ОТАНҒА ДЕГЕН МАХАББАТ РӘМІЗДЕРДІ ҚАДІРЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 06:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 98 раз

Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген махаббат оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.

KokTU

 

Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Шымкентте өткен «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.
Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға зиялы қауым өкілдері, ерікті жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көрме орталығында өткен іс-шара еліміздің Мемлекеттік Әнұранымен басталып, онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды.
– Еліміздің егемендігі жөніндегі Декларация қабылданған 25 қазан — Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бастауына айналған күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған бұл мереке мемлекеттің тұтастығы мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуде, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Рәміздер күнінде басталып, Республика күнінің қарсаңында қорытындыланғалы отырған «Көк Тудың желбірегені» патриоттар форумы да осы мақсатпен керемет үйлесім тауып отыр. Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген махаббат оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады. – деді Сәрсен Абайұлы.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар, халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың, ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі.
Сонымен қатар форумда Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз сөйлеп, қала тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтады.
—Еліміздің Тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Тарихымызға көз жүгіртсек, ер жүрек батырларымыз бен ұлыларымыздың еңбегі арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Отанымыздың гүлденуі мен өркендеуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бүгінгі мерекеде жастардың ұлтқа деген патриоттық сезімдерінің еселенгенін анық көруге болады. Тек мерекеде емес, мұндай игі шаралар жиі ұйымдастырылуы керек, - деді Б.Әлтеев
Ал, белгілі журналист Бақтияр Тайжанның айтуынша, Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту — әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.
Іс-шара барысында Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы Отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік ролик», «Үздік іс-шара» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған форумда Шымкент опера және балет театры мен «Шымкент концерт» ұйымының әншілері өнерін ортаға салды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.