Көктем келді

Пятница, 27 Март 2015 11:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4337 раз

Аңсаған көптен бері көктем келді,
Бетімді аймалады ескен лебі,
Қыр асып, қызғалдақты терді жастар
Кездесіп, бозбалаға күткен теңі.

Әжелер дүкен құрар шуақтарда,
Құлын-тай асыр салып қыраттарда,
Сылдырап әуен келер құлақтарға,
Сылаңдап ағып жатыр бұлақтарда.

Ірімшік-құрт қайнатар жеңгелерім,
Шашбаудың сылдырлатып теңгелерін.
Табиғаттың осы бір әсем шағын,
Жұмаққа, жанға рахат теңгеремін.

Белесте гүл-бәйшешек дірілдеген,
Көтерілген күн әне күлімдеген.
Перзентін қолына алып аймалайды
Жас келін қайта-қайта күнім деген.

Жусан мен жуалардың иісін-ай,
Құрбылар сыр шертеді күлісіп-ай.
Алысып ауыздықпен келе жатыр
Бозбала мінген аттың жүрісін-ай.

Көкпар мен бәйге қызды көктем келіп,
Балалар жауқазынды кеткен теріп.
Келіншек сәукелесін киіп алып,
Жүректі тербейтұғын неткен көрік.

Жас шопан жүр әнекей әнге салып,
Шабытын қайта-қайта қояр жанып.
Көршінің қыздарына көз жіберер,
Қимылын, қозғалысын жаймен бағып.

Келеді көк майсаға аунай кеткің,
Жібек жел бетімді кеп жаймен өптің.
Қазандар қайнап жатыр бүлк-бүлк етіп,
Иісі-ай сақтаған қыстық еттің.

Ақ жауын сәуірдің кеп сорғалады,
Шаттық ниет көңілді қармалады.
Наурыздың тойын күткен көпшілік қауым,
Табиғаттың нұрына таң қалады.

Таңғажайып бұл Алла нұры ма екен.
Керемет қой, керемет сыры бөтен.
Тамаша осы шаққа күн жетпейді,
Жүректерде әдемі жыр көктейді.

Тамшыларға алақан тосып қалдым,
Мөлдіреген мөлтек сыр қосып қалдым.
Көктемнің кәусар шағы жырым дайын,
Келе берсін еліме әр жыл сайын.

Ұлыстың ғажайып қой осы сәті,
Алланың шапағатты келді хаты.
Көңілді тербеп жатыр, тербеп жатыр,
Атты ерттеп шық қырға сен де батыр.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ,
Созақ ауданы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.