Қастеев қадiрлеген қылқалам шеберi

Пятница, 19 Февраль 2016 05:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9066 раз

Биыл қазақтың белгілі суретшісі
Ғани Иляевқа – 100 жыл

qasteevКүн өткен сайын суретші туындыларының құндылығы да, құны да арта түскендей. Қылқалам шеберінің шығармалары халық өмірінің қалтқысыз айнасы, шынайы шындығы болды. Оның еңбектерінен қазақ мәдеәниетінің таным-тарихын танисыз. Бояу тілінен ұлттық нақышпен үйлескен рухани құндылықтарымызды ұғынасыз. Баға жетпес құнды картинаға айналған ою-өрнегі қандай?! Нәзік бояудан адам керемет әсер алады.


Ауыл аралап, ою жинаған

Ғани Иляев жастайынан халық өнеріне сүйсініп өсті. Анасы кілем тоқып, киіз басса, нағашысы күміс белдік, білезік, сырға жасайтын айтулы шебер болған. Зерек баланы қолөнер бұйымдарының үлгілері қатты қызықтырды. Сөйтіп өз еңбегінің алғашқы нұсқаларын жасай бастайды. Оқи жүріп, бейнелеу өнері үйірмесіне қатысады. Кейін суретші А. Волковтың шәкірті атанады. Ғани техникум мен училищедегі оқуын аяқтап, еңбекке белсене араласады. Мектепте сурет пәнінен сабақ береді. Көрмелерге қатысып, безендіру жұмыстарымен айналысады. Сол тұста соғыс басталып, Ғани әскер қатарына шақырылып, жаяу әскер командирлерін даярлайтын училишеге оқуға жіберіледі.
– Соғыс әрбір майдангердің жүрегінде із қалдырды. Днепр үшін болған шайқас, Киевті азат ету жолындағы ұрыстар ешқашан ұмтылмайды, – дейді Иляев өз естелігінде. Ол майданда жауапты чертежшы қызметін атқарады. Оның әскери бөлімдер мен артиллериялық шабуыл схемалары дәлдігімен және анықтығымен ерекшеленді. 1944 жылы қарашада Ғани Иляев денсаулығына байланысты елге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін мерейтойлық және естелік медальдарымен марапатталады.
60 жылдары Ғани Иляев Шымкент көркемсурет-өндіріс шеберханасының, 1960-78 жылдары көркемсурет мектебінің директоры болды. Соған қарамастан ауыл аралап, ою жинайды. Ескі кілемдер мен киіздердің, алаша-қоржындардың оюларын салып жүреді. Бірде ол киіз үйден қалған, оюы көркем есікті, өрнегі әсем кілем тауып алады. Халықтық өрнектің тамаша үлгілерін өз еңбектеріне пайдаланады. Сөйтіп кілем, сырмақ, алаша, басқұрларға арнап ою-өрнек (15 мыңға тарта үлгі) жасайды. Сондай-ақ суретші түскиіздің, сырмақтың, үй ішіне тұтынатын, т.б. алуан түрлі заттардың ою-өрнектерін де жасады. Оның еңбектерінде қошқар мүйіз, толқын, бұғы мүйіз, құс қанат, құс таңдай сияқты өрнекті оюлар әдемі тоғысқан.

Туындылары шетел
мұражайларында сақтаулы

 ilaitev vistavka  ilaitev vistavka-1

1957 жылы «Халықтың қолданбалы және декоративті өнерін дамыту шаралары туралы» қаулысынан соң, Шымкентте халық шеберлерінің слеті өтеді. Оған халық суретшісі Әбілхан Қастеев келеді. Шымкенттік шебердің 700-ге жуық ою-өрнек суреттерімен танысып, жоғары бағасын береді. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Иляевтің 88 туындысы көрмеге қойылады. Мамандардан лайықты бағасын алады. Суретші ою-өрнектердің зооморфтік, өсімдік тектес және геометриялық түрлерін жүйелі зерттеп пайдалануды іске асырды. Қылқалам шебері қазақ халқының ою-өрнектерін жинақтап, зерттеді. Ол кісінің жинағына мәдени мұраның 5 мыңға жуық түрі кірді. Суретшінің 500-ден астам еңбегі республикамыздың галереялары мен көркемөнер қорына алынған. Оның «Қыз қуу», «Сәлем», «Айтыс» композициялық төл туындылары үйлесімді бояу үндестігімен көзге түседі. «Гүлденген Оңтүстік», «Көктем» атты кілем эскиздері де ұлттық нақыштармен ерекшеленеді. Сонымен қатар, суретші бейнелеген «Біржан мен Сараның айтысы», «Қысқы пейзаж» көрермендерге айтарлықтай әсер қалдырды. Қылқалам шебері саналы ғұмырын кескіндеме өнеріне ғана арнаған жоқ. Бірнеше буын шәкірттер тәрбиеледі. Қаламға ынтазар жастардың шеберлігін шыңдады. Талай талапкер Шымкент педагогикалық институтындағы «Сурет жəне сызу» мамандығы бойынша білім алып, суретшінің жолын қуды. Ал Ғани Ильяев шәкірттеріне ою-өрнектің қыр-сырын үйретті. Ерекшеліктері туралы кеңесін де аямады.
Әке жолын қуған Сұлтан Иляев та суретші. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шымкент қаласы ҚР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болып жұмыс істейді. Ол әр уақытта өз өнерін шыңдап, көрермен қауымға жаңа туындыларын ұсынып отырады. Суретші айшықтарының астары терең. Ол өзінің еңбектерінде этномәдени сипаттамаларға ие қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің компоненттерін ұдайы сақтап отырады. Қазір оның жұмыстары Алматы, Мәскеу, Ташкент, Сочи қалаларындағы мұражайларда және әлемнің түрлі қалаларындағы жеке галереяларда сақтаулы. Бүгінде Шымкент қаласының орталық көшелерінің бірі Ғ. Иляев есімімен аталады. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген белгілі қылқалам шеберінің есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Бибажар Иманбекқызы,
доцент, КРСО мүшесі:

– 2 курста оқып жүргенімде, Ғани аға: «Үйіңдегі шатыр гүлді түкті кілеміңді көрмеге қояйық», – деді. Мен ұсынысты əкеме айтып, ауылдан кілемді алдырдым. Оны қалада өткен көрмеге қойып, I дəрежелі дипломмен марапатталдым. Қуанышымда шек болмады. Ол менің алғаш жарыққа шыққан жұмысым еді. Кейін республикалық көрмеге қатысып, тағы да бағым жанды. Ғани Иляев ағамыздың жетекшілігімен дипломдық жүмысымды тоқыма бұйымда ою-өрнектерді түстік шешіммен орындап, қорғап шықтым. Мен Ғани ағаның шәкірті болғанымды мақтан тұтамын.

Жұбайы Ажардың естелік әңгімесінен:

– Ғани жас суретшілерге жиі көмектесетін. Біраз шәкірті үйімізде тұрды. Бәрін өз баламдай көрдім. Балалар өсіп жетілді, үйленді, немере сүйдік. Ғани көптеген көрмелерге қатысты, жеке көрмелері де болды. Шетелдерге де барды. Өте еңбекқор еді. Газет-журналдарға мақалалар жазатын. Қазақстандағы тұңғыш балалар көркемсурет мектебін ашқанында қуанғанын көрсең! Біз осылай өмір сүрдік.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « «Ерлiкке тағзым!» НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН? »