Наурыз айынан бастап, Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Таза қала» айлық акциясы өткен болатын. Қаланың экологиялық әрі эстетикалық келбетін көрікті ұстау және патриоттық сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген шараға 10 мыңнан астам жас атсалысты.
Олар қаланың орталық көшелерінен бастап, шет аймақтардағы жолдарды тазалап, саябақтардағы тазалықты ретке келтірген еді.
Бір айлық «Таза қала» акциясының белсенділерін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков салтанатты түрде марапаттады.
– Жалпы акция жоғары деңгейде өтті. Оқу орындарының жастары шараға жауапкершілікпен қарап, шаһар тазалығына өз үлестерін қосты. Біз белсенділерді құттықтаймыз, – деген Қ. Қалыбеков жастарға алғысын білдіріп, қала әкімі орынбасарының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Акцияның қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты, №3 колледж және Парасат колледжінің ұжымы «Белсенді оқу орны» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар, «Белсенді студент» номинациясына жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 11 студенті ие болды.