АНТЫНА АДАЛ ПОЛИЦЕЙ – ЕЛ ҚОРҒАНЫ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 05:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 95 раз

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында қоғамдық құндылықтар жүйесін түбегейлі жаңғырту арқылы ұлт сапасын жаңа деңгейге көтеру туралы айтқан болатын. Ел Президенті ұсынған құндылықтардың арасында заң және тәртіптің ерекше орын алатыны белгілі. Осы орайда еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты, қоғамдық тәртіпті күзетіп, заң үстемдігінің салтанат құруы жолында ішкі істер органдары қызметкерлерінің маңызды рөл атқаратыны белгілі.

police

 

Расында, елімізде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Ойланып қарасаңыз, күн сайын, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының өмірі тәуекелге толы. Олар үшін бірінші орында елдің қамы тұрады. Әр оқиға адам тағдырына әсер ететін болғандықтан, тіпті, өз өмірін бәйгеге тігуге дайын. Шымкент қаласында өткен жылғымен салыстырғанда қылмыс жасау дерегі 14 пайызға азайған. Бұл ішкі тәртіптің нығая түскендігінен және қызметкерлердің қалтқысыз жұмысының нәтижесі деп білеміз.
Шымкент – елдегі ең ірі қалалардың бірі. Халық көп шоғырланған, жастар жағы да, өзге елдерден келген туристерде дәл осы қалаға ағылып келеді. Халық санының көп болуына байланысты 5 ауданға бөлінген. Сол аудандардың әрқайсында полиция басқармалары жұмыс істейді. Қала орталығында орналасқан Әл-Фараби ауданы ең үлкен әрі халық тығыз орналасқан аудан. Бұл аумақтың тыныштығын, қауіпсіздігін сақтауда үлкен рөл атқаратын азаматтардың бірі – Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұржігіт Халмұратұлы.
Ол 1996-1998 жылдар аралығында Орал қаласындағы Ішкі істер министрлігінің мектебінде тәлім алған. «Мамандыққа деген қызығушылықтың да басталғаны дәл осы тұста» дейді кейіпкеріміз. Алғашқы қызметі 1999 жылы Шымкент қаласындағы ішкі істер басқармасында, кәмілетке толмағандар істер жөніндегі инспектор қызметінен басталған. Сол жылдан бастап полиция басқармасындағы түрлі қызметтерді атқарған. Еліміздің батыс өңірлерінде де еңбек етіп, заң мен тәртіптің орнығуына үлкен үлес қосқан. Қылмыс жасаған орынға бірінші болып келетін бұл азаматтардың басынан өткен шытырман оқиғалар көп. Дегенмен, қауіпі басым болған істер санада жаңғырып тұрады. Сол арқылы оны өзгелер қошеметтейді, жұмысын бағалайды. Нұржігіт Халмұратұлы күні бүгінге дейін есінде сақталған оқиғаны айтып берді.
– 2004 жылы еді. Ол кезде жедел уәкіл қызметін атқарамын. Таңғы уақытта шақырту түсті. Оқиға болған орынға алғашқылардың бірі болып бардым. Жантүршігерлік қылмыс болған, соңы кісі өлімімен аяқталған. Күдіктіні іздестіру жылға жуық уақытты алды. Әлі күнге дейін есімде, кәріс қызы досымен кешкі серуенге ата-анасынан сұранып шыққан екен. Досын біраз уақыт күтеді. Келмеген соң, келген жолмен кері кетеді. Ол уақытта, қыз ұзамаған еді, арада 30 секунд қана өткен. Досы дүкеннен тәттілер алып шығады. Екеуі екі бағытта кеткен ғой. Әйтпегенде арада минут емес секунд рөл ойнап тұр. Жолда қызды көршісі үйіне шығарып салуға ұсыныс айтқан. Барлық қауіп дәл осы көршісінен келген. Кейін істі тергей келе оның, Ресейге қашып кеткенін білдік. Күдікті ұсталды. Бұдан бұрында қылмысқа қатысы бар, сотты болған қылмыскер екен. Сот шешімімен ол бас бостандығынан айрылды. Әртүрлі жағдайлар болады. Тек бұл сала мамандарына жүректің батылдығы керек, – дейді Нұржігіт Халмұратұлы.
Бүгінгі таңда көбіне қоғамдық тәртіп бұзу фактілері жиі тіркеледі екен. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген заттарды сату және оны пайдалану деген сынды қылмыстар да жиі орын алатын көрінеді. Мысалы, дәл осындай және осыған ұқсас тәулігіне 250-300 шақырту түсетін көрінеді.
Сержант та, лейтенант та, полковник те, ең бірінші, халық алдында адал болуға ант береді. Ал, бойындағы парасаттылық пен адамгершілік қасиеттер оның ел алдындағы мәртебесінің биік болуына көмектеседі. Бүгінгі кейіпкеріміз құқық саласындағы университеттер мен колледждерде де шәкірттерге тәлім берген. Оның айтуынша, жоғарғы оқу орындарында материалдық-техникалық база мықты болуы тиіс.
«Бұл, әсіресе, құқық қорғау органдарына мамандар даярлайтын білім ордалары үшін өте маңызды екенін айтар едім. Ертеңгі полицейлер өмірмен бетбе-бет келгенде бүгінгі қолданыстағы қаруды да, құралдарды да оқу орынында көруі тиіс. Оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуде де, курсанттардың шынығуына, спортпен шұғылдануына, тәрбие жұмыстары үшін де бай материалдық-техникалық база керек. Ең бастысы, менің түйгенім, қандай оқулық болмасын, қандай үздік бағдарлама да оқытушыны алмастыра алмайды. Біз, алдымен, білікті оқытушыны дайындап алмасақ, білім сапасы көтерілмейді. Жоғары талап қойып, әр оқытушыны ұстаз биігіне көтеруіміз қажет. Ол үшін әр оқытушы дәріскер, тәлімгер, тәрбиеші, өз мамандығын жетік білетін адам болуы тиіс. Студенттерім бүгінде белді қызметтер атқарады. Түркістан облысында еліміздің басқа да қалаларында жоғары қызметте отыр» дейді кейіпкеріміз.
Нұржігіт Халмұратұлының басты мақсаты – елдің тыныштығы, амандағы. «Қазіргі құқық қорғау жүйесіне енгізілген өзгерістердің бәрі халық игілігі үшін дейді» ол. Оның айтуынша, құқықбұзушылық пен қылмыс азайып, заң үстемдігі орнаған қоғамға айналу үшін бізге жоғары құқықтық мәдениет керек.

Г.МОЛДИЯР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.