Тарих белесіндегі Оңтүстіктің орны бөлек

Пятница, 21 Август 2015 10:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3588 раз

(Басы өткен санда)

Жоғарыда келтiрiп өткен деректерiмiз – ХV ғасырдың алғашқы жартысына дейiн оңтүстікте болып өткен тарихи оқиғалардың тiзбегi. Әлбетте, уақыт шаңына көмiлген iлкi күндердегi тарихи уақиғалар, жоғарыдағы бiз келтiрген шолақ-шолақ мәлiметтермен ғана шектелмесi анық. Әлгiндей шолақ-шолақ мәлiметтердiң астарында қаншама сырлы дүниелер жатыр. Тағы да сондай шолақ мәліметтермен сөзімізді сабақтасақ, тап бүгiнде егемендiкке қол жеткiзген қазақ елiнiң әу бастағы өз алдына iрге көтерiп, уық бекiткен жерi де – 1936 жылға дейiн Оңтүстік Қазақстан облысы аталып, соның құрамына кірген –  Шу өңiрi. Демек, елдiгiмiздiң алғашқы туы көтерілген, шаңырағы бекітілген жер – Оңтүстік алабы.
1456 жылы (неге екені белгісіз, осы дата қазір 1465 жыл деп өзгертілген) Жәнiбек пен Керей бастаған Алаш елi еңсе көтергелi бес ғасырдан астам уақыт iшiнде қазақ халқы, оның бiр бөлшегi саналатын Оңтүстік  өлкесінiң жұрты қандай замандарды бастан өткермедi десеңiзшi. Керей мен Жәнiбек мұнда Қазақ Ордасының негiзiн қалады. Жаңа Орданың алғашқы ханы Керей (1456-70 жылдардың шамасында хандық құрды), одан кейін Жәнібек (хандық құрған тұсы 1471-80 жылдар) ел тізгінін ұстады. Жәнібек тұсында Қазақ Ордасының ауқымын кеңейту, жан-жақтағы аймақтардағы тегі Алашқа жататын руларды бір ортаға ұйыстырып, оларды бір ханға бағынатын жеке ел ету үшін алғашқы қадамдар жасалды. Оның тұсында түп-тірегі Алаш боп саналатын тайпалар қоныстанған Сыр бойындағы қалаларды қазаққа қарату үшін Мәуреннахр және Ташкент билеушілерімен көптеген шайқастар жүргізілді.
 Жәнiбектен кейiн хан сайланған Бұрындық ата жұртқа қарасты аумақты одан ары кеңейтуге кiрiстi. Ол кезде Мәуреннахрда Ақсақ Темiр әулетi билiк құрған әрi Сырдың  ұзына бойы мен Қаратаудың күнгейi, Қазығұрт, Түлкiбас аймағы сол әулеттiң құзырында бола-тұғын. Бұрындық таққа отыра салысы- мен-ақ, Жәнібектің ісін жалғастырып, аталмыш өңiрлердi Қазақ хандығының құрамына қосуға ұмтылды. Бірақ Мәуреннахр билеушілері ол аймақтарды Бұрындыққа бере салуға құмбыл емес-ті. Соған қарамастан, Бұрындық өз мүддесіне жету жолында талай жыл олармен алысқа түсті. Алайда, мақсатына толық қол жеткізе алмады. Десе де, ол Керей мен Жәнiбектен басталған асыл мұрат – Сыр бойы мен оңтүстiк алаптағы Алаш балаларын жаңа хандықтың туы астына кiрiктiруге жанталасып бақты және келешекте аталған аймақтар Қазақ Ордасының құрамында болу керектігін өз әрекетімен меңзеп кетті. Бұдан шығатын қорытынды – Оңтүстік өлкесі ұлтымыз тұңғыш рет жеке ел ретінде ту тiккен түп-қазық мекен ғана емес, сонымен бірге оның жерi мен қонысын ұлғайту мақсатында алғашқы қаһармандық шайқастар жүргізілген қасиеттi өңiр.
Көне тарих тәмсіліне ден қойсақ, көк шалғынды, табиғаты әсем, халқы бай, мәуелi оңтүстiкті сыртқы дұшпан, әсіресе Бұқар-өзбек хандығы уысынан шығармай, біржолата иелініп қалуға қатты тырысып баққан. Осы себепті Бұрындықтан кейiн хан тағын иеленген Қасым бүкiл Мәуреннахрдың тежеусiз билеушiсiне айналған Әбiлхайыр ханның немересi Мұхаммед Шайбанимен оңтүстiктегi шұрайлы қоныс пен қалалар үшiн бiрнеше рет шайқасады. Мұхаммед Шайбани алдымен қазақ хандығын экономикалық қыспаққа түсiру мақсатымен көне Жiбек жолының бойындағы  – Тараз, Бұдекент, Құрлық, Сайрам, Шарапхана, Сауран, Түркiстан, Созақ, Саудакент, Сығанақ қалалары арқылы өтетiн керуендерге тосқауыл қояды. Одан соң аталған қалаларға әлденеше мәрте шабуыл жасайды. Сондай соғыстардың бiрi Шымқала iргесiнен ағатын Бадам жағасындағы Қасқа жазығында өткен (Абдулла Насруллаһ «Зубадат ал-асар»). Алайда анадан асып туған данагөй де қаһарман Қасым хан Шайбанидiң бетiн қайтарып, бұл атырапты қазақ иелiгiне қалдырады. Сонымен қатар ол, 1513-15 жылдары Жетiсу  өңiрiндегі қазіргі ұлы жүз тайпаларының негізгі жұртын Қазақ хандығының құрамына қосады.
Қасымнан кейiн қазақ билiгiнiң тiзгiнiн ұстаған Тайыр, Тоғым, Бұйдаш хандардың тұсында (1520-1558 ж.ж.) Алаш баласы бiрiккен Бұқар-өзбек пен Моғолстан әскерiнен жеңiлiс тауып, Ташкент пен Түркiстан уәлаятынан айрылады. 1560 жылы үш Арыстың маңдайына бақ боп бiткен Хақназар (Ақназар) хандыққа келген кезде ғана қазақ қайтадан ес жиып, Түркiстан мен Сайрам өңiрiн қайтарып алады. Ол кезде Бұқар ханы атақты Абдолламен ауыз жаласқан Баба сұлтан Ташкент уәлаятында жеке билiк құрған едi. Шымқаланың Ташкентке қараған – Қазығұрт, Келес маңы тәрiздi оңтүстiк жақ алабы сол Баба Сұлтан иелiгiнде-тұғын. Хақназар бұл алаптарды қазақтар иелiгiне керi қайтарды және Бұхар шегiне аттанып бара жатқан жорық үстiнде әлгi Баба Сұлтанның қолынан опасыздықпен ажал құшады.
Бұл – 1550 жылдың жазында болған уақиға. Дәл сол уақытта Баба Сұлтан құтырынып, қазақтың Сауран мен Созақ, Талас пен Тараз қалаларына дейiнгi жерлерiн басып алып, жергiлiктi жұртқа ауыр салықтар салады. Бiрақ опасыздың жазасын әдiл тарихтың өзi-ақ беретiн кезi болады. Хақназар өлiмiнен кейiн iле-шала таққа отырған Шығай хан бiр жылдың iшiнде баяғы Алаштың құдiретiн қайта орнына келтiрiп, Баба Сұлтанға қарсы шығады. Алайда Шығай Қаратаудың батысындағы жазықта өткен соғыста Баба сұлтанды жеңгенiмен, Сыр бойындағы қалаларды қайтаруға мұршасы келмейдi. Өйткенi бұл уақытта Шығай жауға жойқын жорықтар ұйымдастырып, қол бастауға тым кәрi едi. Есесiне, 1582 жылы оның орнын басқан жас Тәуекел баһадүр Баба сұлтанды өлтіреді. Бұқардың құдiреттi әмiршiсi Абдолламен ұзақ текетiреске түседi. 1588-98 жылдар аралығында Тәуекел мәуелi оңтүстiкке қарайтын өз қалаларымыз бен даламызды қайтарып қана қоймайды, Ташкент маңындағы Абдолланың әскерiн жеңiп, Самарқан мен Бұқараға дейiн жорық жасайды. Сөйтiп Сырдарияның екi жақ қапталындағы отызға жуық қалалармен қатар бүкiл Ташкент уәлаятын иеленедi.
ХVI ғасырдың аяғында ұлы Тәуекел бекiтiп берген қазақ шекарасының шетi көп кешiкпей-ақ бұзыла бастады. Тәуекелден кейiн қазақ тағына отырған Есiм хан да, Тәуекел кезiнде елдiгiнен айырыла жаздаған, бiрақ кейiн қайта ұйысып, бұрынғы күшiне мiнген Бұқар хандығымен бiрнеше жыл үздiксiз соғысуға мәжбүр болады. Бұл соғыс жиырма жылға созылып, екі жақ жеті рет үлкен майданға түседі. Осы жылдар iшiнде оңтүстік өлкесі талай рет қолдан-қолға өтеді. Алайда қай кездегі қарымта шабуылда да қазақтардың мерейі үстем шығады, ақыры 1624 жылы Ферғана жазығында өткен үлкен соғыста Есiм хан түбегейлi жеңiске жетедi.
Солай болғанмен де, оңтүстікте мамыражай кезең орнай қоймайды. Есiм хан тұсында шығыс тарапта әбден күшейген ойрат-қалмақтар Жетiсуға шабуыл жасайды. 1627 жылы өзiне қарасты жауынгердi атқа қондырған Есiм хан қалмақты жуасыту үшiн Жетiсуға аттанып, зор жеңiске жетедi. Тап осы уақытта Тәшкент уәлаятының (Ташкент уәлаятына осы күнгi Сайрам, Шымкент, Арыс, Келес өңiрi түгел кiрген) билеушiсi, қазақтың Жәнiбек ханнан тарайтын Тұрсын атты билеушiсi өзiн хан жариялап, өз бауыры – қазақ елiне, оның астанасы Түркiстанды шабады. Онымен қоймай, Жетiсу жақтағы ауыр жорықтан қалжырап келе жатқан Есiм хан бастаған қазақ қосындарын Сайрам түбiнде күтiп алып, бәрiн қырып салмаққа, содан соң күллi қазақтың билiгiне жетуге бекiнедi. Әйтсе де, ел iшiнде бүлiк шығарған екiжүздi билеушi сымақты заманынан озып туған, дара да дана хан Есiм кешiрмек емес. Тұрсынхан қолын Сайрам мен Түркiстан түбiнен түре қуып, Ташкентке әкеп бiр-ақ қамайды. Есiм ханды қала түбiнде қарсы алған Тұрсын қазақ аламандарының тегiреуiнiне екi күн де шыдас бере алмай, басы найзаға шаншылады.
Қазiргi ұрпақтар санасында берiк орныққан қазақ-қалмақ соғысының ең үлкен шайқастары да  Оңтүстiк жерiнде болған. Орталық Азиядағы үстемдiк үшiн қазақ-қалмақ арасындағы кенеусiз ұрыстар сонау 1520 жылдары басталып, ара-тұра аз ғана үзiлiстермен 1756 жылға дейiн (1771 жылғы «Шаңды жорықты» есептемегенде), яғни екi ғасырдан астам уақытқа созылған. Осы екi ғасырдан астам уақыт iшiнде қай кезде болмасын, Балқаш пен Жетiсуды көктей өткен қалмақтар қиян-кескi шайқастарын осы Оңтүстiк жерiнде өткерген. Себебi түсiнiктi, Арқа мен Солтүстiктегi бос жатқан даланы иемденуден гөрi экономикалық тұрғыда пайдасы зор қалалы өлкелердi егелену табысты. Қалмақтар ХVII ғасырдың аяғына таман Сайрам, Қаратау, Түркiстан, Келес өңiрiн әлденеше рет шауып, сансыз мал мен адамдарды олжалап әкеттi ХҮIII ғасырдың басында әртүрлi саяси жаңдайларға байланысты бұрынғы құдiретiнен айырылған қазақ елi қалмақтың келесi бiр – 1723-24 жылдардағы шабуылы кезiнде «ақтабан шұбырындыға» түсiп, босып кеттi. «Ақтабан шұбырындының» ең басты қасiретiн оңтүстiк өлкесi тартқан. Содан бастап қазiргi Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Ташкент облыстарының дерлiк аумағын және Қызылорда мен Жезқазғанның, Семейдiң солтүстiк атыраптарын бiржолата бауырына басуды ойлаған қалмақтар аталмыш алаптарда 25-30 жылдай, ал Жетiсуда 50-60 жылдай орнығып, үстемдiк құрды. 1725-40 жылдар арасында бiр ғана Ташкентте үш рет жойқын соғыс болған. Қазақтар Ташкенттi үш рет азат етiп, үш рет қалмақ иелiгiне уақытша қалдырған. Бөген, Шаян, Қостұра, Төрткүл, Түлкiбас, Қасқасу, Қазығұрт, Арыс, Шолаққорған аймақтарында «Қалмақтұрған», «Қалмақтөбе», «Қалмақсай», «Жоңғарсiлтi», «Жоңғарсiлем» деп әлi күнге дейiн аталатын төбе-жазықтардың атауы сол кезден қалған. Айтпақшы, 1726 жылы қазақ көсемдері қалмақ басқыншыларына шешуші соққы беру үшін Оңтүстіктегі Ордабасы жерінде айтулы жиын өткізген. Бұл уақиға да, біздің өлкеміздің қазақ тарихында қаншалықты маңызды рөл атқарғанының тағы бір жарқын көрінісі.
Қалмақтар оңтүстік өңірден 1745-46 жылдары түпкiлiктi түрiлген. Қалмақ кеткен соң Алатау мен Өгем, Қосмола мен Шыршық, Ташкент пен Келес, Созақ пен Қаратау, Әулиета мен Шу  маңайында қырық жылға созылған қазақ-қырғыз қақтығысы өршiген. Ақиқатында, бұл екi бауырлас халықтың қақтығысы 1740 жылы Ташкент төңiрегiнде басталған. 1740 жылдары басталған бұл қақтығыстың ақыры үлкендi-кiшiлi майданға ұласып, оған Барақ, Бердiқожа, Ақпан, Сұраншы, Жәпек сияқты айтулы батырлар мен Абылай сұлтанның араласуына тура келген. Қырғыз шапқыншылары да қалмақтар тәрiздi Оңтүстiк халқына көп жапа шектiрген. Тек 1779 жылы қазақ қолдарын басқарған Абылай ханның Меркі жеріндегі «Жайыл қырғыны» деген атпен қалған соғысынан кейiн ғана екi ел бiраз тынышталып, қазiргi шекаралары айқындалған.
Қазаққа мейлi Бұхар-өзбек болсын, Моғолстан болсын, қалмақ болсын, ең ақыры қырғыз болсын, шабуыл жасағанда олардың қайсысы болмасын, бiр-ақ мүдденi – қазақ жерiн иелену мақсатын алға қойған.
Қалмақ заманынан 1860 жылдарға таман орыс отарлаушылдары келген уақытқа дейінгі аралықта оңтүстiк өлкесi (бұған Жетiсу да қосылады) сырт қараған адамға  бейтарап, бейбiт кезеңде болғандай көрiнедi. Әсілі, олай емес. Ташкент айналасы мен Оңтүстiк қазақтары қалмақтан кейiн қырғыз және әбден күшейген, Орта Азияда іргелі үш хандықтың біріне айналған Қоқан хандығының басқыншылығына ұшыраған. 1798 жылы Қоқан ханының көмегiмен қашғарлық ұйғыр Жүнiсқожа Төле бидiң баласы Қожамжардың билiгiндегi Ташкенттi тартып алады. Артынша қоқандықтар өзiнiң жақтасы Жүнiсқожаны талқандап, Ташкенттi хандық иелiгiне қаратады. 1800 жылдан бастап өз жерлерiн кеңейтудi әрi оңтүстiк қазақтарының  байлығына ие болуды ойлаған Қоқан ханы Әлiм 1808 жылы Шымқалаға 20 мыңдық қолмен шеру тартады. Ортақ көсемi жоқ, әр руы өз билерiне ғана бағынышты қалыпта бытыраңқылыққа түскен оңтүстiктiң қазақтары қоқандықтарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмайды. Әлiм хан айналасы екi-үш жылдың iшiнде Шымқаладан бастап, Түркiстан, Жаңақорған, Созақ, Саудакент, Әулие ата, Ұзынағаш, Сарысу төңiрегiн және бүкiл Қырғыз жерiн тұтасымен жаулап алады. Содан 55 жыл бойы Оңтүстiк Қазақстанда емiн-еркiн билiк құрады.
Бiздiң қазiргi ұрпақтардың көпшiлiгiнiң санасында өткен ғасырларда қазаққа қалмақтан басқа дұшпан болмағандай ұғым орнығып қалған. Сол үшiн де базбiреулер қазақтың қырғыз бен қоқан басқыншыларына қарсы күрескен кейбiр батырларын қалмақ заманының қаһарманы етiп көрсетiп, шатасып жүр. Ақиқатына келгенде, Қоқан басқыншыларының қазақтарға көрсеткен зұлымдығы қалмақтардың қиянатынан асып түскен. Қоқандықтар қазақтарды қырып-жоюдың хайуандық тәсiлiнен бөлек, халыққа он екi түрлi салық салған. Бұл салықтар халықты күйзелтiп қана қоймады, моральдi тұрғыдан да азып-тоздырды. Осыған байланысты жер-жерде жекелеген батырлар топ құрып, қоқандықтарға дүркiн-дүркiн шабуылға шығады. Бiрақ бiрiгiп, күштi әскер құра алмаған топтар үнемi жеңiлiс тауып отырады.

Момбек ӘБДӘКIМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан
педагогика
академиясының
профессоры
(Жалғасы бар)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.