ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2024 05:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 97 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Ұстаздар арқасында тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деген еді. Әрине, бала білімді мектеп қабырғасынан алып шығады. Осы орайда Шымкент қаласы Тассай шағын ауданында орналасқан Д.Нұрпейісова атындағы №116 жалпы білім беретін мектебі – қаладағы ең үлгілі мектептердің бірі. Мектеп ғимараты 1978 жылы 779 орынға арналып салынған. 2024-2025 оқу жылында 1 673 оқушы, 68 сынып болып, қазақ-орыс тілінде білім алуда.

mekteP

 

Мектептің жетістігі – басшының мерейі. Ал, ұжымның жетістікке жету үшін басшы мықты болуы керек. Мектеп директоры Сауле Исабекова тәжірибелі, жауапты және талапшыл басшы. Басшы ретінде ол оқу ордасының дамуына, оқушылар мен педагогтардың сапалы білім мен тәрбие алуына үлкен үлес қосып келеді. Оқу процесін дұрыс жолға қоюының арқасында оның басқарған мектебінің миссиясы жоғары деңгейде орындалып, ұлттық жобалар мен тәрбие бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы», «Балалар және театр», «Даналық мектебі» жобалары, «Біртұтас тәрбие құндылықтары», «Ата-ананы педагогикалық қолдау» орталықтары бір жолға қойылған.
– Биылғы оқу жылында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» жобасының тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Мектебімізде қосымша білім беру бағыттары бойынша да оқушылар мектепішілік үйірмелер мен секцияларға, ұйым, клубтарға қатыса алады. Мектепте «Көкжиек» дебат клубы, «Қазына» өнерлі оқушылар клубы, «Сиқырлы қолдар» қолөнер клубы, «Жасыл ел» және «Жер елшілері», «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары және «Жас ұлан», «Жас қыран», «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы, «Жас құтқарушылар», «Жас сарбаз», «Жас инспектор» клубтары қарқынды жұмыс жүргізуде, – дейді Сәуле Нуридинқызы.
Осы жылдар ішінде мектептің ауыз толтырып айтатын жетістіктері, мақтан тұтатын оқушылары, бетке ұстар ұстаздары бар іргелі мектеп болып қалыптасып отыр. Мектепте 137 педагог қызметкер жұмыс істесе, оның 58-і мұғалім педагог-зерттеуші санатында, 35-і педагог-сарапшы, 26-сы педагог-модератор, 23 мұғалім магистр дәрежесіне ие. Бұл көрсеткіштер мектептің жоғары кәсіби деңгейін айқындаса керек.
–Өткен оқу жылында мектебіміз «Алтын белгінің» 4 иегерін, «Үздік аттестат» алған 8 түлекті шығарды. Осындай көрсеткіштер тәжірибелі ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі, – дейді мектеп директоры.
Мектепте «БІРТҰТАС ТӘРБИЕ» бағдарламасы аясында тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жүргізуді бастап кеткен. Бұл бағдарламада басты назар балаға қамқорлық пен құрмет көрсетуге, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Біз балаларымыздың тұлға ретінде дамуына, олардың әлеуметтенуіне және қоғамдық өмірге белсене араласуына мән береміз. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мектебімізде спорттық, шығармашылық және интеллектуалдық бағытта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 2023 жылы футзалдан команда қалалық турнирдің жеңімпазы атанса, баскетболдан қыздар командасы қалалық сайыста бірінші орынға ие болып, Павлодар қаласында өткен республикалық біріншілікке қатысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Интеллектуалдық бағытта мектебіміздің дебатшылары аудандық және қалалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 2023-2024 оқу жылынан бастап мектебімізде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы өз жұмысын бастады, – дейді Сәуле Нуридинқызы.
Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Химия, стем, робототехника, логопед және физика кабинеттерінде оқушыларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Әсіресе, STEM кабинеттері ғылым, технология, инженерия және математика пәндері бойынша тереңдетілген білім беруге бағытталған. Оқушылар ол кабинеттерде зерттеулер жүргізіп, тәжірибелер жасап, өз білімдерін практикада қолданады екен..
Оқушылардың жетістігін сөз еткенде облыстық және қалалық ғылыми жобалар байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған Айзере Әбдікерімді, Республикалық, қалалық олимпиадалар жүлдегерлері Аделя Рустем, Інжу Қамбар, Алимжан Дүйсенбековты айтпай кетуге болмас. Фарида Кенжебаева жетекшілік еткен Азамат Жарқынов жас журналистердің қалалық байқауында ІІ дәрежелі диплом алып, мектептің абыройын асқақтатты.
– Дуйсенбеков Алимжан информатика пәні бойынша қалалық олимпиадада І дәрежелі дипломға ие болды. Бұл жеңіс оның жетекшісі Мырзабек Ағабекұлы екеуінің жүйелі әрі терең білімінің жемісі болды. Осылайша, біздің оқушыларымыз тек армандап қоймай, өздерінің табандылығымен үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Жетекшілері мен ұстаздарына алғыс білдіріп, алда әлі де талай асуларды бағындыратынымызға сенімдіміз!, – дейді мақтанышпен әңгіме құрған Сәуле Нуридинқызы.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.