Әкімдердің есебі - халық пікірімен құнды Избранное

Пятница, 13 Февраль 2015 03:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4627 раз

Қала әкімі, сондай-ақ облыс орталығы аумағындағы аудан әкімдері тұрғындар алдында есеп бергені елге мәлім. Есептік кездесулерде көтерілген мәселелер мен өтініш-тілектер, әкімдердің жауабы жөнінде оқырмандарымызды хабардар еткен де болатынбыз. Дегенмен, есептік кездесулерден аңғарғанымыз – коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелердің жыл сайын көбірек көтерілетіндігі. Бұл салада атқарылып жатқан іс көп, ауқымды жоспарлар да жетерлік. Атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жайында «Шымкент келбеті» газетінде мақалалар жарияланған да болатын.

DSC 0022Барлық мәселе қаржының бөлінуіне байланысты кезегімен шешілетіні айтылған да еді. Тұрғындар қала тіршілігінен бейхабар дей алмаймыз. Алайда, жол мен жарық, су мен «көгілдір отынға» қатысты кей мәселелердің әкімдердің «алдынан шыға беруі» тосын ойға жетелейді. Әсіресе, қалаға жаңа қосылған елді мекендерде коммуналдық инфрақұрылымдарға қатысты мәселе неге жиі көтеріледі? Ол елді мекендерде бұрын ешқандай жұмыс атқарылмаған ба деген сұрақтың туындауы заңды.
Айтайын дегеніміз, атқарылып жатқан жұмыс көбіне өз бағасын алмай жататыны еді. Барлық мәселенің тез арада шешілгенін қалайтындар да табылады. Осы орайда, әкімдердің есебін саралай келе, кей мәселелерге қайта оралуды жөн көрдік. Оқырмандарымызды жан-жақты хабардар ету мақсатымен. Сондай-ақ, қала тұрғындарының шаһар шаруашылығына, тіршілігіне қатысты ой-пікірлері, шағым-өтініштері, ұсыныс-тілектері болса жариялауға дайын екенімізді де хабарлаймыз.

Муниципалдық парк ашу жоспарлануда

Есеп беру жиындарында айтылғандай, бүгінде қаладағы өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көлік. Рас, бұл бағытта қала әкімдігі нақты іс-шараларды бекітіп, жүйелі жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде автобустардың жүру кестесіне өзгерістер енгізіліп, түйткілді мәселенің түйіні біртіндеп тарқатылып келеді. Мәселен, таяуда ғана Шымкентке газбен жүретін сапалы әрі экологиялық жаңа 200 автобус әкелініп, тиісінше бұл көліктер №19, 60, 76, 135 және 74 бағыттарында жолаушыларға қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта Шымкентте муниципалдық парк ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың экологиясын жақсарту үшін газбен жүретін қоғамдық көліктердің қатары көбейтілмек.

Салынған жолдар қайта қазылмайды

Қала әкімінің айтуынша, жоспардағы жұмыстар рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы орайда, Шымкентте жалпы қуат күші 220 кВт-тық «Бозарық» электр станциясының құрылысы жүріп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Бұл станция іске қосылған мезетте қала тұрғындары үшін электр қуаты артпақ. Жалпы, өткен жылы бюджет есебінен 6 шағынауданды электр жарығымен қамтуға 1 859,8 млн. теңге жұмсалып, 5 шағынауданда электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 23 мыңнан астам халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Ал, «Қайнарбұлақ» шағынауданында электр желісінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Айта кету керек, 2015 жылы 7 шағынауданды электрмен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 162 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Шаһар басшысына тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың ішінде «қаладағы көлік жүретін түзу жолдарды қазып тастайды» деген арыз-шағымдар да болды. Басшылықтың мәлімдеуінше, бұл мәселеде, қазіргі таңда аталған кемшіліктердің алдын алу мақсатында жаңа ережелер бекітіліп отыр.

Қала келбетiн сақтау – өзектi мәселе

Шымкентте жол салу, өткелдерді ретке келтіру жағы да тұрғындарды әрдайым толғандырар мәселе. Бұл ретте Еңбекші ауданына қарасты 20,315 шақырымдық 17 көшенің құрылысын жүргізуге, Төреқұлов, Жібек жолы көшесін қайта құруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Әкімнің айтуынша, қала инфрақұрылымын дамыту бойынша өткен жылы бірқатар шаруалар қолға алынып, жұмыстар уақытында атқарылды.
– Былтыр қалада 125 көшені орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік, қазір 5 үлкен көшеге кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, әлі де газ, жарық, ауыз су секілді мәселелер бар. Дегенмен, әр нәрсе өз уақытымен, кезегімен болады. Жалпы, былтыр 4 шағынауданда ауыз су құбырларының құрылысы және 2 магистралдық су құбырының («Солтүстік», «Ақжар» шағынауданы) құрылыстары аяқталды. Нәтижесінде, 20 мыңнан астам тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал, қалған 3 шағынауданның құрылыстары 2015 жылға жоспарлануда. Сондай-ақ, 2 магистралды су құбырының құрылысы биыл аяқталмақ, – деді Дархан Сатыбалды.
Қаланы табиғи газбен қамтамасыз етуге келсек, былтыр 7 шағынауданда газ құбырларының құрылысы аяқталып, 25 мыңға жуық халық көгілдір отынға қол жеткізді. Биыл 10 шағынауданды газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 37,1 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
Шаһардың архитектуралық келбетін сақтау, экологиялық жағдайын жақсарту – қашанда күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда Шымкентте шешімін тапқан жұмыстар жетерлік. Бұл жөнінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде көшелердің тазарып келе жатқандығын, тазалыққа деген көзқарастың түзеліп келе жатқандығын айтқан болатын. Қала әкімінің айтуынша, былтыр қаладағы қоқыс жинайтын евроконтейнерлердің саны 291-ге жеткен. Ал, биыл олардың санын 1000-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.