Шырайың арта берсiн, көне қала – Шымқала!

Пятница, 23 Октябрь 2015 12:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5638 раз

Облыс орталығында Қала күні мерекесі кеңінен атап өтілді

Ақындардың өлең-жырына, сазгерлердің әуеніне арқау болған шырайлы Шымқаланың тұрғындары биыл алғаш рет Қала күнін апта бойы кең көлемде тойлады. Атап айтсақ, 10-17 қазан аралығында өткен мерекенің бірінші күні «Жаңару мен тазалық», екінші күні «Саламатты өмір салты күні», үшінші күні «Болашақтағы Шымкент», төртінші күн «Шымкент – достық мекені», бесінші күн «Ғасырлар тоғысындағы қала», алтыншы күн «Шуағын шашқан – Шымқала» айдарларымен аталып өтілсе, жетінші күн «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында тойланды.

Береке-бiрлiкке бастаған мереке

shyrain arta bersinҚазанның 17-інде, яғни қала күнінде Шымкентте ауа райы құбылып, ақ жауын себелеп тұрды. Десе де, бұл күні барлық саябақтармен қоғамдық орындарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қала халқы мәре-сәре күй кешті.
Мереке таңғы сағат 9-да орталық ипподромда басталды. Онда ұлттық ойындарымыз ұлықталып, теңге ілу, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру, конкур сынды сайыстардан жарыс ұйымдастырылды. Күннің жауын-шашын болғанына қарамастан мерекелік шараны тамашалауға келгендердің қатары көп болды.
«Наурыз» алаң-ындағы мерекелік шара Қала күні мерекесінің одан әрі ажарын ашып, қыздыра түсті. Мұнда Оңтүстік Қазақстан облысының аудандары мен жоғарғы оқу орындары 15 киіз үй тігіп, концерттік бағдарламаларын көрсетті.
Осы маңдағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің алаңында түстен кейін «Алтын күз» фестивалімен айшықталды. Сондай-ақ мұнда «Шығыс базары» үлгісіндегі этноауыл сауда қатары ұсынылып, қазақтың ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Осы шараға арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен шаһар басшысы
Ғабидолла Әбдірахымов этноауылдағы киіз үйлерді аралап, қазақы дастарханнан дәм татты.

Қала күнiне – 550 келi тәтті «чак-чак»

shyrain arta bersin 2Бір қызығы, Қала күнінде жұртшылықтың жанын жадыратып, мерекелік көңіл күйге бөлеген ерекше тартулар да болды. Көпшілікке деген сондай сый-құрметтің бірі – «Мадлен» кондитерлік фабрикасының кондитерлері пісірген тәтті чак-чак. Салмағы 550 келілік тәтті нан Қала күніне және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып дайындалған екен. Оны әзірлеу  үшін 250 келі ұн, 170 келі бал, 170 келі құмшекер, 4000 дана жұмыртқа, 300 литр май жұмсалыпты.
Қала тұрғындарына арналған мерекелік шара кешкілік «Түркістан» сарайындағы гала-концертпен жалғасты. Онда ресейлік «Бандерос» пен қазақстандық «Формат» топтары және тағы да өзге отандық әншілер өнерлерін көрсетті. Қызыққа толы көңілді кешті қала халқы ғана емес, бүкіл оңтүстікқазақстандықтар тікелей эфир арқылы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтынан тамашалады.

«Таза  қала» байқауының  жеңiмпаздарына – 200 мың теңге

«Түркістан» сарайындағы салтанатты шараның ашылуында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов шаһар тұрғындары мен қонақтарын атаулы күнмен құттықтап, оңтүстікқазақстандықтарды болашақ үшінші мегаполисті бірге көркейтуге шақырды. Сондай-ақ жиында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов та тұрғындарды құттықтап, өз лебізін білдірді.
 Осы шарада Шымкент қаласы әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы ұйымдастырған «Таза қала» атты төрт айлық байқаудың жеңімпаздары да марапатталды.
shyrain arta bersin 1Аталған байқауға қаладағы 4 ауданнан 169 аула мен 75 көше қатысқан болатын. Байқаудың қорытындысында қаламыздың төрт ауданындағы үздік деп танылған аулалар мен көшелердің жеңімпаздарына осы шара барысында 200 мың теңге ақшалай сыйлық және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Ал «Үздік аула» және «Үздік көше» номинациялары бойынша жүлделі ІІ орын иелеріне 150 мың теңге, ІІІ орын иелеріне 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығы бойынша 50 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Жеңімпаз иелеріне келсек, «Үздік аула» номинациясында Абай ауданы бойынша Республика даңғылы, 20 үйдің тұрғыны, ауланың тазалығына белсене қатысқан №23 мектеп лицейдің 2 сынып оқушысы Әмірханұлы Мұхаммедазиз марапатталды. Дәл осы номинацияда жеңімпаздар биігінен көрінгендердің қатарында Әл-Фараби ауданы бойынша №6 орта мектептің 5 сынып оқушысы Асадбек Юсупов (Әлия Молдағұлова көшесі, 4а үй), Еңбекші ауданы бойынша №65 орта мектептің 5 сынып оқушысы Асылжан Ерботаева («Теріскей» шағынауданы, 50 үй) және Қаратау ауданы бойынша №80 мектептің 5 сынып оқушысы Нұркелді Берікболсын («Нұрсәт» шағынауданы, №75 үй) болды.
Ал, «Үздік көше» номинациясында Абай ауданы бойынша «Жайлау» шағынауданындағы Алғи Тойшыбек көшесі, Әл-Фараби ауданы бойынша Суворов көшесі, Еңбекші ауданы бойынша Ақсу көшесі және Қаратау ауданы бойынша «Асар» шағынауданындағы №6 көше үздік деп танылды.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.