Қуатты әскер – әлеуеттi ел Избранное

Пятница, 08 Май 2015 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3432 раз

2012 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні ретінде алғаш рет республикада ресми мемлекеттік мереке болып аталып өткен еді. Шын мәнінде, бұл еліміз үшін ерекше күн. Өйткені, 1992 жылдың 7 мамырында Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің ұлттық армиясы құрылды. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаевтың арнайы жарлығы шығып, соған орай бұл күн Отан қорғаушы күні деп бекітілген болатын.

DSC 0536

Тәуелсіз армия құрған уақыттан бергі арада өткен 23 жылды еске алсақ, Қазақстан Қарулы Күштері жыл өткен сайын өз қуаттылығын дамытып, жаңа заманға сай жетілдірілген әскери құрылымға айналды. Қазіргі күнде еліміздегі әскери саланы реформалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, соңғы кезде еліміздің қорғаныс жүйесінде Қазақстан әскерін келісім-шарт негізіне көшіріп, бұл жұмыстарды 2016 жылға дейін аяқтау көзделген. Бұл орайда ел бюджетінен әскери салаға бөлініп жатқан қаражат та қомақты.
Атап өтерлігі, 2011 жылы елімізде жаңа Әскери доктрина бекітіліп, соның негізінде Қарулы Күштердің жаңаша әрі заманға сай дамуы жалғасуда. Бұдан бөлек, 2016 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы, «Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметкердің мәртебесі туралы» Заңдары сияқты маңызды құжаттар қабылданды. Осындай қадамдардың арқасында Қазақстанда заманауи, қорғаныс пен ұрысқа барынша қабілетті Қарулы Күштер қалыптасып, одан сайын даму үстінде.
Еліміздің әскери күш-қуатын саралап қарасақ, Қазақстан қарулы күштерінің нақты құрамы, яғни әскер саны 70-75 мың адам шамасында. Мемлекет басшысының бұйрығымен ҚР Қарулы күштері үш түрлі құрылымдық күш боп қайтадан жаңғырғаны белгілі. Олар – жаяу әскер, әуе қорғанысы күші, әскери-теңіз күштері. Осы саладағы әскери қызметкерлеріміз оқу-жаттығуларын ұрыс қимылдарына барынша жақын жағдайларда, күндіз-түні, кез келген ауа райында өткізіп жүр. Жалпы,  бүгінде әскердің 65 пайызы келісім-шартпен міндетін өтеуде.
Өз алдына жеке-дара құрылған еліміздің Аэроұтқыр әскері құрамына десантшы-шабуылдаушы бөлімше, соны техника және технологиямен қамсыздандырылған барлаушы және тылдағы арнайы әскер енеді. Олар соңғы кездері Қазақстан атынан үнемі түрлі әскери жаттығуларға қатысуда. Соның ішінде еліміз енген аймақтық әскери одақ – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери жаттығуларына да белсене қатысып отырады. Ондағы офицерлік құрам – Қазақстанның әскери институттарының түлектері, олар жыл сайын Ресейдің әскери академияларында шеберлігін арттырып отырады.
Әуе қорғаныс күштеріне келсек, бұл құрылымның да жаңа техникамен, қару-жарақпен толығып жатқаны қуантады. Бұдан бөлек, әуе қорғаныс күштерінің құрамына енетін 100 зениттік қондырғының әлеуеті де қуатты. ТМД-ның төрт елінде ғана бар әлемдегі теңдессіз «С-300» маркалы зениттік-ракеталық дивизионы 40 шақырым биіктен кез келген нысананы атып түсіруге қауқарлы. Бұл әуе қорғаныс күштерінің сарбаздары Қапшағайда даярланады. Мамандар да осында тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырады.
Жалпы, елімізде әскери қызметшілер үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен Қарулы Күштерді мүмкіншіліктері мол қару-жарақпен және әскери техниканың жаңа үлгілерімен жоспарлы түрде қамтамасыз ету жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде былтыр Астанадағы әскери шеру кезінде Мемлекет басшысы айрықша атап өткен болатын.
Заман ағымы алға жылжыған сайын еліміздің әскери әлеуеті толысып, Қазақстан Қарулы Күштерінің жаңа келбеті қалыптасып келеді. Әскери мамандарды дайындау жағы да елімізде жүйелі жолға қойылған. Мәселен, елімізде Қорғаныс министрлігіне қатысты құрылымдардың барлық сатыдағы мамандарын дайындау мүмкіндігі бар. «Арыстан» әскери мектебі, Бурабайдағы Кадет корпусы, Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп, Құрлық іскерлері институты, т.б. әскери оқу орындары қазіргі заманға сай сала мамандарын дайындау үстінде. Өмір жолын Отан қорғауға арнаған азаматтардың қатары қазір елімізде артып жатқанын ескерсек, тәуелсіз еліміздің тұғыры қашанда биік болатыны сөзсіз.

С. АЙБАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.