Бас жоспар қаланың бiртұтастығын қалыптастырады Избранное

Понедельник, 12 Октябрь 2015 10:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4213 раз
DSC 0215Былтыр қала құрамына жаңа елді мекендер қосылғаны белгілі. Қазіргі таңда қаладағы жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылымын дамыту бағытында егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – Жыланбұзған және Маятас. Осы аптада аталған тұрғын аудандардың жоспар-жобаларына қатысты Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің ұйымдастыруымен қоғамдық талқылау өтті.

Жыланбұзған және Маятас тұрғын аудандары қалаға Төлеби ауданынан қосылған болатын. Қазығұрт ауыл әкімшілігіне қарасты бұл елдімекендер маңында Тоғыс саяжайы, Елтай және Тоғыс елдімекендері бар.

Қоғамдық талқылау кезінде жобаны әзірлеуші «АэС-БеК» ЖШС-нің директоры Балтабек Әшірқұлов жиналғандарға Жыланбұзған және Маятас тұрғын аудандарының құжаттық-сызба жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, қаланың Бас жоспары негізінде қолға алынған бұл жұмыстар тұрғын аудандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осыған орай егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстарын жүргізу үшін Маятасқа 8 миллион, ал Жыланбұзғанға 12 миллион теңге қаражат бөлінген.

– Бес елді мекенді қоса алғанда мұнда 13 780 халық тұрады. Оның ішінде Маятаста 5 мың 300 адам болса, Жыланбұзғанда 4 мыңға жуық халық бар. Жалпы жарық, көгілдір отын және ауыз сумен бес елді мекен толықтай қамтамасыз етілген, – дейді «АэС-БеК» ЖШС-нің директоры.

Жиында белгілі болғандай, жоба бойынша Маятастың оң жақ бөлігіндегі 85-ке жуық тұрғын үй мемлекет мұқтаждығына алынбақ. Бұл орайда тұрғын үй иелеріне арнайы жер учаскелері қарастырылған.

– Бұл жоспарлау жұмыстар Шымкенттің инфрақұрылымын дамытуға, шаһардың біртұтастығын қалыптастыруға зор серпін береді, – дейді Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асқар Мамырбаев. – Қазір қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасымен Бас жоспар негізінде барлық елді мекендерге сараптау жұмыстары жүргізілуде.  

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, Маятас пен Жыланбұзғанда нақтылау жобалары 2-кезеңге сәйкес жүргізілген. Енді бұл жобалар қала әкімінің қарауына ұсынылмақ. Егер қолдау тапқан жағдайда 3-ші кезеңде құрылыс жұмыстары басталады.

Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 10:51
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.