ҚАЛАДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ СЕЙСМОСТАНЦИЯ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 06:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 92 раз

Шымкент қаласының жойқын жер сілкінісіне дайындық тақырыбында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ, азаматтық қорғаныс қызметінің күштері мен құралдарының жойқын жер сілкінісі жағдайына дайындық деңгейі талқыланды.

seismo

 

Жиынға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, ұялы байланыс операторлары, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ, басқа да уәкілетті органдар қатысты. Кездесу барысында қаладағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері және оны шешу жолдары, соның ішінде «Азаматтық қорғаныс» орталығын құру мәселесі де талқыланды.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов төтенше жағдайлар департаменті бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлының Шымкент қаласы аумағының сейсмикалық қауіпсіздігі бойынша есебін тыңдады. Жалпы, қала аумағы жер сілкінісіне дайын ба деген сұраққа жауап берді.
– Қала аумағында бір сейсмостанция бар. Сейсмостанция ғимаратының жағдайы күрделі жөндеуді, ал, қолда бар жабдықтар жаңартуды қажет етеді. Соңғы 7 жылда қала аумағында магнитудасы 2 балдан асатын 16 жер сілкінісі орын алған. Ғимараттардың қирауы және құрбан болғандар тіркелген жоқ. Біздің қаламыз үшін жер сілкіністерінің ең үлкен қаупін тудыратын Түркістан облысында (Қазығұрт және Төлеби аудандары) орналасқан Қаржантау тау жоталары болып табылады. Соңғы, 1976 жылы жүргізілген жер топырақтарының құрамын инженерлік-геологиялық зерттеулері қаланың топырақтары сейсмикалық жағынан қолайсыз екенін көрсетті. Осылайша, Шымкент қаласында жер сілкінісі болған жағдайда бір балл жоғары болады, бұл апатты қирауға әкеп соғуы мүмкін,-дейді Еркін Отарғалымұлы.
Жиын соңында, қала прокуроры мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты қаралған мәселенің маңыздылығын атап өтті. Жауапты орындаушыларға жоспарланған іс-шараларды аяқтау бойынша кешенді шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар беріледі.

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.