Қосымша 85 миллиард теңге бөлiнедi

Среда, 17 Февраль 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5272 раз

EXPO-2017 нысандарының құрылысын аяқтау үшін бюджеттен 85 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, EXPO-2017 нысандарын өз уақытында тапсыру үшін 85 миллиард теңге бөлінбек. Оның ішінде IT инфрақұрылымына және басқа да шараларға 60 миллиард теңге, көрме аумағында орналасатын сауда орталықтарын және тұрғын үй құрылысын аяқтауға 15 миллиард теңге, сонымен қатар, Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағы құрылысын аяқтауға 10 миллиард теңге жұмсау қарастырылған.

 

Бiр жылға тегiн виза

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне ресми қатысушыларға бір жылға тегін виза беріледі. Осы мүмкіндік қарастырылған «ҚР Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Сенатта қаралды.

«Қазақстан 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі арасында Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізеді. Қазақстанның халықаралық көрмелер бюросының мүшесі мен халықаралық көрмелер жөніндегі конвенцияның қатысушысы екені ескеріле отырып, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Астана ЭКСПО-2017» АҚ ресми қатысушылар үшін жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісім әзірледі, оған Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында 2015 жылы қол қойылды», – деп баяндады комитет отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков.
Оның айтуынша, бұл келісімді ратификациялау және оның күшіне енуі ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми қатысушыларына жеңілдіктер мен преференциялар беру үшін құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.