ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ САПАСЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА ЗЕРТТЕЛІП, ЭЛЕКТРОНДЫ БАЗА ЖАСАЛЫП ЖАТЫР Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 05:57 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 100 раз

Жолдың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильді болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашатыны түсінікті. Алайда, жол сапасының маңыздылығы мұнымен де шектелмейді. Өйткені, жолдың сапасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына да тікелей әсер етеді. Әсіресе, Шымкент секілді халық саны 1,2 миллионнан асқан, жедел дамып келе жатқан шаһар үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша. Кең, тақтайдай тегіс, заманауи жолдар болса, жол-көлік оқиғалары да, кептеліс те азаятыны мәлім.

Jol-100

 

Шымкент қаласында жергілікті билік осынау маңызды бағытқа соңғы жылдары айрықша назар аударып отыр. Дегенмен, тұрғындар арасында «Жаңадан салынған жолдар неге көп жыл өтпей бұзылып кетеді», «Бүтін тұрған жолды бұзып, жаңадан асфальт төсеудің қажеті қанша» деген наразылықтар, түсінбеушіліктер кездесіп жатады. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі шаһардағы жолдардың жағдайын саралауды ғылыми ұстанымдар негізінде жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Осы орайда, қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қалада автомобиль жолдарын кешенді тексеру, техникалық есепке алу, температура мен ылғалдылық мониторингін жүргізу арқылы жолды басқару жүйесін жетілдіру және сапасын арттыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңа зерттеу түрі жол мен нысандардың техникалық жай-күйін талдауға, олардың паспорттауын жүргізуге және электронды жол базасына енгізуге мүмкіндік береді.
Тарқатып айтар болсақ, Шымкентте автомобиль жолдарының жай-күйінен хабардар ететін электрондық база құрылатын болады. Қазіргі таңда осы мақсатта қалада 3 900 шақырымды құрайтын автомобиль жолы зерттеуге алынған. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Жол ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің директоры Бағдат
ТЕЛТАЕВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

Jol-101

– Бұрындары елімізде автомобиль жолдарына қатысты мәліметтер тек қағаз жүзінде сақталатын. Ақпаратқа жылдам қол жеткізе алмаудың салдарынан жолдарды жөндеуді, жаңғыртуды, реконструкциялауды жоспарлағанда қиындықтардың кездесетіні рас. Ал, бұл өз кезегінде көлік қозғалысына, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан, біздің ғылыми-өндірістік орталық мамандары автомобиль жолдарына зерттеу жүргізіп, соның қорытындысымен электрондық база жасауды қолға алды. Жол төсемесі және топырақ негіздегі температура мен ылғалдылыққа ұзақ мерзімді мониторинг жасау мақсатында Шымкент қаласы Абай ауданындағы Ынтымақ-2 шағынауданында арнайы құрылғы орнаттық.
Электрондық базада әрбір объектінің паспорттық деректері қамтылады. Яғни, оның қашан салынғаны және пайдалануға берілген мерзімі көрсетіледі. Оған қандай құрылыс материалдарының қолданылғаны, енді қай уақытта жөндеуден өткізу керектігі, бұл жұмыстарға қанша қаражат жұмсалынатыны жөнінде де ақпарат беріледі. Сонымен қатар, ол жерден объектінің жай-күйіне жүргізілген тексеру қорытындыларын көруге болады. Оған фото және видеоматериалдар да, схемалар мен арнай сызбалар да енгізіледі. Қысқасы, мұндай диагностикалық талдау жолдардың тозуы мен апатқа әкелетін ақауларды дер кезінде анықтап жоюға және бюджетті дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.
Тереңдетілген инженерлік зерттеу жұмыстарының нәтижесі жыл соңына дейін белгілі болмақ. Содан кейін біз оны Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырамыз.

– Бағдат Бұрханбайұлы, әрбір жолдың қызмет көрсету мерзімі болады. Дегенмен, олардың ішінде сол уақытқа жетпей шұрық тесікке айналып, сынға ұшырап жататындары көп. Жол сапасының нашарлауына не себеп болады?
– Сұрағыңыз орынды. Кез келген инженерлік құрылыстың нормалық құжаттарында пайдалану мерзімі көрсетіледі. Алайда, табиғи факторлар мен механикалық күштердің әсерінен олардың өзгеріске ұшырайтыны заңдылық. Мәселен, солтүстік аймақтардағы жолдар қатты аязда суыққа шыдаймай жарылып кетеді. Ал, оңтүстік аймақтардағы жолдар көбіне сораптанып, жарамсыз күйге түсіп жатады. Біздің орталық асфальт-бетон жамылғысында кездесетін жарықшақтар мен сораптарға терең зерттеу жүргізе отырып, олардың пайда болу себептерін анықтады және оларды болдырмай шараларын жасауда.
Шымкент қаласында асфальт-бетон жамылғысындағы сораптарды жолдардың қиылысуларының алдында, қоғамдық көліктің аялдамаларында және де кейбір көшелер мен жолдарда байқауға болады. Олар көбіне ыстық күндері ауыр жүк көліктерінің жиі жүруі салдарынан пайда болған. Бірнеше жол бөліктерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, асфаль-бетон қабаттарынан, жол төсемесінің астындағы топырақтардан үлгілер алып, оларды сынамадан өткізіп жатырмыз. Алынған нәтижелер негізінде ұсыныстар береміз. Олар жолдың сапасын жақсартып, беріктігін арттыруға көмектеседі.
Шымкент қаласындағы жолдардағы көлік ағынының құрамы мен қарқынын, олардың басым бөлігін қандай маркалы көліктер құрайтынын, автобустар мен жүк көліктерінің бос кезіндегі және толық жүктелген кезіндегі жолға түсетін салмағын анықтадық.

– Жолдардағы асфальт-бетон жамылғысының бұзылып, жарамсыз күйге түсуіне климаттық жағдайдың әсері мол дедіңіз. Айтыңызшы, сонда жылдың қай мезгілі жолдар үшін қауіпті болып саналады?
– Сораптар негізінен жылдың ыстық мезгілдерінде пайда болады. Ал, Шымкентте жаз мезгілінде күн өте қатты ыстық болады. Сол 50 градусқа дейін баратын температура жаз мезгілінің қай бөліктерінде болады? Қай уақыт мезгілдері жолдар үшін қауіпті болып табылады? Осыны анықтау мақсатында біздер Шымкент қаласындағы магистральдық жолға дадчиктері бар 11 арнайы өлшеу құрылғысын орнаттық. Ол қазір істеп тұр. Бұл құрылғы асфальт бетоннан жамылғының бетінен 270 сантиметр тереңдікке дейін жол төсемесінің қабаттары мен топырақ негіздегі температура мен ылғалдылықты сағат сайын өлшеп, дерекқор орталығына сақтауға жіберіп тұр. Бұл құрылғы күн энергиясы арқылы қуатталады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, автомобиль жолдары климаттық жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, топырақты алып қарайық. Күзде жауын-шашын болған уақытта топырақ ылғалданады. Ол қыста ісініп, қатып, асфальт-бетонға әсер етеді. Көктемде қатқан топырақ еріп, шөгеді. Жазда соның бәрі кебеді де, асфальт-бетон жұмсарады. Сондықтан, бұл уақытта жолдарды сораптанудан сақтау керек. Еліміздегі қалалардың ішінен жолдың жағдайын білуге арналған мұндай жаңашылдықты тұңғыш рет Шымкентте жасап отырмыз.
Жол саласында терең зерттелмеген мәселелер өте көп. Сол себепті ғалымдар мен мамандардың пікірін тыңдап, олардың ұсыныстарын практикада қолдану аса маңызды. Бұл бағытта Шымкент қаласының биылғы бастамасы ерекше атап айтуға тұрарлық!

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ХАЛЫҚ СЕНІМІ – ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК