Отбасы – қоғам негiзi

Пятница, 11 Сентябрь 2015 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7989 раз

Адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, отбасы – шағын мемлекет. Оның өз заңы, өз қағидалары болады. Өмір отбасынан басталады, адам отбасынан азамат болып қалыптасады. Отбасы – махаббат, құрмет, береке мен сүйіспеншіліктің көзі, соның негізінде кез келген өркениетті қоғам құрылады. Отбасының дәулеттілігі – мемлекет дамуы мен прогресінің өлшемі.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген болатын. Биыл үшінші рет атап өтілгелі отырған айтулы күнге байланысты, отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарланған. ОҚО статистика департаментінің 1 шілдедегі мәліметі бойынша Шымкентте 871 897 адам тұрады. Яғни, осыншама азаматтың бойындағы асыл қасиеттер өз отбасында қалыптасады. Елбасы бастамасымен елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілуде. Еліміздің барлық өңірлерінде іріктелген ең үздік отбасылар – барша отандастарымызға, бірінші кезекте, енді шаңырақ көтеретін жастарға шынайы үлгі-өнеге. Осы орайда, қаламызда өткен байқаудың іріктеу сынында жеңімпаз атанған отбасын оқырмандарымызға кеңірек таныстыруды жөн санадық.

otbasy kogam negizi 37

«Бiздiң бар бақытымыз – балаларымыз» дейді татулықты ту еткен отағасы

Отбасы іргетасының берік қалануы бақытты, шуақты күндерге жол бастайды. Ал шуақты күндер үйдегі құт-берекені, ырыс-ынтымақты еселей түсері анық.
Шымкенттегі Бексейітовтер әулеті – өнегелі, үлгілі отбасылардың бірі. Отағасы Көпжасар аға бар өмірін әуе саласына арнаған тәжірибелі ұшқыш. Жұбайы Сафура апай екеуі жеті ұл-қыз жетілдіріп, қанаттандырды. Олар әрбір сәтті ерекше қадір тұтады. Әрбір күнді бағалайды. Көпжасар аға көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінде-ақ ұшқыш боламын деп алдына мақсат қойыпты. Төрт түліктің қысқы азығына деп жиналған маяның үстіне шығып алып, зеңгір көкті тілгілеп ары-бері ұшқан алып ұшақтарға көз алмай қарайтын.
– Адамның өмірлік мақсаты болуы керек. Сосын сол мақсатқа жету жолында кездескен барлық қиындықты еңсеріп, мойымауы тиіс. Білім-біліктілігіңді шыңдап, тоқырап қалуға болмайды. Қаншама жыл әуе компаниясында қызмет еттім. 4-сыныпты дәрежеден 1-сыныпты дәрежеге көтеріліп, Ан-2 ұшағынан Ил-76 ұшағын басқаруға ауыстым. 1982 жылы Кеңес Одағының Азаматтық авиация министрінің «Еңбекте жоғары көрсеткіштері үшін» алғыс хатымен, 1989 жылы Қазақ авиациясы басқармасының бұйрығымен «7000 сағаттық апатсыз ұшқаны үшін» төсбелгімен марапатталдым. Мұның бәрі еселі еңбектің арқасы, – дейді Көпжасар аға.
Ұлы Бейбіт те әке жолын қуып, ұшқыш болғысы келетінін білгенде бір жағы қуанды, бір жағы оған артылатын жауапкершілікті ойлады.
– Ұшқыш ауа райының қолайсыздығына, басқа да себептерге қарамастан, сабырлылық сақтап, ұшақты аман-есен қондыруы міндетті. Әуеге көтерілгенде өзіңнің ғана емес, қаншама өзге жандардың өмірін, тағдырын арқалайсың. Ұлыма сенім арттым. Сондықтан оның бұл қалауын, арманын өзгертуге тырыспадым, - дейді абзал әке.
Енді Бейбіт бірер жылда Ресейдегі ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнын аяқтап, әке жолын жалғап, көкте самғайды.
Көпжасар аға мен Сафура апай 1978 жылдың көктемінде шаңырақ көтерді. Солтүстікте өскен сұлу қыз бен Оңтүстіктің өрелі жігіті Шымкентте танысады.
– Мен Солтүстік Қазақстан облысында туып өстім, – дейді қимас күндерін сағынышпен еске алған Сафура апай. – Үйіміздің төбесінен алып ұшақтар өтетін. Стюардесса болғым келді. Бір күні теледидардан Батумиден Краснодарға бағыт алған ұшақты қарақшылар басып алып, Түркияға қондыруға мәжбүрлегенін, сол оқиғада  20 жастағы стюардесса Нади Курченко көз жұмғанын қайта-қайта хабарлап жатты. Әжем мен ата-анам стюардесса болуыма үзілді-кесілді қарсы болды. Ауылдан ұзап көрмеген мен құжаттарымды арқалап, үйдегілердің қалауымен Қарағандыға жол тарттым. Бірақ медициналық университетке түсу үшін емтиханнан тиісті балды жинай алмадым. Қуанып ауылға қайттым. Өзімнен үлкен әпкем Шымкенттің жігітіне тұрмысқа шыққан еді. Мені жаңадан ашылған Шымкент педагогикалық мәдениет институтына түсуге көндірді. Кітапханашы мамандығына оқуға түстім.
Сафура апай тұрған студенттер жатақханасы мен әуежайдың жатақханасы қатар орналасқан еді. Жас ұшқыш Көпжасар ағамен танысып, жақынырақ араласуына бір кездері  стюардесса болсам деген арманы себеп болса керек-ті. Талапшыл, тәуекелшіл, ой-өрісі кең жас ұшқыш жүрегін әп-сәтте жаулап алады. Осылайша өмірлік серігі болуға, алдағы күтіп тұрған қызық та қиын сәттерді бірге көруге келіседі.
– Әр рейстен келерде бала-шағамызбен асыға күтіп отыратынбыз. Шығарып саларда өзім де ұшуға кетіп бара жатқандай болатынмын. Әлемнің әр елінен бала-шағаға, туыс-туғанға, көрші-қолаңға базарлық әкелуден шаршамайтын. Қарбалас тірлігіне қарамастан қыздарымыз бен ұлымыздың тәрбиесіне, сабағына көп көңіл бөлді. Жиналыстарына кезек-кезек  қатыстық. Олардың бәрі жоғары оқу орнын үздік бітірді. Шет тілдерін меңгерді. Еліміздің даму жолында әр түрлі салада тер төгіп жүр бүгінде. Жеті жиен-немереміз бар, енді солардың тәлім-тәрбиесіне назар аударып, ізеттілік, қайырымдылық секілді ізгі қасиеттерді сіңірудеміз, – дейді Сафура апай.    
Көпжасар аға мен Сафура апай қазір зейнеткерлікте. Бірақ сонда да олар қол қусырып қарап отырған жоқ. Үйінің ауласында мәуелі жеміс ағаштарының сан түрі мен жұпар шашқан гүлдер жайқалып тұр. Сондай-ақ ерте көктемде жылыжайға қияр мен қызанақ егіп, жаз бойы соларды күтіп-баптайды. Өз еңбегің сіңген өнімнің дәмі де өзгеше. Осылайша олар ұл-қыздарын да еңбекке баулыды.
– Ерте көктемде біраз күн қара суық болды ғой. Біз таңғы сағат 4-5-те тұрып жылыжайға от жағатынбыз. Қылтиып өсіп қалған қияр мен қызанағымыз суыққа ұрынбасын деп. Маусым айының басында-ақ өнім берді. Көрші-қолаңға арзан бағаға саттық. Ақша табу мақсатымыз емес, тек бала күннен еңбекке араласып өскен біздер бос отыра алмаймыз, осылайша ұрпағымызға өнегелі ісімізбен үлгі болсақ дейміз, – дейді Сафура апай күліп.
Бір сәтте тыным таппайтын Бексейітовтер отбасы қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында бірінші орынды иеленіп, облыстық сында екінші орынның тұғырынан көрінді. Бақытты отбасы болу үшін бай болу міндет емес, біздің бар бақытымыз – балалармыз дейді татулықты ту еткен олар.


Ә. ӘБУ


Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.