Гүлге көмкерiлген аулалары көз тартады

Пятница, 18 Сентябрь 2015 08:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6623 раз

Абай ауданының тұрғындары да  «Таза қала» акциясына белсенді қатысуда. Биыл 27 көше мен 43 аула қатысуға ниет білдірген. Республика даңғылындағы №20 үйдің Зинаида Волкова бастаған тұрғындары аулаларын гүлге көмкерген. Былтыр осы аулаға қарама-қарсы орналасқан №20 «а» үй үздік аула атанған-тұғын. Көршілерінің жеңісі әсер етсе керек. Биыл білек сыбана кірісіпті. Бос жатқан жерлерді гүлдендіріп, кішкентай баладан зейнеткер апаларымызға дейін күтіп-баптауды қолға алыпты.

Ал «Жаңаталап» тұрғын алабындағы М. Әуезов көшесіндегі екі қабатты №3 үй биыл қайта жөндеуден өтіпті. Мұнда 16 пәтер бар. Шатыры мен есік-терезелері ауыстырылып, әдемі кейіпке енген. Жеңіскүл Камалова игілікті іске атсалысқан басшыларға көршілерінің атынан ризашылығын жеткізді.
– Жаңбыр жауса, шатырымыздан су ағатын, ескі үй еді. Биыл қайта жөндеуден өткесін адам танымастай кейіпке енді. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ, – дейді ол.
Сондай-ақ 8 шағынаудандағы №6 үйдің төрайымы Валентина Милешина да көпқабатты үйдің тұрғындары бір үйдің балаларындай тату екенін айтады. «Ауланың, гүлденуі, жасыл желекке бөленуі – біздің ортақ қуанышымыз. Бөліну, міндетсіну біздің көршілер үшін жат қылық. Барлық жұмысты бірлесіп атқарамыз» дейді ол. Бұдан бөлек комиссия мүшелері ауданға қарасты
С. Мелдіқожаев, Ғ. Мұратбаев, Хаңтәңірі көшелерін аралап көріп көше бойындағы тазалық пен тәртіптің сақталуына, көше атауы жазылған тақтайшалардың орнатылғанына оң баға берді.

gulge komkerilgen 38 1gulge komkerilgen 38 2
– Байқаудың басты мақсаты – қаланы көріктендіру, таза ұстау, сол мәдениетке халықты үйрету ғой. Қуанатынымыз,  биыл жастар да белсене қатысып, қолғабыс етіп жатыр.  Сондай-ақ, жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Әр он бес күн сайын комиссия мүшелері ұсынылған аула мен көшелерді аралап, тексеріп отырды, – дейді ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек.
Әсем гүлдермен аула мен көше бойын көркейтіп, тазалықты жаны сүйетін тұрғындардың  көбейіп келе жатқанын көріп көңіл марқаяды. «Үлгілі көше», «Үлгілі аула» аталымдарына сай болу үшін тұрғындардың күш-жігерін салып, жұмыс жасап жатқандарын аңғардық.
Айта кетейік, жеңімпаздар Қала күніне орай анықталып, қала әкімінің дипломдарымен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болады.

Ә. ӘБУ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.