ШЫМКЕНТТЕ 10 ЭЛЕКТР ҚУАТТАУ СТАНЦИЯСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Среда, 02 Октябрь 2024 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 135 раз

Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету – жергілікті биліктің алдында тұрған аса маңызды міндет.

 

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қазақстандық коммуналдық жүйелері» ЖШС-інің бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ыдырысовпен кездесті. Кездесу барысында стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл жөнінде Ғ.Сыздықбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.
– Екіжақты серіктестік қаланың энергетикалық инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру, электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жаңғыртуды қамтиды. Бұл қала тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілерінің қажеттіліктеріне сай тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, электр көлігі инфрақұрылымын жақсарту – маңызды міндеттердің бірі. Биыл меморандум аясында қалада алғашқы электр қуаттау станциясы орнатылады. 2026 жылға дейін олардың санын онға жеткізу жоспарланып отыр, - деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және қаланың жаңа шағынаудандарында өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін қуаттылығы 80 МВт жаңа төмендету қосалқы станциясы салынады. Сонымен қатар, 336 км тарату желілерін қайта құру, 139 трансформатор бекетін жаңарту, 50 трансформаторды ауыстыру жұмыстары атқарылады.
Ғ.Сыздықбековтің хабарлауынша, әлеуметтік жауапкершілік аясында Шымкентте әлеуметтік тұрғын үй құрылысын бастау да жоспарланған. Меморандум аясындағы жобаларды жүзеге асыру қала экологиясын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және энергетика секторына қосымша инвестиция тартуға елеулі үлес қосады.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.