Партиялардың үгіт насихат жұмыстары жалғасуда

Среда, 24 Февраль 2016 05:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4722 раз

Ақпанның 20-нан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына қатысатын саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Оңтүстік Қазақстан облысындағы партия өкілдіктерінде қызу жұмыстар басталып кетті.

«Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлауалды штабында үгіт жұмыстарында негізінен партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасына айқын басымдық берілетіні белгілі болды. «Нұр Отан» партиясы ел аумағында үгіт жұмыстарын қызу жүргізуде. Апта басынан бері партия атынан сайланатын кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері еңбек ұжымдарындағы сайлаушыларымен кездесуде.
Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы
Нұрлан Қадырқұловтың айтуынша, партия белсенділері мен сенімді өкілдері Шымкентте және облыс аудандарында сайлаушыларымен кездесіп, үгіт-насихат өнімдерін таратуда. Кездесулерде коммунистер ұлттық дәстүрлер негізінде Қазақстан дамыған мемлекет ретіндегі өз жолымен жүруі тиістігін айтуда.
Ал «Ақжол» партиясының ОҚО филиалында партия төрағасы А. Перуашев кандиттармен және сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында партия белсенділеріне «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалі табыс етілді. Партия бағдарламасының басты бағыттары – Қазақстанның тәуелсіздігі, кәсіпкерлікті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес және демократияны дамыту.
«Бірлік» партиясының Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың аймақтағы үгіт насихат кездесулері де өтіп жатыр. Партияның сайлауалды платформасының негізгі басымдықтары – табиғатты қорғаудың жаңа технологияларын қолдау, энергияның баламалы көздерін пайдалануға мән беру, экономикалық мәселелермен айналысу. Партия белсенділері Қазақстан болашақ ұрпаққа таза әрі гүлденген күйінде қалуы тиістігін жеткізеді.
ЖСДП-ның облыстық филиалы да сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізуді бастады. Облыстық филиалдың төрағасы Н. Қожахановтың айтуынша, партияның ұраны – «Мемлекетті өзіңе, дауысыңды өзіңе қайтар». Қала, аудандарда өткізілетін сайлаушылармен кездесулерге партия белсенділері мен үйлестіруші-еріктілері жәрдемдесуде. Қазақстанды еркін, тұрақты, әлеуметтік жағынан табысты әрі нәтижелі мемлекетке айналдыру мақсатымен партия сайлауға қатысуда.
«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы да сайлауалды «бәйгені» бастап кетті. Партияның облыстағы филиал төрағасы Қ.Досалиевтің мәліметінше, бағдарламаның басты бағыты – ауылшаруашылығын, елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту, бірте-бірте қала мен ауыл өмірінің деңгейіндегі айырмашылықтарды жою. Осы міндеттер жүзеге асқанда ғана Қазақстан әлемдегі озық отыз елдің қатарына ене алады.
Еліміздегі басты саяси науқан – сайлауға қатысатын партиялар өз бағдарламаларында айтылған мәселелерді әр қазақстандықтардың жүрегіне жеткізу үшін бір ай бойы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысады. Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 18 наурыз күні сағат 24.00-де тоқтатылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.