Ауданда қоғамдық ахуал тұрақты

Пятница, 13 Февраль 2015 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3627 раз

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қоғамдық ахуал тұрақты, барлық құрылымдар қалыпты жағдайда жұмыс жүргізуде.

DSC 05751Аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, қалыптасқан жағдайды түсіндірді және тұрмыстық кикілжің салдарынан Ынтымақ ауылының тұрғыны Б.Артықовтың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының атқарылу барысынан хабардар етті. Бұның алдында хабарланғандай, Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының құқық қорғау органдары бірлесе жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде Бостандық ауылының тұрғыны Н.Нарметов 7 ақпан күні Өзбекстан Республикасының аумағында ұсталып, сол күні Қазақстан Республикасына экстрадицияланды. Бүгінгі таңда ол Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД тергеу изоляторына оқшауланған. Осы қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын ҚР ІІМ жетекші мамандарынан құрылған арнайы тергеу тобы айналысуда. Жергілікті атқарушы органдар прокуратура өкілдерімен бірлесе тұрмыстық кикілжің салдарынан Ынтымақ ауылының тұрғыны Б.Артықовтың өлімінен кейін қоғамдық тәртіпті бұзған жастар арасында профилактикалық шараларды атқарды. Зиялы қауым өкілдері және ауыл ақсақалдарының қатысуымен оқу орындары мен қоғамдық орындарда тұрақтылықты қамтамасыз ету жөнінде бірлесе жұмыс жүргізу және заңнама талаптарын бұзуға жол бермеу керектігі жөнінде кездесулер ұйымдастырылып, өткізілуде. Тәжік диаспорасының ақсақалдары мен жастары марқұмның үйіне келіп, көңіл айтты. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы елді мекендерде жағдай толықтай тұрақтандырылды.

Бәрi заң жүзiнде шешiледi

668555 1566539587 Shimkent1Жеңісбек Мәуленқұлов,
облыстық ардагерлер кеңесінің
төрағасы:

– Бұл тұрмыстық жағдай негізінде болған жай деп есептеймін. Екі азаматтың келіспеушілігінен туындаған. Мұндай оқиғаны қылмыстық негізде қарау керек. Кейбір әлеуметтік желілерде ақпарат берушілер, жекелеген азаматтар басқаша бағытта түсіндірмек болып, түбірін ұлтаралық қатынасқа апарып тіреуге тырысып жатыр. Дұрыс емес. Мұндай қылмыстық жағдайда қылмыскер өзінің тиісті жазасын алуы керек. Екі азаматтың арасында болған келіспеушіліктен, араздықтан туындаған қайғылы оқиға заңмен шешілуі тиіс.
Облыстық ардагерлер кеңесі атынан айтарым, ғаламторда, басқа да әлеуметтік желілерде ақпарат таратқан азаматтар, әсіресе журналистер бұл мәселеге өте сауатты көзқараспен қарауы тиіс. Тек шынайылықты, шындықты боямасыз, нақпа-нақ жазуы керек. Қылмыс жасаған азамат ұсталды. Енді мәселенің бәрі заң жүзінде шешілетін болады. Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек.

Мұнда ұлтаралық кикiлжің жоқ

DSC00939Мархабат Байғұт,
жазушы,
«Ырыс алды – ынтымақ»
облыстық қоғамдық форумының хатшысы:

– Мұнда ұлтаралық жағдай, ұлтаралық кикілжің жоқ. Бұл – екі адамның арасындағы кикілжің. Сондықтан мәселені ушықтырып, әртүрлі әңгімелер айтып жатудың қажеті қанша. Данышпан қазақтың ұлы ақыны Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деді. Сондықтан біздің Қазақстанымызда татулық мәңгі сақталуы керек. Сонда ғана біз «Мәңгілік Ел» бола аламыз.

ОҚО әкімі
аппаратының
баспасөз қызметі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.