Тастаққа гүл көмкерген Тастанов Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 05:51 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 103 раз

Биыл 95 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық өрлеуі мен шыңдалуына, қалыптасуы мен танымал болуына ерен еңбек сіңірген қаншама өнер тарландары болды десеңізші?! Соның бірегейі майталман режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайреткері Тастан Өтебаев жайлы тамшы ой қозғағанды жөн көрдік.

teatRR

 

Өтебай Тастанов 1958 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры жанындағы театр студиясынаоқуға түсті. Өнер тарландарының ортасында жүріп, театрға деген махаббаты ұлғайып, «білсем, шығармашылық биікке жетсем» деген іңкәрлік туып, 1961-64 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеп болған соң Алматы Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссер мамандық бойынша А.Тоқпановтың шеберлік сыныбына оқуға түседі. Аталмыш оқуды 1968 жылы бітіріп, Шымкент театрында қоюшы режиссер болып қызметке қабылданған талантты режиссер, театр шығармашылығының қалыптасуына белсене кірісіп кетеді. Ө.Тастанов театр репертуарының өркендеуіне сіңірген еңбегі мен төккен маңдайтері жайлы бірнеше томдық кітап жазуға тұрарлық тұлға. "Болар бала - басынан" демекші, Тастан Өтебаев студент кезден-ақ ерекше іздемпаздығымен, алға қойған мақсатынан танбайтын өршіл мінезімен болашақта режиссерлік із қалдыратын талант екенін таныта білді.
1968 жылдың 7 қазан күні Шанин театры сахнасында С.Жүнісовтің "Ажар мен Ажал" драмасының премьерасы болған күн жайлы "Оңтүстік Қазақстан" газетіне жарияланған "Өмір – таусылмайтын бір қазына" атты мақаласында Шынарбек Сәрсенбаев: "...Қазақтың марқа жазушысы Сәкенсері Жүнісов бір кезде қолынан жетелеп, өрімдей жап-жас жігітті сахнаға алып шықты. Сахнаны гүл шоқтары көміп кетті. Атақты режиссер Ә.Мәмбетов шығып "қойылымда менің қолтабам жатыр. Бұл нағыз менің режиссерім, менің шәкіртім!" – деп бетінен сүюде. Бұл – "Ажар мен Ажал" (С.Жүнісов) спектаклін дипломдық жұмысына қойған Түлкібастың түлегі Тастан Өтебаев еді..." деп жазғанынан Т.Өтебаевтың студенттік партада жүрген кезден алып сахнаға нық аяқ басқанын аңғарамыз.
Тарланның тырнақалды қойылымы Республика комсомолының Құрмет грамотасын алғаны жас таланттың шығармашылыққа қанатын кеңінен қақтырса, Грузия драматургі П.Хухашилидің "Өмір жолы" сәтті қойылып, Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің І дәрежелі дипломы мен ақшалай сыйлығын иеленгені - Т.Өтебаевтың режиссуралық жолын шыңдатқаны жайында айтулы театр сыншысы Б.Құндақтаев: «Бас режисер Тастан Өтебаев қойған П.Хухашилидің «Өмір жолы» театрдың өзіндік келбетін танытқан спектакль болды» деп жазды.
Шығармашылық жылдарында 57-ден аса спектакль қойған дара тұлғаның театрдың шығармашылығын шарықтатуымен қатар артистердің өсуіне, актерлік шеберлігінің ұшталуына сіңірген еңбегі ерен.
Т.Өтебаев сахналаған 57 қойылымның ішінен 20 жыл бойы үздіксіз сахнада жүргені Гогольдің "Үйленуі" болды. Студент жылдары Гогольге жетелеген майталман актер Н.Жантуриннің пьесадағы әр кейіпкердің бейнесіне түсе отырып санасына сіңірген балаң Тастан, тәжірбиесі ұштала келе Шанин театрының сахнасында құлпыртуы қиынға түспеді.
Әр қойылымы – бір ғұмырға айналған Т.Өтебавтың сөз астарына үңіліп, тереңнен тарта білген шеберлігі бәлкім, Нұрмахан Жантуриндей әйгілі актерден сабақ алғанында жатқан да болар. Оқу бар да, көкейге тоқу бар. Тумысынан өнерге жаны құмар Тастан Өтебаевтың өзіндік өнер жолын сала білген майталмандығына тәнті болмау мүмкін емес. Өзгенің туындысын «тонның ішкі бауындай өз болмысына» айналдыра білетін шеберлігі қаншама аударманың көрермен санасына сіңіп, «өзіме» айналуына ықпал етті десеңізші?!.
Тастан Өтебаев 1970 жылы Қызылорда театрына бас режиссер болып барған кезде Әуезовтің "Еңлік-Кебегін" сахналағаны жайында театр сыншысы Б.Құндақбаев: «Қазақ театрларының творчестволық көшін тартқан "Еңлік-Кебек" әбден қалыптасып қалған спектакль. Соңғы жылдары осы дәстүрді бұзып, пьесаға бүгінгілік үн беру үшін әр режиссердің өз бетінше зерттеп түсінуге ұмтылуы байқалады: Қызылорда театрының сахнасында Тастан Өтебаев қойған "Еңлік-Кебек" осындай ниеттен туған" деп жоғары баға бергені, шебер режиссердің шығармашылық шыңдалу кезеңінен хабардар етіп тұр. 1978 жылы Жамбыл театрына қоюшы режиссер болып қоныс аударған Т.Өтебаев, 1979 жылы Шымқалаға оралады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасында режиссер және Шымкент педагогикалық мәдениет инстутына мұғалім болып жұмыс істеп жүріп Тауасаровтың «Арманшыл қыз» драмасын Шанин театрында сахналап, Алматы «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанады. 1980-91 жылдар арасында Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында қоюшы режиссер, бас режиссер болып жұмыс істеген Т.Өтебаев, 1991 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайреткері атағын алды.
Қазақстанның түпкір-түпкірінде қойылымдар сахналаған Тастан Өтебаевтың әр қойылымы көрермен көзайымына айналды.
Театр – жүздеген адамның біріге отырып ескегін есетін кеме. Әр ескекшінің өз қолтаңбасы, өз келбетін барын ескерсек, режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайреткері Тастан Өтебаевтың Шанин театрына қосқан үлесі мен соңына қалдырған әр ізінде жүрегін жарып шыққан махаббатынан туған қойылымдары жарқырап жатыр. Рухыңыз пейіште шалқысын, майталман режиссер.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы театрдың әдебиет бөлімінің
меңгерушісі, драматург 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.