Ұлттық спортты ұлықтаған күн
Пятница, 18 Ноябрь 2016 06:12Кеше Шымкенттегі Орталық атшабарда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров атындағы ұлттық ат спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Халықаралық жарыстың ашылу рәсімінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Асанбай Асқаровтың елге сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне тоқталып, турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Асанбай Асқарұлы ұзақ жылдар бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі және бірегейі деп білеміз. Қоғам қайраткерінің өңірімізді басқарған жылдарында осы Орталық атшабар, Дендросаябақ пен Зообақ және балалар темір жолы сынды қаншама әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілген. Ел ағасының облыс тұрғындары үшін жасаған игі істері мен қалдырған ізгі мұраттары бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ел есінде мәңгілікке сақталады деп білемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Турнирге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркия елінен келген Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бірқатар мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Көкпардан 13-ші рет, аударыспақтан 5-ші рет, жамбы атудан 1-ші рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық ұлттық спорт бәйгесінде көршілес Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасынан, сонымен қатар, Астана қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Түлкібас ауданының командалары бақ сынауда.
Айта кетейік, жалпы облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.
Мәдениет саласын дамыту – маңызды міндет
Пятница, 18 Ноябрь 2016 05:58Мәдениет және өнер ұйымдарының алдағы уақытта ұйымдастырылатын кең көлемді бағдарламалары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналады. Іс-шаралар жоспары қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.
Жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұлов баяндама жасады.
Баяндамашы келтірген мәлімет бойынша, ағымдағы жылы 80-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «KZ-25» және «Мен елімді сүйемін» акциялары өткізіліпті.
– Бүгінге дейін, қала аумағына қосылған елді мекендердегі 10 мәдениет үйінде 125 іс-шара ұйымдастырылып, мәдениет және спорттық бағыттағы 19 үйірмеге 125 жасөспірім мүшелікке қабылданған. Қазіргі таңда жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында 18 танымдық клуб пен үйірме жұмыс атқаруда, – дейді Мұрат Серікбайұлы.
Өз кезегінде, қала әкімі сала мамандарына зообақ, мәдениет үйлері, кітапханаларда тұрғындар үшін қолайлы мүмкіндіктер жасау қажеттігін айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айта кетерлігі, қазіргі таңда Шымкент зообағында қайта жаңғырту жұмыстары бойынша «Тау» экспозициясы мен «Африка» аумағының, «Тұяқтылар» бөлімінің құрылыс жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық жүйелері мен су ұңғымасы, ішкі электр қуаты, газбен қамтамасыз ету жүйелері жүргізілуде.
Сонымен қатар, қала әкімі «Шымкент қаласының 2017 жылдарға арналған мәдениет саласын дамыту» жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселенің маңызы жоғары екенін айта келе, алдағы уақытта тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеп, орындалу барысын өз қадағалауына алатынын айтты.
«Shymkent city» іргелі орталықтың іргетасын қалайды
Среда, 16 Ноябрь 2016 05:54«Shymkent city» – Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Орта Азиядағы ең көне қаланың жаңа тарихи бейнесін айшықтайтын болады. Осы орайда, жергілікті БАҚ өкілдеріне «Тұран» шағынауданындағы ауқымды жобаның құрылыс барысымен таныстырған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров заманауи тұрғын және іскерлік орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырды. Пресс-турға қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, жобаның жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Бүгінде мұнда инфрақұрылым тарту және жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 7 көше бойына аяқжолдар мен веложол жолақтарын салу қарастырылған. Яғни, мұндағы жолдардың орташа ені 3,5-4 метрге, ал жер полотносының ені 40-50 метрге жетеді.
– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толығымен аяқтау үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл оның 1,9 млрд теңгесі игерілді. Яғни, бұл жұмыстарды 2017 жылы аяқтау көзделуде, – дейді Н. Көшеров.
Пресс-турға қатысушылар ең алдымен, бірінші көше бойындағы жұмыстарды зерделеді. Мұндағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын «Шымкентдорстрой» ЖШС-і жүргізуде. Өткен жылдың маусым айында басталған ауқымды жұмыстар 2017 жылдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Жобаның сметалық құны 417 миллион теңгеге жуықтайды.
– Көше бойының жалпы ұзындығы 1538 метрді құрайды. 4 жүру жолағы салынады. Биыл қаралған қаржының 131 миллион теңгесі игерілді, – дейді сала мамандары.
Бұдан бөлек, орталық аумағында бой түзеген алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға жақын. 9, 12, 16 қабаттан тұратын жалпы саны 316 тұрғын үй ғимараты келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріле бастамақ. Қуантарлығы, мұндағы пәтерлерге азаматтар «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы қол жеткізе алады.
Келешекте «Shymkent city» аумағы 70 мыңға таяу тұрғынды қамтитын болады. Сонымен қатар, 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емхана ғимаратын салу жоспарлануда. Қаладағы ең үлкен спорт кешені, концерт залы және жалпы аумағы 62 гектардан асатын саябақ та осы жақтан орын тебеді.
Осылайша, «Shymkent City» заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, жоғары заманауи стандарттарға лайықталған іргелі орталыққа айналмақ.
Жоба «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасының» шеңберінде жүзеге асырылуда. Ең бастысы, Шымкент қаласын ел аумағындағы үшінші мегаполиске айналдыру міндеті оң шешімін таппақ.
Айта кетейік, кешен аумағындағы жаңа нысандардың құрылысы жеке инвестициялардың есебінен салынады.
Суретті түсірген
М. ШАҒЫРБАЕВ
Мұқтаж мамандарды оқытатын орда
Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:10Шымкент аграрлық колледжі – Оңтүстік өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласына орта арнаулы кәсіптік мамандар даярлайтын базалық оқу орны. Мұнда ізденуші талапкерлер жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді оқу жүйесінде тиімді пайдалана отырып, сапалы білім алады. Білім беру саласында қол жеткізген толайым жетістіктері бүгінде лайықты бағаға ие болуда. Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына сай, атқарылған жұмыстарды сараптай келе, ҚР Білім және ғылым министрлігі Шымкент аграрлық колледжiн ел аумағындағы үздiк ондықтың қатарына енгізіп отыр.
ТҮЛЕКТЕР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Бүгінде аграрлық колледж біліктілігі жоғары мамандар даярлау үшін шетелдік (SAIT (Канада), Pearson (Ұлыбритания), TAFE (Австрия), TVET (Ұлыбритания), GIZ (Германия), РКБИ (Беларусия), LD DIDACTIC Group (Германия) сынды бірнеше серіктес компаниялармен бірлесе отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуді қолға алыпты. Колледж басшылығы мұнда шетелдік үздік колледждердің оқу тәжірибесін басты бағдарға алғанын айтады. Бұл үшін оқу ордасының материалдық-техникалық базасы заман қажеттілігіне сай толық жабдықталған. Колледж директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаев болашақта аграрлық сала мамандары үшін қайта даярлау орталығын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Өткен жылы бітіруші түлектердің 97 пайызы жұмысқа орналасты. Мамандарымыз сұранысқа ие болғандықтан, жұмыссыз қалмайды. Бүгінде мұнда 1500-ге таяу студент 15 мамандық бойынша білім алуда. Сонымен қатар, ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу саласына да мамандар даярлауды қолға алып отырмыз, – дейді Кенжехан Атақұлұлы.
Іргетасы сонау 1972 жылы қаланған оқу ордасы бүгінде дуальді кәсіптік оқыту жүйесін дұрыс жолға қоя білген. 2012 жылдан бері «Агрономия», «Ветеринария», «Орман шаруашылығы, бақша-саябақтық және ландшафттік құрылыс», «Ауылшаруашылығын механикаландыру» және «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтарына дуальді жүйенің элементтерін қолданып келеді. Яғни, студенттер алған білімін тәжірибе жүзінде толық жүзеге асыра алады.
Бүгінгі күнде әлемнің Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция сияқты дамыған елдерінде дуальді оқыту жүйесі табысты жұмыс істеуде. Бұл жүйе – білікті кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Дуальді деген «бірлесу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, өндірістегі, әлеуметтік серіктестердегі өнім өндіру технологиясын білім ұйымдарының бағдарламасына енгізе оқытып, кәсіпорындарға мамандарды бірлесіп даярлайды.
– Студенттер бірінші курста жалпы білім беру бағдарламасымен танысып, екінші курсында дуальді жүйе аясында білім алады. Яғни, 40 пайызы теориямен, 60 пайызы тәжірибе жүзінде оқытылады. Өндірістік база жасақтап, дуальді оқыту жүйесінің тиімділігін толық пайдаланудамыз. Бұл өз кезегінде, білікті маман даярлаумен қатар, өз-өзімізді қаржыландыруға да жол ашады, – дейді колледж директоры.
ХХІ ғасыр – білімді мен білікті, бәсекеге қабілетті сапалы маман тәрбиелеудің заманы. Бүгінде колледж ұжымы кәсіби шеберлігі жоғары, ұлтжанды, әлемдік озық мәдениет үлгілерін бойына сіңірген, нарық жағдайына бейімделген, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда осы ұстанымды берік бағдар етеді.
Оқытушылар құрамында 1 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты болса, 36 оқытушы жоғары санатты, 30-ы бірінші санатты, 38-і екінші, 32-санатқа ие. 2-уі «ҚР Білім ісінің үздігі», 4-уі «Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен» және 10-ы «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісімен марапатталған. Өткен оқу жылының көрсеткіштері бойынша Ұлттық бизнес-рейтингісінің қорытындысында Шымкент аграрлық колледжі «Алтын қыран» және «Сала көшбасшысы – 2015» медаліне, «Білім саласы көшбасшысы – 2015» ұлттық сертификатына ие болды.
БІЛІМІН ТӘЖІРИБЕ ЖҮЗІНДЕ ҰШТАСТЫРАДЫ
Колледждің заман талабына сай жабдықталған оқу ғимараты, акт залы, кітапхана, асхана, спорт залы, жазғы ойын алаңы, студенттер жатақханасы, автодромы, өндірістік оқыту базасы бар. Оқу ғимараты 960 орынға лайықталған. Оқу кабинеттері интерактивті құралдармен жабдықталып, барлығы локальдық желіге біріктірілген және интернетпен қамтылған.
Білім ордасының иелігінде 5,5 гектар аумақты құрайтын оқу-өндірістік базасы құрылған. Онда ауыспалы егістік танабы, жүзім танабы, жартылай ергежейлі алма бағы және көкөніс бақшасы егілуде. Сондай-ақ, жылыжай, машина-трактор станциясы, «Ветеринарлық клиника», көкөністерді сақтайтын қойма және арнайы тәжірибеге алынған жануарлармен (жылқы, сиыр, өгізше, қой, тышқан, қоян, тауық) қамтылған. Шымкент аграрлық колледжінің студенттері аталмыш базада теория мен тәжірибені ұштастырып, өз біліктіліктерін арттыруда.
Студенттер үшін 440 орынға лайықталған жатақхана ғимараты қызмет етеді. Онда білім алушылардың сабаққа дайындалуына арналған кітапхана, интернетке қосылған компьютер жұмыс істейді. Ғимаратта мәжіліс залы, теледидар, бильярд бөлмелері де бар.
Дәрістер алдымен теория жүзінде, кейін тәжірибе аясында көрсетіледі. Осылайша, тақырып балалардың жадында жақсы сақталады. Бұл үшін аталмыш оқу орнында 28 зертхана жұмыс істеуде.
– Студенттер сабақты теориядан гөрі тәжірибе жүзінде жақсы түсінеді. Құрылғыларды тікелей қолмен ұстап, ақауларын табады. Сөйтіп, жөндегеннен кейін, шәкірттердің сабаққа қызығушылығы арта түседі. Бір апта теория, келесі апта машықтану сабағын өтеміз, – дейді зертхана мамандары.
Оқу ордасының кітапхана қоры да жеткілікті деңгейде қамтылған. Студенттер мұнда кәсіби сала мамандарының еңбектерімен таныса алады. Сонымен қатар, көркем әдеби жанрда дүниетанымын дамыта алады. Колледж ұжымының зерттеу мақалалары, студенттердің өз ғылыми жобалары да арнайы қор ретінде сақтаулы тұр.
Ел аумағында үздіктер қатарынан аталатын базалық оқу орнының бүгінгі тынысы шынында, көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Жарқын келешекке нық қадам басқан колледж студенттерінің алға қойған мақсат-межелерінен біз үлкен қажырлылық пен сенімділікті байқадық.
Shymkent.gov.kz: сауалдар мен жауаптар
Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:39Егер де сіздің қандай да бір әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге қатысты шағым-ұсыныстарыңыз болса, қала әкімдігінің ресми http://shymkent.gov.kz/ сайтының «Халықтық бақылау» тармағына сауал жолдаңыз. Онда сіздерге әкімдіктің жауапты сала мамандары сауалдарыңызға нақты жауап береді. Осы орайда, қала тұрғындарының жолдаған шағым-ұсыныстарына берілген жауап төмендегідей болды.
Нұрлан Жақсылық, қала тұрғыны:
– Менің айтар ұсынысым, біріншіден, Қонаев–Жандосов көшелері қиылысындағы артқа бұрылу маневрын алып тастау арқылы үнемі сол жерде орын алатын жол апаттарының алдын алуға болар еді. Екінші, «Самал» базары алдындағы жаяу жүргінші өткелдерін алып тастап, орнына жаяу жүргіншілердің аспалы көпірі немесе жер асты өткелдерін салса, жол-көлік қозғалысына кедергі туындамас еді.
Жауап: Бірінші сауалыңызға орай, Қонаев даңғылы мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы 5.8.1 «Жолақтар бойынша жүру бағыттары» жол белгісі ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының тапсырмасына сәйкес орнатылғанын хабарлаймыз.
Бүгінгі таңда, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Рысқұлов көшесіне («Самал» базарының алды) темір қоршаулар орнату жұмыстары атқарылуда. Аталған орында жаяу жүргіншілер үшін екі жерден өтпе ұйымдастыру жоспарланған.
Сонымен қатар, бөлім тарапынан «Самал» базарының алдына жерасты өтпесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. 2017 жылдың бюджетін қалыптастыру барысында, жерасты өтпесінің құрылысына қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізілді. Қаржы бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстары атқарылатынын хабарлаймыз.
Фазылбек ТҰТҚАБАЙ, қала тұрғыны:
– 65 мыңнан астам тұрғыны бар Қайнарбұлақ елдімекенінде табиғи газ мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. Осы мәселені ертерек шешіп берсеңіздер.
Жауап: Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовпен бекітілген Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы тұрғын алаптарда туындаған өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары бойынша 2016-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қайнарбұлақ саяжайын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеуге жергілікті бюджеттен 13,7 млн теңге бөлініп, ЖСҚ әзірленуде.
Несібелі СПАНОВА, қала тұрғыны:
– «Ынтымақ-2» елдімекенінде ауызсу мәселесі әлі де болса, күрделі ахуалда. Мәселе қашан шешімін табады?
Жауап: «Қызылжар», «Ынтымақ» шағынаудандарын ауызсумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізіліп жатқан мердігер мекеме «Береке-5» ЖШС-не жобадан тыс қалған тұрғын үйлерге ауызсу жүйесін жүргізу бойынша тиісті тапсырма беріліп, қалалық тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі тарапынан бақылауға алынған. Сондай-ақ, бүгінгі таңда, мердігер мекеме тарапынан орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуға «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нен техникалық шарт алу жұмыстары жүргізілуде. Техникалық шарт алынғаннан кейін жүйеге сығымдау, шаю жұмыстары жүргізіледі.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЕВ, қала тұрғыны:
– Қаладан 6 шақырым оңтүстікке қарай, Шымкент телемұнарасының маңында, «Ақжар» қалашығына баратын жол бойына шағал тас төсеу жұмыстары қашан жүргізіледі?
Жауап: 2016 жылға Абай ауданының көшелеріне шағал тас төсеу жұмыс жоспары толығымен қалыптастырылып, бекітілген және «Ақтас» шағынауданының көшелері енбеген. Себебі, ағымдағы жылға бөлінген қаржы жеткіліксіз.
2017 жылы «Ақтас» шағынауданының негізгі атауы жоқ көшесіне шағал тас төсеу мәселесін жұмыс жоспарына енгізуге ұсыныс берілетін болады. Жұмыстар бюджеттен қаржы қаралған жағдайда атқарылатынын хабарлаймыз.
Серік МЕЙІРБЕКОВ, қала тұрғыны:
– 2011 жылы 29 қыркүйекте «Бозарық» шағынауданынан 211 нөмірлі мекен-жайда орналасқан жер телімін сатып алған болатынмын. Жерімді заңдастырып, үй салып, шатырын жаба бергенімде соттың шешімімен менің жерім үкіметке қайтарылды. Алайда мен әлі мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты ала алмай келемін.
Жауап: Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде «Бозарық» шағынауданында 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша құрылысы қарастырылған.
Алайда, қарастырылған аумақта жер учаскелері болуына байланысты, Шымкент қаласы әкімдігінің 20.06.2012 жылы №184 санды мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысы қабылданған.
Қабылданған қаулыға сәйкес, Сізге тиесілі кадастрлық №19-309-203-190 №211 учаскеде орналасқан жер учаскеңіз Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 23.10.2013 жылғы №2-5738 санды шешімі негізінде 816 750 (сегіз жүз он алты мың жеті жүз елу) теңгеге мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешімі қабылданған.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Әл-Фараби аудандық сотының 23.10.2013 жылғы №2-5738 санды шешімін орындау мақсатында Шымкент қаласының Қаратау аумақтық сот орындаушыларға жүгінуіңіз қажет екеніндігін мәлімдеймін.
Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар екендігін назарыңызға жеткіземіз.
Қынабек ЕСТЕМІРОВ, қала тұрғыны:
– Қоғамдық көліктердің жүру кестесін мобильді телефон арқылы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік жасалса тиімді болар еді...
Жауап: Қазіргі таңда, қалалық бағыттағы автобустардың жұмысын GPS трекер қондырғысы арқылы қадағалануда. Сіздің ұсынысыңыз Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен мәлімет үшін қабылданғандығын және алдағы уақытта мүмкіндіктері қаралатындығын хабарлаймыз.
Қайрат ҚАДЫРОВ, қала тұрғыны:
– Тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімі беріле ме?
Жауап: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 27.03.2015 жылғы «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» №255 бұйрығына сәйкес, азаматтардың өтініштері арнаулы есепке алынып, жер комиссияның қорытындысы негізінде кезекке қойылады.
Осы бұйрықтың 2 тармағында көрсетілген талаптарына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке тұрғызылу үшін мүдделі тұлғалар жеке куәлік көшірмесін тіркеп, жер учаскесі орналасқан жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш білдіру қажет екендігі көрсетілген.
Аталған заңнамада арнайы жеке бағдарламалар қарастырылмағандықтан азаматтардың өтініштері тек қана кезектілік ретімен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін табыстау аймақтардың нақты жоспарлау жобалары дайындалып, бөлінетін жерлердің инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп, арнайы алаңшалардың дайындалуына қарай қанағаттандыруға жататындығын хабарлаймыз.
Ахмет ТЕМІРОВ, қала тұрғыны:
– Шымкент қаласы әкімінің «мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №213 қаулысының 56 тармағының күші жойылған. Дегенмен, осы күнге дейін заңды ауыртпалық әкімдік тарапынан алынбаған.
Жауап: Шымкент қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларының күшін жою туралы 01.06.2016 жылғы №1019 санды қабылданған қаулысына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің 07.02.2015 жылғы «Жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №213 санды қаулысының 56-тармағының күші жойылған.
Осыған байланысты Сізден, бүгінгі күні мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатпайтын кадастрлық №19-309-193-1771 жер учаскесіне қойылған заңдық талапты алуыңызды сұраймын.
Нұркен ТОҚАЕВ, қала тұрғыны:
– Шымкент қаласы бойынша атауы жоқ көшелер мәселесі қашан шешіледі?
Жауап: Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына орай әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру және қайта атау мәселелері (есімдері ономастикалық объектілерге берілетін тұлғаларға қатысты нақты критерийлерді әзірлеуге қатысты) уақытша тоқтатылған (мораторий).
Соған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының нормаларына сәйкес, Шымкент қаласының Қайтпас-1 шағынауданының көшелеріне атау беру мәселесі әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру және қайта атау мәселелері есімдері ономастикалық объектілерге берілетін тұлғаларға қатысты нақты критерийлері қабылданғаннан соң қаралатын болады.
Қоғамдық қызмет сапасын арттыру – басты талап
Пятница, 11 Ноябрь 2016 06:19Күн сайын Шымкент қаласы аумағында орта есеппен 440 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Жолаушы тасымалдау қызметімен айналысатын 29 компанияның меншігінде 1130 автобус түрлі бағытта жолға шығады. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен қала әкімдігінің мәжілісінде кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде барлығы үш мәселе қаралды.
Алдымен, қоғамдық көлік саласының бүгінгі ахуалы бойынша қалалық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады.
Баяндамашы келтірген мәлімет бойынша, 2015-2016 жылдары қала аумағына жолаушы тасымалдаушы 230 жаңа автобус жеткізілген. Дегенмен, қала шекарасының ұлғаюына байланысты шалғай елді мекендердегі тұрғындарды тасымалдау ісінде әлі де болса туындаған күрделі мәселелер баршылық.
– Мəселені оңды шешу мақсатында қала әкімдігі мен «Шымкент Bus» ЖШС-нің өзара серіктестігі аясында муниципальді автопарк қызметі құрылды. Аталған автобус паркінің көліктері жолаушыларға облыс орталығының ерекше маңызды бағыттары бойынша қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, қаладағы жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл автожолдарда 325 жасанды кедергі, 60 жасөспірімдерге арналған жол жүру түсіндірме тақтайшалары орнатылып, мектеп жанынан 9 жаңа бағдаршам іске қосылды, – деді Қуатжан Әзімбайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мəселе бойынша қалалық кəсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Əсет Әбдіраханов туризмды дамытудың жолдары мен мүмкіндіктеріне талдау жасады. Баяндамашы ағымдағы жылы қалаға келген туристердің легі айтарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл қаламызға келген туристер саны 4000 адамға артқан. Туризмді дамыту мүмкіндіктері ретінде Ə. Әбдіраханов «Шымкент Плаза» сауда орталығының, бес жұлдызды «Holiday Inn Shymkent» қонақүйінің ашылуы, «Shymkent city» жобасының іске асырылуы, «Shymkent mall» сауда орталығының, жаңа əуежай мен темір жол вокзалының құрылысы, сондай-ақ Бадам өзені жағалауы мен Тоғыс су қоймасы оң ықпал еткенін, ендігі бағыт ретінде «Ескі қаланы» туристік аймаққа айналдыру қажеттілігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 131 мамандандырылған туристік ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде 25 туроператор, 106 туристік агенттік, 2 балалар сауықтыру лагері, 41 туристік нысан мен 69 қонақүй жұмыс істеуде.
Қала әкімі жиында талқыланған жобалардың маңызы жоғары екенін айта келе, алдағы уақытта бұл бағытта жауапты да ауқымды міндеттер аясында тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.
Күрделі жөндеуден өткен көпір
Среда, 09 Ноябрь 2016 05:18КӨЛІК КЕПТЕЛІСІН АЗАЙТАДЫ
«Оңтүстік» шағынауданынан қала орталығына қатынайтын жолаушылар енді жол қиындығын сезінбейтін болды. Үлкен шағынауданды қаланың орталығымен қосатын Қапал батыр көшесіндегі теміржол өткелінің көпірі пайдалануға берілді.
Құрылысы 2 жылға созылған нысанның ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
– Нысанды қайта құру жұмыстары барысында көпірдің, кірме жолдардың жүріс бөлігінің енін кеңейту, сыртқы жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде, Төле би, Қапал батыр, Ақназар хан, Анаров көшелеріндегі көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік туындады, – деді қала тұрғындарымен қуанышын бөліскен облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.
Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Корпорация Береке А» ЖШС-і жүргізді. Өткелдің ұзындығы 170, кіреберіс ұзындығы 253 метрді құрайды. Жаңа көпірде 6 қозғалыс жолақтары орнатылған және өткел қабатының негізі темір бетонмен жабдықталған.
«Экспо – 2017» көрмесі: алғашқы павильондар тапсырылды
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 04:35«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Көрмені өткізу жауапкершілігін алған еліміз әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Мұндай халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында елдің даму деңгейін іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет.
КӨРМЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ – КӨПШІЛІК НАЗАРЫНДА
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық көрмеге қатысушы – Қытай, Франция, Алмания, Мажарстан мен Түркия мемлекеттеріне алғашқы павильондарды тапсыр ды.
Көрме нысандарының құрылыс жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ден астам отандық кәсіпорындар тартылды. Аталмыш жоба 50 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалуға әрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Құрылыс алаңында 14 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Бүгінде құрылыстың маңызды бес нысаны аяқталды. Ол – халықаралық павильондар, 1374 пәтері бар ЭКСПО-қалашық, ЭКСПО-кеңсе, ішкі істер бөлімінің ғимараты мен Энергия зерттеу орталығы. Барлығын қосқанда 482 мың шаршы метр аяқталды, – деді Ахметжан Есімов павильондарды салтанатты түрде табыстау барысында.
Аталған нысандардың қүрылысы үшін 492 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
Франция елі жалпы ауданы 1069 шаршы метр аумақты құрайтын «Жасыл өсім бағытындағы энергетикалық бұрылыс» атауына ие павильонға орналастырылды. Жасыл энергетика саласындағы өз әзірлемелерін бұл ел үш шағын тақырыпшаларда ашып көрсететін болады: болашақ қаласы, жаңартылатын энергия және экологиялық көлік түрлері.
Қытай елі жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын «Жасыл» Жібек жолы» болашақ энергиясының арман театры павильонын алды. Онда ҚХР-ның Жібек жолы бойындағы, сол сияқты әлемнің барлық елдерімен энергетикалық ынтымақтастыққа қатысты жаңа ойы көрсетіледі.
Венгрия еліне тиесілі павильонның жалпы ауданы 411,9 шаршы метрді құрайды. Павильонның «Болашақ энергиясы бізді біріктіреді» тақырыбы елдегі қолжетімді энергия көздерінің географиялық, экономикалық ерекшеліктеріне негізделеді. Павильон жел, су және жел елі болып табылатын Венгрияның сипатын айрықшаландыра отырып, электр және қала жобалау облысындағы жаңа қондырғылармен таныстырады.
Германия елі павильонының жалпы ауданы 1249,5 шаршы метр құрайды. Ол – «Энергияға апарар жолда» деп аталатын болады. Ал Түркия 959 шаршы метр павильонға ие болды.
Айта кету керек, бүгінде Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне өзінің қатысатындығын 104 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым растады, 98 мемлекет комиссарларын тағайындап, 82 қатысу келісімшартына қол қойылды.
КӨШЕДЕГІ САҚШЫЛАР ДА АҒЫЛШЫНША СӨЙЛЕЙДІ
ЭКСПО кезінде көшедегі сақшылар да ағылшынша сөйлейтін болады. Елорданың қоғамдық тыныштығын күзететін Ұлттық ұлан сарбаздары қазір осы бағытта дайындалып жатыр. Олар ағылшын тілінде амандық сұрасып, жол нұсқай алатындай деңгейге жеткенше білім алмақ.
Жалпы халықаралық көрме кезінде 1 жарым мың сарбаз қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Бүгінде ағылшын тілінен бөлек, жауынгерлік даярлықтарына да баса назар аударылады.
Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ мен «Қазпочта» АҚ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде қараша айының 2-жұлдызынан бастап Ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде билеттер сатылымға түсті.
ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті – Қазпочтаның 30 пошта бөлімшесінен (әрбір облыстық филиалдағы екі бөлімшеден), ал биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап барлық автоматтандырылған бөлімшелерінен сатып алуға болады. Билеттерді сату көрменің соңғы жұмыс күні – 2017 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылатын болады.
«ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылғы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейінгі аралықта Астана қаласында өтеді. 93 күнге созылатын көрмеге жалпы саны 5 миллион адам қатысады деп күтілуде.
Пошта бөлімшелерінің операторлары электрондық билеттерді ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер сату бойынша ресми сайт –tickets.expo2017astana.com арқылы ресімдейтін болады.
Азаматтар күні белгіленген билеттерді жұмыс күндеріне 4000 теңгеге және демалыс күндеріне 6000 теңгеге ала алады. Ал күні белгіленбеген билеттерді жұмыс күніне 6000 теңгеге және демалыс күндеріне 8000 теңгеге ала алады. Билеттерді сату қолма-қол ақшамен де, төлем карточкаларымен де жүзеге асырылады.
ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНЕН 150 МЫҢ АДАМ БАРАДЫ
Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 150 мың адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің саны 35 700 адамды құрамақ. Шымкент қаласынан жалпы саны 30 мың адам қатысады.
Көрме қызметіне дайындық негізінде еріктілерді үйретіп, дайындау мақсатында бүгінде жүйелі түрде семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Аталмыш шараға облыс аумағынан 100 ерікті іріктеліп алынды. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда еріктілерді француз және қытай тілдеріне оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда.
Ермек ДӘРМЕНОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
ДАМУҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ АШАДЫ
– «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу арқылы Қазақ елі Астананың келешегін жарқын әрі есімін жаһандық кеңістікте танымал ете түсуге мүмкіндік алды. Яғни, ауқымды шара аясында Елордада инфрақұрылымдық жүйелер – жолдар, инженерлік желілер, су, газ, кәріз жолдары заманауи үлгіде қайта жаңартылды. ЭКСПО – ең алдымен, Қазақстанның атауына жұмыс істеп отырған ең алғашқы ірі халықаралық жоба. Бұл біздің елімізде туризмнің белсенді дамуына ұмтылыс беретін зор мүмкіндік. Қазіргі таңда Қазақстан минералдық ресурстарға ең бай елдердің бірі. «Болашақтың энергиясы» деген тақырыптың өзі көрменің ауқымдылығына өлшеу болатындай. Күн, жел сынды энергияның балама көздерін тауып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін көмірқышқыл газының тарауы, мұнайды пайдалануды және қоршаған ортаны ластауды, минералдық және көміртекті ресурстарды азайтуды болдырмау, қысқарту – көрмені ұйымдастыру барысында басты назарға алынады.
Жасұлан ТӨЛЕБЕКОВ,
«Оңтүстік туризм» орталығының директоры:
ОҢТҮСТІК – ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ҚОЛАЙЛЫ ӨҢІР
– Қазақстан ТМД елдерінің ішінде әзірге «жасыл экономикаға», жаңартылатын энергия көздеріне өту тұжырымдамасын қабылдаған жалғыз ел. Яғни, еліміздің бұл тұрғыдағы бастамашыл да игілікті шаралары әлем елдеріне үлгі іспетті. Әрине, ЭКСПО – өз кезегінде, елдегі туризм саласын дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Бұл бағытта Оңтүстік Қазақстан облысының өзіндік дәстүрі мен табиғаты шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруда маңызды рөлге ие. Шара барысында шетелдік туристерді өңірдің тыныс-тіршілігімен етене таныстыру мақсатында өз тарапымыздан арнайы 22 бағыт бойынша экспедициялық топтарды ұйымдастыратын боламыз. Әрине, ең алдымен, әуежайдан түскен шетелдік меймандар такси қызметінен кедергі көрмегені жөн. Бұл орайда, арнайы 2 бірдей көлік компаниясымен келіссөздер жүргізудеміз. Әуежайда өз ісін жетік білетін, шет тілдерін еркін меңгерген көлік жүргізушілері туристердің барар бағыты бойынша қызмет көрсететін болады.