Қазақты әнімен тербеген Шәмші Избранное

Пятница, 17 Август 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1020 раз

15 тамыз – «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Кең байтақ далаға әсем әнімен танылған қазақ сазгерінің туғанына биыл 88 жыл толып отыр. Қазақстанның қазіргі әнұраны авторын Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жұртшылығы ерекше еске алды.

DSC 6244

Композитор ескерткіші

Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні шырайлы шаһардағы композитор есімі берілген «Шәмші әлемі» гүлзарынан басталды. Таңертеңнен мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері мен жас өнерпаздар ұлы сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Даңқты композиторды еске алуға арналған жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов пен шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі қатысып, үзік сырларымен бөлісті.
Ән жанрының әйгілі майталманы Отырар ауданында дүниеге келген. Аса көрнекті сазгер Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер. Осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы. Шәмшінің төл мерекесіндегі шарада сазгердің бауыры Райхан Қалдаяқоваға құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қарындасына ұйымдастырушылар орамал жауып, сыйлықтарын тапсырды.
– Ағамның дүниеге келген күнін қазақ халқы мерекелік іс-шарамен атап өтіп жатыр. Ағам өзінің ел-жұртының жүрегінде әсем әнімен, жарқын бейнесімен сақталғанын осыдан байқауға болады. Әркім өз ағасын сыйлайды ғой, мен үшін де ағамның орны өте ерекше. Тіпті менің ағама теңеу жоқ десе де болады. Сабырлы болатын. Кенжесі мен болдым. Ол кісінің мені «Ахани» деп атайтыны бар. Ағамның жүрегі дарқан еді. Қәзір тек еске аламыз. Мен барлығына алғыс айтамын, – деді жиында сөз алған Райхан Қалдаяқова.
Ескерткіш маңына жиналған бір топ өнерпаз композитор шығармаларын орындады. Ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген тұлғаның елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері елдің жырына айналған.
Жиылған қауым мұнан соң дәстүрге айналған композитор атындағы облыстық ән байқауының ақтық сынын тамашалауға барды. Ол Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жалғасты.

«Менің Қазақстаным» ән байқауы

5

Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы биыл да сазгердің төл мерекесінде Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті. Биылғы іс-шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналды.
Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының аудан, қаладарда өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдірген. Оның ішінен 21 үміткер ақтық кезеңге жолдама алды. Өнер бәйгесіне 15 - 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Өнерпаздар бірінші кезеңде композитор шығармашылығынан бір ән, екінші кезеңде Оңтүстік сазгерлерінің танымал әндерін шырқады. Төрт сағатқа ұласқан өнер бәйгесінде талантымен дараланғандар марапатталды. Байқау соңында ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Байқаудың биылғы ерекшелігі – ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.
Байқаудың мақсаты – композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу. 1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Рысдәулетовтер «Өркен» тобы, Айбек Қанатбек, Руслан Ақынбеков, «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониядағы іс-шара соңы гала-концертке ұласты. Түркістан сарайында «Ақ бантикпен» мектеп бітіріп, «Махаббат құшағында» шаңырақ құрып, «Қайдасыңмен» бесік тербеткен өнер сүйер қауымның қарасы көп болды. Концерт шымылдығы Е.Үсеновтың «Шәмші дастан» шығармасымен түрілді. Оны Сүгір атындағы ұлттық аспаптар оркестрі орындады. Бас дирижері - халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Дәуренбеков.
Мерекелік кеште ҚР еңбек сіңірген әртісі ҚұрманбекШойынбаев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Мәдениет қайраткерлері Айжан Тәженова, Хадиша Шалабаева, дәстүрлі әншілер Наркенже Серікбаева, Ақмарал Биназарова,
Гүлдана Мақатаева және «Қазына», «Фараб», «Тұмар» би ансамбльдері өнер көрсетті. Ал «Сыған серенадасы», «Отырардағы той» әндерін облыстық әзіл-ысқақ театрының актерлері сомдады.
Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханұлы және шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі Түлкібас ауданының өнерпазы Бағдат Нысанбайға бас жүлдені, Келес ауданының өнерпазы Бексұлтан Отарбековке бірінші орынды, жетісайлық үміткер Малика Қалдыбайға екінші орынды табыстады. Арыс қаласының үміткері Ердос Сейілханға үшінші орын бұйырса, Шардара ауданынан келген Гүлмарал Жақыпбайға облыс әкімінің арнайы жүлдесі берілді. Әр жылдары Шымкент, Астана қалалары мен Отырар, Созақ аудандарында өткізіліп келген байқау келер жылы Түркістан облысының орталығында жалғаспақ.
...Сазгердің ең алғашқы және соңғы туындысы кіндік қаны тамған қасиетті мекені – Отырар өлкесіне арналғаны белгілі. Композитордың төл мерекесіне арналған концерт те осы әнмен мәресіне жетті. Одан кейін өнерпаздар Шәмшінің М.Шахановтың сөзіне жазылған «Туған күн кешінде» әнін көрерменмен бірге шырқады. Кеш соңында Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаевтың ықылас гүлі қойылды. Осылайша қазақтың ән өнерінде есімі ерекше сақталар бір туар сазгердің төл мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтті. Өнерсүйер қауым бүкіл елде Шәмшінің әні әуелегендей ерекше сезімде тарқасты.