Медиация кабинетi ашылды

Среда, 29 Июнь 2016 05:18

Еңбекші ауданы әкімдігінде медиация кабинеті ашылды. Оның жұмысына заңгер мен әуесқой медиаторлар тартылып отыр.

media kab

Медиаторлар жұмысын дамытуды облыс әкімі Б. Атамқұлов сала мамандарына жүктеген еді. Ендігі кезекте дау-дамай бітімгершілікпен шешілмек. Мамандар медиация кабинетінде бір-бірімен тәжірибе алмасып, жұмыстарын алға қарай ілгерілететін болады.
Еңбекші аудандың сотының төрағасы Низамиддин Жамашовтың айтуынша, жыл басынан бері 2500 іс қаралған. Оның 1500-і бітімгершілікпен шешілетін азаматтық құқықбұзушылықтар. Өкінішке қарай, қаралған істердің 2 пайызы ғана медиаторлардың көмегімен тоқтаған. Аудандық сот төрағасының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде медиаторлардың жұмысы туралы мәселелер көтерілді.
Бүгінде Еңбекші ауданында әуесқой 17 медиатор жұмыс істейді.

Есiрткiсiз болашақ

Среда, 29 Июнь 2016 05:14

Орталық саябақта «Есірткісіз болашақ» акциясы өтті. Облыстық прокуратура және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт және шығармашылық жағынан талантты жастарды кеңінен насихаттау.

esirtki aktsia

Бүгінгі таңда нашақорлық қоғамдағы өзекті мәселенің бірі екені белгілі. Есірткі бизнесіне қарсы белсенді күрес жүргізуіне қарамастан жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділік артып отырғаны жасырын емес.
Акция «Есірткіге жол жоқ! Біз – жастар, спортты және салауатты өмір салтын таңдаймыз» ұранымен бастау алды. Шарада 13 Легион», 6506 әскери бөлімінің «Жас Бүркіт», «Роллеры» вело, Хип-хоп брэйк дэнс клубтарының қатысуымен би жарыстары ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар сыйлықтармен марапатталып, оларға алғыс хаттар табыс етілді.

Бiр отбасында – екi полицей

Пятница, 24 Июнь 2016 06:39

Полицейлердің жұмысы қашан да қауырт. Күні-түні ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Олар түрлі оқиғалардың ортасында болып, түрлі тығырықтардан жол табады. Осындай қиындықтарға қарамастан бүгінде полиция мамандығы үлкен сұранысқа ие. Әрбір үшінші жігіт пагон тағып, форма кисем деп армандайды. Солардың бірі – тергеуші Абубакир Халиков.

DSC 0463Қызметіне қырағы жігіт Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Ол бөлімде қызмет ететін полицейлер арасындағы жас маман. Жыл басынан бері тергеуші 3 ұрлық, 2 алаяқтық бойынша іс қозғапты. 

– Мен бұл мамандықты өзім таңдадым. Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясындағы оқу бізге өмірлік мектеп болды. Теориялық білім алып қана қоймай, тәртіп пен шыдамдылыққа үйрендім. Жұмыстағы басты ұстанымым – алдымен, заң қағидасына жүгіну, сосын, заңдылықты сақтау арқылы азаматтардың құқығын қорғау, – дейді тергеуші жігіт. 

Абубакир білімге қанат қақтырған академияда болашақ жарын кездестірді. Ол Тоғжан Өмірзақовамен бір топта оқыды. Олардың сыйластықтары сезімге ұласып, биыл соңғы курста бас қосты. Қазір жары Тоғжан Өмірзақова Қаратау аудандық полиция бөлімінде көші-қон полициясының инспекторы. 

Тоғжан да бұл салаға кездейсоқ келмеген. Ол бала күнінен-ақ асқар таудай әкесі Қайрат Байболатовқа еліктегенін айтады. «Оның арнайы үлгідегі киімді кигеніне қызығып, мен де осындай тұлға боламын деген бала қиялмен өстім» дейді жас инспектор. Бүгінде инспектор келіншектің әкесі Қайрат Өмірзақұлы Ішкі істер департаментінде қызмет етеді. Жиырма жылдан астам еңбек еткен полиция полковнигінің еңбегі де жемісті. 

– Мен шетел азаматтары және елімізге оралған қандастарымызбен жұмыс жүргіземін. Мұнда Шымкентке көшіп келушілер өте көп. Бүгінге дейін тұрғылықты орналасуға – 70, азаматтық алуға 40-қа жуық отбасы қабылданды. Жас маман болсам да, тәлімгерім, полиция майоры Жасұлан Аликов өз тәжірибесімен бөлісіп, көмегін аямайды. Ол кісіге айтар алғысым шексіз, – дейді Тоғжан Қайратқызы. 

Абубакир мен Тоғжан үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, олар үшін арнайы форма ең әдемі әрі сәнді киім саналады. Жастар отбасымен құқық қорғау саласында бірге қызмет атқарғандарын мақтан тұтады.
– Бір салада еңбек ету, жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады. Десе де, қызметтік мәселелерді бірге шешіп, кәсіби міндетті бірінші орынға қоямыз. Ал кәсіпке адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару басты ұстанымымыз, – дейді полицейлер.

Талайға өмiр сыйлаған

Среда, 22 Июнь 2016 10:42

Аурудың алдын алсаң аман жүресің. Бұл – медицина мамандарының басты қағидасы. Ал әр науқастың сырқатын танып, асқынуды болдырмау дәрігердің міндеті. Олардың қиын сәтте науқас үшін шешім қабылдап, тәуекел жасайтыны ерлікпен тең десек те болады. Білікті дәрігерлерден құралған Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында тұрғындардың денсаулығы үшін қызу жұмыс бір сәтке толастаған емес. Талай жанға араша болып, өмір сыйлаған, талай сырқаттың денсаулығын түзеген ауруханада болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

DSC 0012

Біз ауруханаға келгенімізде қарбалас сәттің үстінен түстік. Дәрігерлер науқасты қабылдап жатыр екен. Аяғы ауыр әйелдің жағдайы қиын. Сырқат дереу жан сақтау бөліміне жеткізілді.Енді оны дәрігерлер ауруын анықтап, барлық тексерулерден өткізеді. Қажетті ем жүргізеді. Жансақтау бөлімінен кейін жағдайына қарай бөлімге ауыстырылады. Ал таңертең түскен кісінің жағдайы тіпті қиын. Оның екі аяғын пойыз басып, ауыр халде ауруханаға түскен. Ес-түсін білмеген науқасты дәрігерлер ота залына алып кетті. Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосыновтың айтуынша, ауруханада 180 дәрігер (жоғары санатта – 47, бірінші санатта – 59), 395 мейірбике жұмыс істейді. Күніне 200-ге жуық сырқат медициналық көмекке жүгінеді. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн дамылсыз жұмыс істейтін бұл бөлімнің жұмысы оңай емес. Ал аурухана есігі жедел жәрдем көлігі мен жағдайы ауыр науқастардан босамайды. Мұнда әр бөлімнен жасақталған бригада бар. 

– Бізге облыстан келетін науқастардың саны артуда. Аурухана жедел қызмет көрсетуге арналғандықтан мамандарымыз күн сайын табандарынан тік тұрып, ота жасайды. Өйткені әрбір науқас күрделі сөзжұмбақ секілді. Ең ауыры...өмірі қыл үстінде тұрған науқас. Мамандар сырқат өмірі үшін жанын салады. Нәтиже шығаруға, аман алып қалу бағытында жұмыс атқарады. Аурухана төсек орны қоры – 425. Ал келіп жатқан науқас саны көп. Сондықтан бірінші кезекте өміріне қауіп төніп тұрған, ауыр халдегі адамға көмек көрсетеміз. Созылмалы сырқаты бар жандарға емханаға тексеріліп, ем алуына кеңес береміз, – дейді Сәбит Байбосынов. 

DSC 0010

Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларынан, тұрмыстық жағдайлардан зардап шегетін науқастардың саны артқан. 

Бізді бөлімше меңгерушісі жедел нейрохирургия бөліміне алып келді. Айта кету керек, бас дәрігер Мәди Хожаұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкентте бүйрек пен бауыр алмастыру отасын жолға қойған. Сондай-ақ ауруханада нейрохирургиялық гинекологиялық, жарақаттық, жақ-бет хирургия салалары бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Хирургтер ангиографиялық кешеннің арқасында бас сүйекке ашық ота жасамай, тамыр арқылы қол жеткізген. Науқастарды емдеу үшін клиника жаңа заманауи құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ «Innova 313 IQ GE-2» ангиографында рентгенангиографиялық емдік шаралар жасалады. «SteaIth Station S7» нейроинновациялық кешен алынғалы 80-нен аса бас миына ота жасалды. Сонымен қатар, жұлынға жасалатын оталардың транспедикулярлық кейджермен фиксациялау сияқты жаңа тәсілдері енгізілді. Мұнда HIA типтік зертханасы жұмыс істейді. Айта кететін жағдай, зертхана Шымкенттен басқа Астана және Алматы қаласында ғана бар. Аурухананың тағы бір жетістігі – мұнда трансплантациялық қызмет қарқынды түрде дамып келеді. Екі жыл ішінде 63 бүйрек, 5 бауыр ауыстыру отасы жасалыпты. 

Хирургия бөлімі 51 орынға арналған. Оның 40 орны жедел хирургия. Мұнда науқастарға ота бас дәрігер, мамандармен жоспарланады. Жыл басынан бері алты ай ішінде бөлімге 901 науқас келіп түсіпті.
– Бұрын жедел хирургияда отаның 80 пайызы соқыр ішекке жасалатын. Қазір Шымкентте өт тасы, ұйқы безінің аурулары көбейген, – дейді жоғары санатты хируруг-дәрігер Қаныбек
Есалыұлы.

DSC 0095

Хирургиядан соң, жарақат бөліміне келдік. Мұнда да орын саны шектеулі. Небәрі, 50 орын ғана. Күніне бұл бөлімге 20-ға жуық науқас келіп түсетін көрінеді. Қазір мұнда 50 науқас жатыр, оның 10-ы ауыр науқастар. Көбісі жол-көлік апатынан зардап шеккендер. Ауыр жағдағдағы сырқаттың бірі 31 жастағы келіншек Жаңаталапта тұрады. Жол-көлік оқиғасында апатқа ұшыраған 9 адамның ішінде Перизат та бар. Ол алты жастағы баласымен бірге ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Білікті дәрігерлердің арқасында қазір баласы үйіне аман-есен оралды. Ал келіншектің жағдайы түзеліп келеді. 

– Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Дәрігерлердің қамқорлықтары, көрсеткен көмектері көңілімнен шығады. Бас дәрігер Мәди Хожаұлы және бөлімше меңгерушілері емделушілердің халын сұрап, жағдайымызды біліп кетеді. Дәрігерлердің бәрі шетінен кішіпейіл, мейірімді. Күні бойы қас-қабағымызға қарап, сауығып кетуіміз үшін аянбастан еңбек етіп жүр. Адамға денсаулықтан басқа не керек? Хирург Талғат Шәуеновке, нейрохирург Жандар Байжігітовке, Қожабай Исаевқа, травматолог Марат Үсеновке алғысы мол, – дейді Салтанат. 

Шынында да палаталардағы сырқаттардың жағдайлары бірқалыпты. Емделіп, дертіне шипа табуда. 

Ал жан сақтау бөлімінде 10 адам жатыр. Тәртіп бойынша, дәрігерден басқа адамның кіруіне рұқсат жоқ. Мұнда келушілерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. 

Бүгінгі таңда аурухана аумағында 3 қабатты ғимарат салынуда. Бас дәрігердің орынбасары Сәрсен Пернебековтің айтуынша, нысанның бірінші қабатына әкімшілік пен зертханалық диагностикалық және қабылдау бөлімі жоспарланған. Ал екінші, үшінші қабатта жан сақтау, ота жасау, бөлімдері, науқастар бөлмелері орналастырылады. Жыл соңына пайдалануға берілетін жаңа корпус GMP халықаралық стандартына сай келетін медициналық техникалармен жабдықталмақ. 

Уақытпен санаспайтын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын аурухана дәрігерлерінің қай-қайсысы да құрметке лайықты. Ең бастысы олар ұлт денсаулығы үшін еңбек етіп, халық құрметіне бөленіп келеді.

Халқымызда «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы», «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөздер бар. Осы сөздердің мәнін ұғынсақ, бүгінгі жас ұрпақтың ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын басшы азаматтарға айналатынын, ел билігі жастардың қолында екендігін аңғартады. Олай болса өңіріміздегі жастардың қазіргі ахуалы қандай? Оларға мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөліне ме? Осы орайда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Болат Жанәбілмен әңгімелескен едік.

bake

– Болат Серікұлы, өңір тұрғындарының 29 пайызы жастар. Олардың ой-тілектері мен ұсыныстарын ескеретін жастар ұйымдары да жоқ емес. Дегенмен, қоғамдық бірлестіктердің көбі мерекелік іс-шаралардан әрі аспайды. Жаңа басқарма бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Деректерге сүйенсек, өңірімізде мыңға жуық қоғамдық ұйымдар тіркелген. Бұдан бөлек, «Жас Отан», Жасыл ел сияқты 7 республикалық ұйым жұмыс істейді. Жастар ұйым арқылы өздерінің белсенділігін көрсете алады. Өз деңгейінде «Бәйтерек», «Даму», «Қасиет», «Қазақстан 2030» сияқты ұйымдар нәтижелі жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарында «Қазақстан Студенттер альянсын» атап өтуге болады. Сонымен бірге «Жасыл ел» биыл 1700-ден астам жастың жұмыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Мектеп жасындағы жасөспірімдердің басын біріктірген «Жас ұлан» ұйымы да өз деңгейінде қызмет атқаруда. Сондықтан ерікті топтардың ынта танытып отырған беталыстарына тек қуанамыз. Өкінішке қарай, 56 жастар қоғамдық ұйымның 25-і ғана жұмыс жасап жатыр. 

Басқарма құрылған күннен бастап, облыста ұзақ мерзімді жұмыс жоспарын қолға алдық. 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бойынша ауқымды шаруалар атқарылуда. Жастар саясатын жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі ғана емес, барлық ведомстволар өз үлестерін қосуда. Мәселен, жастарды жұмыспен қамту, жастар тәжірибесін ұйымдастыруды, жұмыс орнын тауып беру жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелді. Мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктер мен құрылыс басқармасының құзырында. Жас отбасылардың балаларын мектеппен қамту білім басқармасының міндетіне алынды. Яғни жастардың мәселесіне бір ғана басқарма жауапты емес. Сонымен қатар мектеп жасындағы, арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен, жұмыссыз жастармен де жұмыс атқарып жатырмыз. Басқармаға өз қызметін жақсы білетін мамандар тартылған. Кейде қыруар шаруаны бітіру үшін сенбі, жексенбіде де жұмыс істейміз. 

– Жастарды әсіресе, жұмыссыздық мәселесі алаңдатады. Айтуларынша, кез келген жұмыс беруші жұмыс іздеп келген адамнан кемінде 2 жыл еңбек өтілінің болуын талап етеді. Бұл мәселе өңірімізде қалай шешімін тауып жатыр?

– Оқу орнын бітірген түлектер үшін екі қолға бір күрек табуы оңайға соқпайтыны рас. Биыл 15 мыңнан астам жас маман ЖОО бітіріп жатыр. Осы орайда «Жастар тәжірибесінің» маңызы зор. Мемлекеттік бағдарлама білімі бар, бірақ кәсібі жоқтарға көмектесуге арналған. Әрі бұл жоба жас түлекке қолдау көрсетіп, еңбек өтілін жинауға таптырмас мүмкіндік. Айта кетейін, 2015 жылы 3700-ге жуық жас тәжірибеден өтті. Биыл 1 тоқсан бойынша 1100 жас осы бағдарлама бойынша жұмысқа тартылып, 2 мыңнан астам жас тәжірибеден өтуде. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, өткен жылы 5 мың жас жұмысқа орналасты. 
Қазір «кәсіпкерлікпен айналысам» деген жастарға да мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер жетерлік. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, инновациялық гранттар, қызықты жобаларға берілетін төмен пайыздағы несилер – мұның барлығы да жастарға берілген мүмкіндіктер. Сондықтан жастар жауапкершілікті сезінуі керек. 

– Қазіргі кезде жас мамандар баспанаға зәру. Статистика солай дейді. 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85 пайызы үйсіз жүр. Тұрғын үймен қамту қалай жүзеге асырылуда? 

– Әлбетте, бұл деректерді жоққа шығара алмаймыз. Әлі де түйткілді жайттер жиі кездеседі. Дегенмен жас мамандарды баспанамен қамту үшін жаңа бастамалар қолға алынды. Бүгінге дейін мемлекеттік қызметтегі мамандарға және түрлі әлеуеметтік себептерге байланысты жастарға тұрғын үй беріліп келді. Бірақ бұл кең ауқымды болмағаны рас. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолы қарастырылып отыр. Сонымен бірге, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы 243 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 2015 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, «Нұрсәт» шағынауданында мемлекеттік қызметтегі 29 жасқа дейінгі мамандарға жатақхана беріледі. 

– Жастардың әлеуметтік және саяси құқықтары жөнінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінде Шымкентте 12 жоғары оқу орны, 92 колледж бар. Жоғары оқу орындарында 66 мыңнан астам студент білім алады. Оның 43154-і күндізгі бөлімде оқиды. Жастардың әлеуметтік және саяси құқықтары жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар көп. Соның бірі республикалық «Таза сессия», «Парасыз сынақ», «Халің қалай студент?» акциялары. Сенім жәшіктері ОҚМУ-де, ОҚМПИ-де, Халықтар достығы, ОҚО фармацевтикалық академиясында және Қ. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде орнатылған. Жеке оқу орындарымен де жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл акциялар алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетеді деп сенемін. 

– Жуырда жастар үшін психологиялық кабинет ашылды. Жастарға қаншалықты пайдасы бар деп ойлайсыз?

– Жастар орталығының жанынан психологиялық қызмет көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімі ашылды. Бөлімде қиын жағдайда қалған жасөспірімдерге тегін қызмет көретіледі. Жастардың ыңғайлығы үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Психологиялық қолдауға мұқтаж жастар 1303 нөмірі арқылы таңғы 9-дан кешкі сағат 19.00-ге дейін хабарласуына болады. 
Негізінде кабинеттің ашылуына отбасындағы түрлі жағдайлар себеп болды. 2015 жылы 90-ға жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға оқталса, оның 40-ы қайтыс болған. Ал ата-аналар көп жағдайда балаларын психологқа апара алмайды. Мамандардың қызметін пайдалануға кез келген отбасының жағдайы көтермейді. Осыны ескерген басқарма 100 баланың тегін кеңес алуына қаржы бөлді. Бұл ата-аналарға үлкен көмек деп ойлаймын. 

– Мемлекеттік «Серпін -2050» жобасы жайында не айтасыз?

– "Серпін" жобасының басты мақсаты – елдің түрлі аумақтарындағы жұмыс күшін теңестіре отырып, кадр тапшылығы сезілетін аймақтарға жас мамандарды тарту. Жастарды қолдап, олардың білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жоба биыл да жалғасын табады. Қазір дипломы болса да, жұмыссыз жүрген жас мамандар көп. Не оқу, не жұмысқа араласпай жүргендер қаншама? «Серпін» бағдарламасы осындай жастарға қолдау көрсетуге дайын. Өзіне ұнаған мамандығы бойынша құжаттар тапсырып, білім алып шығуына болады. Ал колледжді ақылы негізде оқып бітіргендердің «Серпінмен» грантқа оқуға түсуіне мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ 50-ден жоғары ұпай жинап, оқуға түсе алмаған талапкерлердің де білім алуына кедергі жоқ. Яғни жобаға қатысушылардың бәріне барлық жағдай қарастырылған. Өңірімізден 2014-2015 жылдары 2896-ден астам бала оқуға түсті. Айта кетейін, биыл жобаға жоғары және арнаулы орта оқу орындарына 4000-ға жуық орын бөлінген. Бұл Елбасының жастарға жасап жатқан үлкен қолдауы. Мұны дұрыс пайдалана білуіміз керек.Сондай-ақ мамандықтар қатарына медицина қосылып отыр. 

– Қазір жаз маусымы басталды. Жастармен жұмыс тоқтап қалмай ма?

– Керісінше жастармен белсене жұмыс істейтін уақыты келді. Түрлі іс-шаралар әрі қарай жалғасын табады. Осы орайда басылым арқылы облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлына алғысымды айтамын. Өңір басшысы Сәкен Сейфуллин атындағы «Жастар орталығына» берілген «Достық үйін» толық жөндеуден өткізетін болды. Бұл жастарға көрсетілген үлкен қолдау. Жуырда жастар сарайының жөндеу жұмыстары басталады. Жаңғыртылған нысанда қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар топтастырылады. Сондай-ақ, Б. Атамқұловтың бастамасымен мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда жастарға қолжетімді және сапалы білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үй, салауатты өмір салтын қалыптастыру сынды маңызды тармақтары бар. Жаз маусымында түрлі байқаулардың жеңімпаздары 50 бала Астана қаласына экскурсияға жіберіледі. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Ономастиканың да өз тәртiбi бар

Пятница, 10 Июнь 2016 05:20

Қаланың келбеті – сәулетімен, сән-салтанатымен ғана өлшенбейді. Ұлттық сипат беретін көше аттарының да маңызы бар. Қазақтың жер-судың аты – халықтың хаты деуі тегін емес. Халқымыз елдігіміздің белгісі ретінде саналатын жер-су атауларына байыппен қараған. Табиғи ерекшеліктері мен өлке өзгешелігін ескеріп, тау-тас, сай-сала, өзен-көлге лайықты атаулар берген. Сондықтан миллионға жуық тұрғыны бар қала көшелерінде елдік ерекшелігімізді танытатын жер-су аттары жиі кездеседі. Мәселен, Үшқоңыр, Жиделібайсын, Сарайшық, Тоқбәйге, Домбыралы атаулары тұрғындарға ұлттық нышандарымыз бен нақыштарымызды ұқтырады.

018-014

Тәуелсіздік жылдары Оңтүстіктің ономастикасы үлкен өзгеріске ұшырады. Қала көшелеріндегі кеңестік атаулар түгелдей қазақшаланды. Мәселен, Ленин даңғылы – Республика, Советский көшесі – Қазыбек би, Долорес – Желтоқсан, Базарная – Әйтеке би көшесі болып ауыстырылды. Ал Целинная – Тың, Кристалльная – Мөлдір, Яблоневая – Алмалы болып өзгерді. Көптеген орыс тұлғаларының есімдері қазақ ақын-жазушылары және қоғам қайраткерлерінің аттарымен алмастырылды. Мұның бәрі облыстық және қалалық ономастикалық комиссиялар жұмысының жемісі болатын.

2014-2016 жылдары ономастикаға мораторий жарияланғанға дейін көптеген мән-мағынасы терең қазақша атаулар көшелерге берілді.

Ал жаңа атаулардың қай-қайсысы да құлаққа жағымды, тілге орамды. Қойылған жер-су аттары тәуелсіздігімізді паш етеді. Тарихи, рухани құндылықтарымызды насихаттайды. Дегенмен, қала аумағының ұлғаюына және мораторийге байланысты түйіткілді мәселелер көбейді. Соның салдарынан аттары қайталанатын көшелердің саны артқан.

Қазір Шымкентте 2029 көше бар. Оның көбісі қайталанады. Бүгінде осындай 95 көше бар екен.
Мамандардың айтуынша, бір ғана Абайдың есімін иеленген көшелер Шымкентте жетіп артылады. Орталық даңғылға қарағанда қаланың шағынаудандарында орналасқан көше әлдеқайда тар, көлік қозғалысы көп. Ал Абай Құнанбаевтың есімін иеленген көшелер саны 19 болса, Бауыржан Момышұлы атында 2, Мәншүк Мәметова атында 6 көше бар. Осыған ұқсас жағдай Ш. Уәлиханов, Ю. Гагарин, Аманкелді, Түркістан атындағы көшелерде де кездесіп отыр. Бұдан бөлек, 364 көшенің атауы жоқ.

Көшелердің бірін-бірі қайталауы, халыққа қызмет көрсету орталықтарына мекен-жайға тұруға келетін азаматтар арасында түсініспеушілік туындатады. Сондай-ақ, жедел жәрдем, өрт пен құтқару қызметіне жүгінетіндерге де қиындық тудырады.
– 2014-2016 жылға дейін 184 көшенің атауы өзгертілді. Оның бесеуі Ұлы Отан соғысының ардагері болса, қалғаны жер-су атаулары. Ал атауы жоқ 364 көшенің аттары бойынша ұсыныстар қаралып жатыр. Яғни бірде-бір атау берілмеген көшелерге
Арқалық, Үкілісай, Нұрлытаң секілді ұсынған атаулар бар. Сондай-ақ Жуков көшесін өзгерту жөнінде пікірлер болғанымен, қолбасшы батыр өз атауымен орнында қалдырылды, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұлов.
Әрине, қала көшелеріне кез келген адамның аты қойылмайды. Бүгінге дейін белгілі бір тұлғалар, жер-су аттары үшін сараптама жұмыстары жүргізілді. Мораторийге дейін әкесінің, туыстарының есімдерін ұсынған тұрғындардың көп болғаны да ақиқат. Сол сәттерде өз туысының атын қойғысы келетіндер мұны үлкен науқанға айналдырды. Ономастика комиссиясына шағым да, арыз да көп түсті. Облыстық, республикалық басылымдарда көше атауына қатысты үлкен мәселелер де көтерілді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Әбдіжаппар Сәкеннің айтуынша, жер-су, белгілі бір тұлғалардың есімі мен көшелерге атау беру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай, 15 ұсыныс республикалық онамастикаға енгізілген. Оның ішінде 12 Ұлы Отан соғысының ардагеріне беру туралы ұсыныстар қолдау тауыпты. Бесеуі ОҚО әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімімен бекітіліп, әділет органына тіркелді. Алдағы уақытта қалған 7 көше ОҚО әкімдігі мен облыстық мәслихатының бірлескен шешімімен бекітілетін болады. Мораторий аяқталысымен, атауы жоқ көшелерге де атаулар берілмек.

Айта кету керек, Түркияның Измирі, Италияның Гроссето атаулары шымкенттіктер үшін таңсық емес. «Нұрсәт» шағынауданындағы көшелер әлі күнге осылай аталады. Мұны басшылар Қазақстан жылына орай достықпен байланыстырады.

Сүйікті қаламыздың тарихын айшықтайтын көше атаулары заманға сай болуы керек. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көше атауларын ретке келтіретін кез келді. Енді аты жоқ көшелерге ұлттық құндылықтарымызды білдіретін жер-су атаулары және еңбегі сіңген танымал тұлғалардың есімдері беріледі.

 

Сіз не деясіз?

Мархабат Байғұт, жазушы:

«Парасатты көзқарас қажет»

mbaigut– Есімдерін есте қалдыруға тиісті тұлғалар, Оңтүстік өңірінде де, республикада да аз емес. Бірақ, ауылдық округтер мен ауылдардың, елді мекендердің, мектептер мен көшелердің көпшілігі немесе түгелдей кісі есімдерімен аталып кетсе, не болады? Жараса ма? Үйлесе ме? Мұның өзі өркениеттілікке де, мәдениеттілікке де, талғампаздыққа да, білімділікке де, көргенділікке де, тектілікке де жатпайды емес пе?! Ономастикада да тәртіп, тәрбие керек. Жан-жақты жұмыс жүргізіп, ұғындыра түсіндіріп, бұрыннан солай аталатын атаулардан арылған абзал. Бұған бір мысал. Сайрам ауданында Қызылсу-Сиқым деген ауыл бар-тұғын. Жазушы Ерсін Қойбағарұлы зерттеп, талай жыл бойы дәйектеп жазып жүріп, бұрын сол ауылдың астында Құрлық дейтін тарихи қала-қорған болғанын дәлелдеді. Құрлық атауын ауданның тиісті орындары ұсынып, облыс қолдап, республика бекітті. Қызылсу-Сиқымның Құрлық ауылы болғанына бірқатар жыл өтті. Облыс орталығында да өзгеруге тиісті көшелер жүздеп саналады, жаңадан салынып жатқандары да аз емес. Көбейе бергей. Алайда, ат қоюға келгенде абай болайық. Адам аттарына тым әуес бола бермейік. Мәселен, сізден біреу: «Мейірім мектебіне қалай барам?» – деп сұраса, қандай ғанибет. Сіз: «Мейірім мектебі дейсіз бе? Қанағат даңғылынан оңға бұрылып, Имандылық көшесіне түсесіз, сәл жүргеннен кейін солға бұрылсаңыз, Татулық көшесі шығады, сол Татулық пен Тазалық көшесі қиылысар тұста Мейірім мектебі тұр», – деп жауап берсеңіз, қандай жарасымды. Әйтпесе, «Біздің ауыл Домбыра деп аталады. Тиек, Тоғызперне, Айқаракөз, Аққайың, Тәрбие, Текемет, Әлдибастау деген көшелері бар», – десеңіз, ұнамды емес пе?


Сағынғали ӘБУБАКИРОВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры:

Көше атаулары патриотизмді нығайтса...

saghyngali-abubakirov– Ономастика атауларды қазақшаландырумен шектелмейді. Мұндағы мақсат – әр елді мекеннің атынан ұлттық болмыстың, ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұруы керек. Шағынауданға, көшеге берілген жаңа атау жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Сол себептен, елді мекенге, көшеге атау берілгенде осыған баса назар аударылады. Осы орайда өз ұсыныс пікірімді айтқым келеді. Мәселен, атақты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасовқа берілген көше лайықты емес. Оған үлкен даңғыл керек. Оңтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы болған Әмірсейіт Әлиевтің есіміне неге көше берілмейді? Кезінде пединститутта еңбегі сіңген Әсілхан Оспанұлы, заң саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен Түсіп Байзақов көше атауларын иеленуге лайықты деп ойлаймын.

Абай саябағында «Шырайлы Шымкент» фотобайқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен фотосуреттер байқауы 1 сәуір мен 10 мамыр аралығында ұйымдастырылған болатын. Оған кәсіби және әуесқой фотографтар қатысып, бақ сынады.

Алдымен қала тұрғындары мен қонақтары фотографтардың көрмесін тамашалады. Заманауи қаланың әсем көріністері келушілерге жылы әсер қалдырды. Бүгінге дейін кәсіби және әуесқой фотографтардан Қала ерекшелігі», «Заманауи Шымкент», «Тарихи Шымкент», «Қала тұлғалар көзімен» және «Шымкент табиғаты» номинациясы бойынша 1800-ден астам жоба келіп түскен.
Қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, үздіктерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Байқау мақсаты – Оңтүстік өңірі мен Шымкент қаласының тарихи және мәдени мұрасына, өлкенің әсемдігіне қоғамның, тұрғындардың қызығушылығын арттыру, сондай-ақ туристік орталық ретінде беделін қалыптастыруды көздейді.
«Қала ерекшелігі» және «Шымкент табиғаты» номинациясы бойынша белгілі фотограф Мақсат Шағырбаев жеңімпаз атанды.

Шымкентте ХІІ Ұлттық жастар дельфийлік ойындарының облыстық байқауы қорытындыланды. Жастардың бұл жолғы өнер додасы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

 DSC9340

Өңіріміздің қала, аудандарынан келген 200-ге жуық дарын иесі орындаушылық, өнертапқыштық, халық биі, классикалық биі, бейнелеу өнері, журналистика поэзия сынды 15 аталым бойынша бақ сынады.

Жалпы облыстық байқауда оңтүстікқазақстандық өнерпаздар жоғары нәтиже көрсетті. Байқаудың жүлделі орындардың иегерлері арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, сайыс жеңімпаздары тамыз айында Ақмола облысы, Степногорск қаласында өтетін ХІІ Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының Республикалық байқауында Оңтүстіктің намысын қорғайтын болады.

Страница 31 из 47