АРЫ МЕН ҚОЛЫН ТАЗА САҚТАҒАН ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 06:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 86 раз

«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қою керек. Ел басқару білгенге – мехнат,білмегенге – қанағат». Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың айтқан сөзі.

ariKoli

 

Кеше М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Атаулы күнде оқу ордасының ғимаратының қасбетінде Н.Оңдасыновқа орнатылған мемориалдық тақтаның және университет қабырғасында Нұртас Оңдасынов атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Еліміздің жеті қаласында кең көлемде қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан конференцияда «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» деректі фильмі көрсетілді.
Алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының м.а. Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, Нұртас Оңдасыновтың қайраткерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов және Зауытбек Тұрысбеков, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, ғалым Ақжол Қалшабек, шығыстанушы ғалым Ислам Ақмұратұлы Жеменей, Түркістан облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалы, «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры» Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев және зиялы қауым өкілдері қайраткердің өмірі мен ұлт үшін атқарған еңбегінен баяндама оқып, тұлғалық болмысы мен ұлттың жоғын жоқтаған қайратерлік қырларына кеңінен тоқталды.
Ал қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы Нұртас Оңдасынов қоғамдық қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев конференцияны ұйымдастырған қала әкімдігіне, университетінің ұжымына алғыс білдіріп, сөз сөйледі.
– Нұртас Дәндібайұлының өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. Ұлт қайраткерінің соңында шығармашылық еңбегінен басқа ұлағатты сөздер де қалған. «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген. Бұл қиын-қыстау заманда адалдықты ту еткенінің белгісі. Қазіргі заман билеріне үлгі боларлық іс. Жеті ерлігі зиялы қауым арасында аңыз сияқты айтылып жүр. Соның бірі осы университеттің, яғни, Технологиялық институт жабылып қалғанда Сталинге кіріп, қайта аштырған, – дейді конференция қонағы Бекет Тұрғараев.
Ғалымның қазақ халқы үшін жасаған ерен еңбегін дәріптеп, жастардың отансүйгіштік қасиеттері мен өз елінің тарихына қызығушылығын арттыру мақсатында А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында да Н.Оңдасыновқа арналған «Биліктен де биік тұлға» атты кеш өтті.
Кеште зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Ж.Тәшенов атындағы университетің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих кафедраларының оқытушылары мен студентері, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледж студенттері мен жетекшілері, тарихшылар, оқырмандар қайраткердің еңбектерін талқылады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.