Жас қалам

Пятница, 27 Март 2015 10:45 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7416 раз

araiАрайлым Мұраталиева 1997 жылы Шымкент қаласында туылған. 2013 жылы өткен облыстық “Тiл құдiретi” байқауының ертегі жазу номинациясы бойынша 2 орын иегері. Сондай-ақ, басқа да облыстық байқаулардың поэзия жанры бойынша 2, 3 орын жүлдегері. Қаладағы N4 балалар үйінің тәрбиеленушісі, 11 сыныпта оқиды.

 

Сағыну

Арғымақ ойларға мініп ап,
Іздедім өзіңді, тәтті өлең.
Жүрегім өзімнен жылырақ,
Жылылық тең маған бақпенен.

Отырмын паналап кеудесін,
Көрпе етіп қанатын қиялдың.
Жұлдыздың жып-жылтыр жейдесін
Киіп алуға ұялдым...

Сағымның сағындым сан сырын,
Сарайын салдырған ғайыптан.
Аспаннан құлаған тамшымын,
Бұйыра көрмеңдер айыпқа.

Арғымақ ойларға мініп ап,
Үміттің моншағын тағындым.
Өлеңімді өзіңдей кім ұғад,
Мен сені, Махаббат сағындым...

 

Өкiнiш

Соғуда жүрегі сағаттың,
Оралып ойыма тарихым.
Досым ба ең? Кімсің, ей, ағаттық?
Сен мені қашаннан танисың?

Мен жаспын, көңілім бала әлі,
Кім білсін, жаңбыр боп төгілем.
«Өкініш» дей-тұғын қаланы
Кезіп жүр ағаттық менімен.

Қарт кісі көзіне жас алды,
Текке өткен уақытын еске алып.
Бір жігіт үйіне бет алды,
Бәрінен кеш қалып.

Босатып көңілін аспанның
Жетім тұр жанары жасаурап.
Көз-алды тіп-тірі дастанның
Соңы  - трагедия... Беті аулақ!

Өр тағдыр кеудесін тұр керіп,
Дегендей «өткенің  - бос елес».
Мен енді жазайын күнделік,
Әлі де кеш емес.

Құпия сақтаған сандықтай,
Құлып тұр, тұнып сыр жүректе.   
Сырымның жүзіне шаң жұқпай,
Деп едім төсіме гүл ексем.

Тұрса да мұңыма жан бітіп,
Өткенге өкіне қоймадым.
Қияда қалықтап, мәңгі ұшып,
Келеді өмірмен ойнағым.

Ал өмір естімес керең-ау,
Дей ме екен мені әлде әңгүдік.
Бір ғана өкініш керек-ау,
Бағытың болатын мәңгілік.

 

Терезеңдi аш, жүрегiмдi ел көрсiн...

Сезіп жүріп бұл ғаламның  тұнығын,
Махаббатты деп атадық ұлы ұғым.
Мен біреудің гүлі, сыры, мұңымын,
Біреу менің жыр ғып өрер бұрымым.

Айналамды аппақ нұр тұр көмкеріп,
Көңілімде мұңға деген еркелік.
Асау сезім бара жатса өртеніп,
Сырлас досым бола салшы сен келіп.

Қақпасына жүрегімнің кел жақын,
(Тек үңілме:  тереңдігі мол, басым).
Өң бойыма құйсаң егер қорғасын,
Бола алмайтын секілдімін енді ақын.

Салқын желмін ғашықтығы сезілмес,
Менде мүмкін, оянады сезім кеш.
Өзім жайлы жақсы білем өзім тек,
Не десең де дей беріңдер, е, білмес.

Терезеңді аш, жүрегімді ел көрсін,
Мендік жүрек – періштенің перзенті.
Мені сүйсең, мөлдірлігім дем берсін,
Жанарымның жылы шығын жер көмсін.
Терезеңді аш, жүрегімді ел көрсін...

***

Аппақ қала. Жел борап тұр әлі де,
Қайтем жырлап желдің бұл жесірлігін.
Созбай-ақ та қояйын тым әріге,
Әлдекімге мен ғашық секілдімін.

Қар борауда қоршап ап Шымқаламды,
Ұғу үшін жел сырын басқа күн бар.
Жауласа да жауыздық бұл ғаламды,
Махаббатты жырлайды жақсы ақындар.

Зулап жатыр қолымда мына қалам,
Төгілмейді дәптерге шеттен өлең.
Өрлігім бар, ол үшін кінәламан,
Жүрегім бар өлшенбес ештеңемен.

Сенімсіз де емеспін, сезімсіз де,
Жанарыңда жарқыным, жатыр жұмбақ.
Қоштаспаған өкпем жоқ менің күзге,
Өкпелете қоймайтын ғасыр қымбат!

Селдір мұңның құрбаны емеспін мен,
Уын сыйлау – өмірдің сүйікті ісі.
Мөлдір жүрек сенбейді көп ешкімге,
Келеді оның шынайы сүйіскісі...

 

Өлеңге өтініш

Мен неден қауіптенем?
Қалтырап жүргенім жоқ қайықпенен.
Шындығымды айтайын, ел сенер ме,
Ешкімнің де алдында айыпты емен!
Біреулер жүр аяғын басып кердең,
Қалам ұстағандарын бақыт көрген.
Мақтанышы – мыңғырған том-том кітап,
Ақын болмаушы еді ғой пасық келген.

Кітабы көп, жоқ бірақ оқырманы,
Шошитын да жоқ түрі, шошынбады.
Том-томдардың иесін танымайтын,
Мүмкін, мына қауымның соқыр бәрі?!

Ниеттердің мәлім ғой сыры бүгін,
Төге алмаған жырлар көп жылылығын.
Майда-майда ұсақтар жиналып ап,
Тасаламақ таулардың ірілігін.

Мен содан қауіптенем.
Мұз үстінде жасанды тайып келем.
Саясаттың шапанын сән қып алмай,
Дертіңнен сауықшы, Өлең!
Өтінем!

***
Жақсы ақын болам ба деп ем,
Несіне жылай берді өлең?
Азап па? Оған да көнем,
Мазаққа шыдай көрмегем.

Ей, айна, қарама маған,
Өзіме ұнамай жүрмін.
Неге осы жаралап алам
Жүрегін құралай-жырдың?

Арманым ілініп қалған,
Сағаттың тіліне барып.
Тосармын бір үмітті алдан,
Сезімге жүгіне қалып.

Жетер деп жылуым кімге
Түңілер емеспін әлсіз.
\Жүректі ұғу үшін де
Сіз бәлкім керек шығарсыз...

 

Арайлым Мұраталиева

Последнее изменение Пятница, 27 Март 2015 11:09
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.