқының келесі бір мақал-мәтелінен де көрініс табады «Әдепті бала өсірсең, ауылдың абыройы». Мысалы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Б.Момышұлының батыл, қатал, еңбекқор және әділ мінезінің қалыптасуына туып-өскен жердің табиғатымен қатар, әжесі айтқан аңыздар, әкесінің турашылдығы және туыстарының еңбекқорлығы, т.б. факторлар әсер еткен.
Көріп тұрғанымыздай, тұлғаның бойында қалыптасатын көркем мінездің негізіне балалық шақта, өсіп, жетілетін шақта алатын тәрбиенің, қоршаған ортаның әсері орасан.
Басқаша сөзбен айтқанда, егер біз отты ұштандырған шақ ол балалық (студенттік кезді қоса алғанда) шақ, оттың лаулап жанған уақытын ер жетіп, кісі болып, қызмет атқарған шақ, ал оттың сөніп жатқан уақытын зейнеткерлікке шығып, қартайған шақ деп алсақ келесідей танымдық маңызы бар мысалы қалыптасар еді.
Ұштандырған оттың арасына ауа кіргізіп, отындарды ретімен қалап, көңіл бөліп тұрсаң ол от лаулап жанады, әрі қоршаған ортасына жылу мен жарығын шашып мақсатына жетіп, шоқ болып нұры мен жылуын қимай шашып сөнеді. Ал егер, отқа көңіл бөліп уақытылы қарамасаң ол бықсып жанбайды, жанбағаннан кейін ол лаулап та жана алмайды, лаулап жанбаған отта шоқ та, жылу да мардымсыз болады. Түтіннен ыс сасып, адамдар одан безіп кетердей болады. Сол секілді, адам да тұлға ретінде дұрыс тәрбиеден, білімнен, имандылықтан қуат алып, нәрленген, әрі өзін-өзі жетілдірген сайын от сияқты лаулап жанған сайын жана береді. Ондай адам өмір сүріп отырған қоршаған ортасына адамгершілігімен, инабаттылығымен, кішіпейілділігімен, адалдығымен, әдептілігімен, жанашарлығымен, қарапайымдылығымен, көркем мінезімен, жаман әдеттерден аулық болып, т.б. пайдалы істерімен ерекшеленіп, пайдасын тигізіп, әдемі қартайады. Ал, адам тәрбиесіздікпен, білімсіздікпен, әдепсіздікпен, имансыздықпен өсіп, тамағынан өткені адал болмаса, өзін-өзі тұрақты жетілдіріп тұрмаса ондай адамнан қоғамда адамдар бықсыған оттың ысынан безген сияқты безіп, алшақтанады, әрі қоғамға пайдасы тимейді. Уақыт-сәті келгенде қандай от болсын сөнеді. Адамдар да өсіп, өніп, тіршілік істеп, қызмет атқарып қартайады. Бірақ, өмірді қалай сүруі адамның өз қолында. Шоқ болып сөнесің бе? Әлде, бықсып сөнесің бе?
Мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан оған артылатын сенімді ескере отырып, өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып тұруы қажет. Сонда ғана нұры мен жылуын шашып тұратын лаулаған от секілді халыққа адал қызмет атқаруға, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, еліміздің дамуына өзінің елеулі үлесін қосады. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік биліктің айнасы екенін жадымызда сақтауымыз керек.


Берік Мамырұлы НАТБАЙ,
Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық
департаменті басшысының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.