Ұлт руханиятының қайраткерi

Пятница, 08 Май 2015 05:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5192 раз

Мекемтас Мырзахметұлы – 85 жаста

Халқымыздың қадірменді қариясы, әдебиеттанушы, абайтанушы, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметұлы 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні 85 жасқа толып отыр. Ел құрметіне бөленген ғалымның мерейтойы лайықты деңгейде аталып, оның ғылыми және рухани орталардағы жүздеген шәкірттері мен жалпы, республика жұртшылығы құрмет көрсетуде.


mekemtasМекемтас Мырзахметұлының есімі бірінші кезекте – Абайдың шығармашылығы мен философиялық ой-толғамдарын зерттеушілер қатарында Мұхтар Әуезовтен кейінгі ірі ғалым ретінде аталады. Ол абайтану ілімінің қазіргі көшін бастап келеді. Сол сияқты, Мекемтас Мырзахметұлы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына да үлкен ден қойып, орасан зор зерттеу жұмысын қолға алды. Ол Бауыржан Момышұлының 100 томдығын жарыққа шығаруды қолға алып, бүгінде соның 30 томына халық көзайым болды. Сондай-ақ, оның басшылығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналған көптомдық»  жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі күнге осы жобамен 300 том дүние жарыққа шықты, алдағы уақытта 500 томға жеткізілмек. Халықтың рухани қазынасын бұлайша түгендеу жұмысы әлемнің ешбір елінде жасалмаған шығар.  

Мекемтас Мырзахметұлы қазақ әдебиетінде «Абайтану», «Мұхтартану» пәндерінің өмірге келуіне тікелей ықпал жасап, қазақ жастарының білім нәрінен терең сусындауына  жол ашты. Оның  қаламынан он  төрт  томдық монография және мыңға тарта ғылыми-публицистикалық мақалалар туындады. Солардың арасында «Мұхтар  Әуезов  және  абайтану проблемалары» (1982),  «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1993),  «Абай  және  Шығыс», «Абайтану тарихы» (1994), «Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю» (1994), «Әуезов және  Абай» (1994), «Абайтану» (2010), «Түркістанда туған ойлар», «Түркістан Тараз арасы», «Тараз. Ой-толғаныстар» (2005) еңбектері қазақ әдебиетінің аса қуатты арнасына айналған абайтану ғылымының өзегін құрайды. Ғалым жүздеген жастарға ғылыми жетекшілік жасап, мыңдаған шәкірттерге рухани азық сыйлап келеді.

Мерейтой иесі филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Түрік әлеміне қызмет» сыйлығының иегері, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Түркістан қаласының, Түлкібас, Жарма аудандарының және  Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Ол омырауына «Құрмет белгісі», «Айбын» ордендерін таққан қадірменді ақсақал. Айта берсе, ғалымның сіңірген еңбегі көп.  Халықаралық қазақ-түрік университетінің кірпішін қалаған ғалымдардың бірегейі де осы кісі. Онда жүріп, «Түрік халықтары әдебиетінің тарихы» оқулығын жазып, оқу үрдісіне енгізді.
Мекемтас Мырзахметұлының «Шымкент келбеті» басылымына берген сұхбаттарының бірінде мынадай жолдар бар: «Ғылымның, дүниетанымның зерттеушісі Абай болды. Бірақ Абай туралы ілім Батыстың, Ресейдің әдебиеті негізінде ғана қалыптасты. Саясаттың ырқымен осылай болды. Абай дүниетанымының Шығыс мәдениетімен, әдебиетімен және тарихымен байланысты жағы мүлде сөз етілмеді. Нәтижесінде Мұхтар Әуезовтің Абайдың қалыптасуы жайлы тұжырымы бұзылды. М.Әуезовтің пайымынша, Абайға туған жердің руханияты мен мәдениеті, Шығыс дүниесі және Батыс дүниесі әсер еткен. Бірақ, КОКП ОК 1949 жылғы космополитизм туралы қаулысының негізінде Абай дүниетанымының тек Ресейге және Батысқа қатысты жағы ғана дәріптелді. Ол жағы зерттелді, жаман болған жоқ. Бірақ табиғатқа қараңыз. Кез келген адам 25 жасында қалыптасады. Ал Абай 30 жасқа дейін орыс кітабын оқыған жоқ. Бұған дейін ол Шығыс мәдениетімен сусындады. Сондықтан абайтану іліміне үлкен өзгеріс қажет».

Профессор Мекемтас Мырзахметұлы – Абайтанудың қазіргі замандағы даму бағыттарында ықпалды тұлға екенін ғылым саласындағы зиялы қауым өкілдері айтады. Ұлт руханияты қайраткерінің еңбегі ғасырлар бойы ғылымға да, халықтың рухани сұранысына да азық болары сөзсіз. Қазақ ғылымына бергені мол, әлі де беретіні берекелі ғалымды мерейтойымен құттықтай отырып, оған қажыр-қайрат, мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тілейміз.

«Шымкент келбеті» және
«Панорама Шымкента»

газеттерінің ұжымы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.