Өрлеумен өрлеген ана Избранное

Среда, 02 Октябрь 2019 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2900 раз

Шымкент қаласының тұрғыны Динара Момынова – тіршілік қарекетінің көзін тапқан көп балалы ана. Динара тұрмыс құрған соң тігіншілікпен айналасып, оны отбасында өз қажетіне жаратып жүреді. Он саусағынан өнері тамған ісмердің қолынан шыққан бұйымдарға туған-туыс, таныстар арасында қызығушылық танытқандар қатары көбейеді. Оны табыс көзіне айналдыруға «Өрлеу» бағдарламасының көп пайдасы тиді, дейді кейіпкеріміз.

 DSC6292

– Асфендияров атындағы медицина университетінің фармацевтика мамандығын алдым. Жоғары білімді дәрігермін. Отбасын құрып, перзенттерім бірінен соң бірі дүниеге келгесін олардың тәрбиесімен үйде отыруға тура келді. Бүгінгі балаларға жақсы білім беру керек. Оған күнделікті назар салып, бақылап отырмасаң болмайды. Мұның барлығына, түптеп келгенде, уақыт қажет болғасын, мамандығым бойынша жұмыс істеуден бас тарттым, – деді Д. Момынова.

Динараның өнерге деген сүйіспеншілігі бала күнінен басталады да киім, үйге қажетті заттарды өзі тігеді. Жанына жақын іспен айналысуға отбасылы болған соң түбегейлі бет бұрады.
– Сүйіп істейтін ісіңмен айналыссаң, адамның жанына рахат сыйлайды. Одан шаршамайсың, күшің күш қосылып, жаңа идеяларға жол салады.

Қолымнан іс келеді, бірақ тігінге қажетті құралдарға қол жеткізе алмай жүрдім. Бір күні теледидардан «Өрлеу» бағдарламасы жайында айтылып жатты. Зер салып тыңдасам, жұмыссыздарға берілетін қайтарымсыз қаражат екен. Сосын уақыт созбай жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан кеңес алдым. Бұл 2017 жылы болатын. Қажет құжаттарды тапсырып, қайтарымсыз 500 мың теңге қаржыны екі бөліп алдым. Оған тігін машинасы мен мата сатып алдым. Өткен жылы тағы да тігін машинасына қол жеткіздім, - дейді көп балалы ана.

Кәсіп ашуға көмегі тиетін мемлекеттік бағдарлама Д.Момынованың тігіншілік ісін өрге сүйреді. Балалар мен ересектерге жатын халаттар, сүлгі, төсек-жаймалар, сәбилерге жаялықтар, үстел жабынын тігеді. Қалада өтіп жатқан жәрмеңкелерге шығып, өнімдерін өткізуге де мүмкіндік алады. Бүгінде жеке кәсіпкер атанған келіншек мемлекетке салық төлейді. Болашақта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

– Өзіміздің жергілікті «Меланж» фабрикасынан мата алып жүретінмін. Бірақ, фабриканың жұмысы тоқтады. Қазір шикізат мәселесі қиындау. Енді Ташкент, Наманған қалаларының маталарынан тігіп жатырмыз. Өзімізде шикізат болса, жұмыс жақсы жүріп, баға да қолжетімдірек болар еді, - деген тігінші қазір төсек жаймасын тігуді қолға алып көргенін айтады.

Оған астаналықтар қызығушылық танытқандықтан, сол жаққа біразын жіберіпті. Алдағы уақытта сұранысы көп қыз жасауын тіккісі келеді. Дегенмен олардың тігісі күрделі болғандықтан. арнайы машинаны қажет етеді. Ал, оның бағасы да арзан емес.

– «Сен іс істесең, іс саған басын иеді» деп текке айтылмайды. Жақсылық еңбекпен келеді. Жұмыссыз болып, бала тәрбиесімен үйде отырсам да кәсіп істеуге жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалануға тырыстым. «Көз қорқақ, қол батыр» деп тәуекелге бардым. Жұбайымның тапқаны бар, менің кәсібімнің кірісі бар, балаларымыздың несібесі жаман емес.
Еңбекқор жан сырын осылай түйді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.