Шымкентке жаңа автобустар жеткізілді

Четверг, 05 Февраль 2015 11:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3744 раз

Шымкент қаласының қоғамдық қызмет көрсету саласы тағы 200 жаңа жолаушылар автобусымен толықты. Орталық Әл-Фараби алаңында қаздай сап түзеген автобустарды қала тұрғындарының игілігіне тапсыру үшін облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа техникалардың өзіндік мүмкіндіктерімен танысып, ресми түрде іске қосылған «Эко нұр» көлік газ толықтырғыш компрессорлық бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.

avtobus5«Green bus company» ЖШС бұл ретте аталмыш тасымал көліктерін автобус шығару саласында әлемде көшбасшы болып табылатын Қытай Халық Республикасының «Ютонг» және «Голден дракон» зауыттарынан сатып алыпты. Сығымдалған метан газымен жүретін, экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі сыйымдылығы үлкен мұндай автобустар Шымкент қаласына алғаш рет жеткізілгенін де атай кеткен жөн. Автобустардың жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл үшін қажетті қаражатты серіктестікке «Qazaq Banki» АҚ ұсыныпты.
- Жаңа жеткізілген автобустар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда тиімді қадам болып отыр, - дейді «Green bus company» ЖШС-нің директоры Б.Күлішев. – Аталмыш жолаушылар көлігі екі жылдық қызмет көрсету кепілдемесімен алынып отыр. Сонымен қатар, жергілікті техникалық қызметкерлерді дайындап, олардың біліктілік деңгейін жетілдіру үшін өндіруші зауыттың 5 маманы өз қолғабысын көрсететін болады.
Ұзындығы 10 метрге жететін, жалпы сыйымдылығы 85 адамға лайықталған 120 автобустың әрбірінің құны 85 мың АҚШ долларын құрайды. Ал, 80 автобустың жалпы сыйымдылығы 70 адамға лайықталған. Тиісінше, бағасы 65 мың АҚШ долларына тең. Жаңа автобустар диспетчерлік бақылауды реттеу үшін GPS навигаторларымен және жолаушылар үшін тегін қызмет көрсететін WI-FI интернет желісімен қамтылған.
Айта кетейік,бүгінде  келісім-шартының әрекет ету мерзімі аяқталған 5 бағыт бойынша (№19, 60, 76, 135, 74) ашық конкурс ұйымдастырылуда. Аталған конкурсқа «Green bus company» ЖШС де өтінім беріп, үміткер ретінде тіркеліп отыр.
Сонымен қатар, бұл кеште «Эко нұр» көлік газ толықтырғыш компрессорлық бекеті де іске қосылды. Автопарк базасының жалпы құны – 500 миллион теңгені құрайды. Әзірге база қызметінде 1000-ға жуық жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Бекетте орналасқан заманауи құрылғылар бір мезетте 8 автобусты газбен толтыра алады.
 
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ, shymkent.gov.kz.
Последнее изменение Понедельник, 09 Февраль 2015 03:58
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.